Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетіне келесі жылы 110 жыл толады! Газет тарихы оның кешегі сарғыш тартқан, бүгінгі жаңарып, жаңғырған беттерінде тұр. Басы – қазан төңкерісінің алдындағы 1917 жылдың шілдесі.
Дәл сол жылы, сол шіліңгір жазда қазақтың арда туған біртуар перзенті әрі аңсұңқар ақыны Сәкен Сейфуллиннің жетекшілігімен Арқа бойында «Тіршілік» газеті шыға бастады.
Бұйығы жатқан қазақ даласына білім мен ілімнің, руханияттың алғашқы лебін ала келген «Тіршілікті» Сәкеннің өз сөзімен айтсақ, бас жазушысы Рақымжан Дүйсенбайұлы бірге шығарысты. Бұл күнде редакция ғимаратының сырты мен ішінде тұрған үш мемориалдық тақта өткеннің өшпес сипатындай, осы тұсқа көз салған талай жанның жүзін өзіне бір қаратпай қоймайды. Кейде өзіміз де қасынан сан мәрте өтіп жүріп, сырласқандай, мұңдасқандай көз алмай тұрып қалатынымыз сірә, кешегі «Тіршілік», бүгінгі «Арқа ажарымен» ойымыз да, көксеген мұратымыз да бір болып кеткенінен-ау.
Иә, бүгінгі газетіміз кешегі Сәкен шамшырағының тарихи заңды жалғасы! Арада заман ағымы, дәуір қалыбына сай сан түрлі болып өзгерген газет атауы, осы басылым тізгінін ұстап, ісін жүргізген небір тау тұлғалар, жақсы-жайсаңдар жатыр. «Арқа ажарының» түп-тұқиянынан осы күнге дейінгі аса бір ынтызарлық, өткендер рухына адалдықпен қолымыздан келгенше архивтен, ауызекі әңгімеден, бұрынғылар мен бертінгілер естелігінен жиып-терген бар тарихы 2012 және 2017 жылдары баспа жүзін көрген «Тіршіліктің үзілмейтін ғұмыры» және «Тіршіліктің ғасыры» атты екі кітапта жатыр. Газеттің 95 және 100 жылдық мерейтойларына арнап шығарылған бұл жинақтарда «Арқа ажарымен» бірге жасап, біте қайнасқандардың аталы сөзі де, баталы сөзі де тұнып тұр. Газеттің тарихын, шежірелі өткенін білгісі келген үлкенге де, жасамысқа да осы кітаптарды қолына алса, «Арқа ажарының» бар сырлы әлемі, ұлтымыздың бүгінгі таңдағы аға газеті – «Егеменнен» де үлкендігі бар, бір ғасырдан астам жарқын ғұмырының дәлел, айшығы ашылып сала бермек.
Басылымның осы бүгінгі қалпына жетуіне, талай тар жол, тайғақ кешулерден өтіп, қасаң саясат пен кері заман көлденең тартқан өктемдіктермен тіресіп, елі, халқымен бірлесіп, өзін-өзі танымал етуіне, әрине, төгілген қисапсыз терде, қалам құдіретімен өмірге келген сансыз дүниелерде есеп бар ма?! Әр кезең, әр жылдарда облыс, өлке басшылығының, шығармашылық ұжымның сенімімен басылымды өрге жетелеген бертінгі бас редакторлар Уәра Нұрсейітов, Сапаржан Хайдаров, Әнуар Ипмағамбетов, Ибраһим Қапаров, Әмірғали Нүркішев, Октябрь Әлібеков және Жомарт Әбдіхалық ағаларымыз осы төл газетіміздің өркендеп-өсіп, өрісінің кең құлаш алуына қолдан келгеннің бәрін жасағаны қапысыз шындық. Өйткені, газет артында бір аймақтың идеологиялық-ақпараттық тыныс-тіршілігі, оқырман сұранысы тұрғанда, басқаша болуы мүмкін емес.
Осылай дегенде, бұл сөзімізге тағы бір екпін түсіргіміз келетіні, күні кеше Ақмола облысының әкімшіліктік-аумақтық орталығы Көкшетау қаласына көшірілгенде, газеттің бұл жақта да кідірмей шығуына, осы бір көшіп-қонудан басы-қасындағы қызметкерлерінің жеке мүдделерінің аяқасты болмауына да сергек ой, сезімтал жүрек, үлкен жанашырлық керек еді. Соның бәрін екі жақты тең ұстап, тап-тұйнақтай етіп орнына келтіріп, азаматтық үлкен парызды салиқалы түрде өтеп шыққан жаңа бас редактор Жабал Ерғалиевтің жеке еңбегін қалай бөле-жара атамассыз.
Осы алмағайып ғасыр иіні, тынымсыз уақыт легінде «Арқа ажарының» жылнамасына жүздеген тілшілер еңбегі баянды шежіре болып жазылды. Олар қашан болсын, теріскейдің ғана емес, қазақ елінің белді басылымында еңбек еткенін мақтан тұтты, күн-түн демей, бір абырой, бір мақсат жолында қоян-қолтық қатар жүріп, қатар шыңдалған өзге қаламдастарымен бірге, осы газеттің олқы соқпас бет-бейнесін, кескін-келбетін жасады.
Содан да болар, кешегі «Тіршілік», «Жаңа Арқа», одан былайғы атаулары кезіндегі газет жанашырлары, қызметкерлерінен бастап, күні бүгінгі қаламдастарымыздың да бәріне ризамыз. Осы соңғы жылдар бедерінің өзінде қаламының икемі бар ондаған жастар «Арқа ажарының» мектебінен өтті. Газет жұмысы оңай емес. Ол өзіне шын берілуді, жатсаң-тұрсаң соны ойлап жүруді, үнемі ізденіс, шығармашылық ширығуда болуды талап етеді. Оған шамасы жетпегендер, бұл қасиетті шаңыраққа кездейсоқ келіп, жеңілдің асты, ауырдың үстімен жүргісі келгендер, әрине, ондайға шыдай бермейді. Дегенмен, бұған өкініш жоқ.
Қазір «Арқа ажарында» қатары аз болса да, саз еңбек етіп жүрген осы мамандықтың шын иелері бар! Солар кешегі өзі жоқ болса да, газет бетінде тасқа басылған жалынды сөзі қалған Әскен Нәбиев, Мәди Хасенов, Ілияс Қарағозин, Жұмабай Есекеев, Жарасбай Нұрқанов, Төлеген Қажыбай, Амангелді Жұмабек, Амантай Кәкен, Дәуренбек Шөрентаев, Жылқыбай Жағыпаров, Тоқтар Баймағамбетов сияқты ағаларымыздың баспасөз саласындағы ақадал ізін алға жалғастырып, ертеңгі күннің бедеріне апарушылар. Енді тек ортамызда жүрген, әр кезде «Арқа ажарының» һәм тірекшісі, тілекшісі болып табылатын ауыздары дуалы Рахия Әлібекова, Нағима Қойшыбай апаларымыздан бастап, Бәдуан Имаш, Советбек Мағзұмов, Мағжан Садыханов, Байқал Байәділов, Төлеген Қосшығұлов, Талғат Қасен, тағы басқа да аға-апаларымыз, замандастарымыз аман болсын.
Алда келе жатқан «Арқа ажарының» 110 жылдығын да бұйырса, келесі жылы аттары аталған, аталмаған осы газет майталмандары, ардагерлерімен бірге көреміз деген ниеттеміз.
Иә, сонау 1917-інің үлкен жаһандық тарихи оқиғасы алдында қазақтың тыныс-тіршілігіне демеу бола келіп, бүгінгі «Арқа ажарымен» екінші ғасырлық ғұмырын жалғастырған төл басылымымызға қазірдің өзінде 109 жыл толып отыр. Келер жылы қазақ баспасөзіндегі бұл айтулы оқиға да атаусыз қалмай, көзге еленер. Сөйтіп, сана біткенді бір селт еткізер Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні, бәлкім одан кейін «Арқа ажарының» да бір тойы болып, есте қалар!
Қайырбай ТӨРЕҒОЖА,
бас редактор.
![]()

