ЕЛ МЕН ЖЕРІҢДІ ТАНЫ
Мен қазақ даласының төрт құбыласын түгел аралап, қойнауындағы баға жетпес байлық – қазынасымен түгел таныстым. Асқар Алатау, қарт Қаратау шыңдары, көк тіреген Алтайдың зәулім таулары, Арал, Балқаш, Зайсан, Алакөл тәрізді ақ айдындары мен Ертіс, Баянауыл, Қарқаралы, Зеренді тәрізді көркем табиғаты көз қуантатын, сулы да нулы, құнарлы аймақтарды, жасыл шалғыны белуардан келетін шет-шегі жоқ, масатыдай құлпырған далаларды, Қызылқұм мен Қарақұм тәрізді безірейген шөлдерді түгел дерлік аралап, тылсым табиғатымен танысып, әр белесі мен әр төбесінің астында бұғып жатқан, уақыт шымылдығы көлегейлеген қисапсыз рухани байлығымыздың, жаныңды жадыратар нәрін тұшына сезініп, азық еткен жанмын.
Санамен салмақтап қарасаңыз, туған жеріміздің төскейі қаншалықты бай десеңізші. Ұшқан құстың қанатын, жүгірген аңның тұяғын тоздыратын Алтайдан Атырауға дейінгі сайын дала кейінгі ұрпаққа тамаша тағылым, өшпес өнеге беретін, қисапсыз аңызға мелтектей тұнып тұр. Бүгінгі ұрпақ өңірдің өткенінен, төл тарихынан тағылым алатын болса, кемелденіп, толыса түсер еді. Бұл жазбаны жазудағы басты мақсат та – өз еліміздің рухани байлығы. Сол қазынаны уақыт қойнауынан аршып алып, жақұттай жарқыратып көрсетсек, кейінгі ұрпақтың еңселі елге, қасиетті топыраққа деген перзенттік махаббаты лаулай түсер ме еді.
Сәуір айының басында ғасырлық тарихы бар Ақсу-Жабағылы қорына барып келдім. Ол жердегі тәлімді, тағылымды дүниені жырлап тауыса алмас едіңіз. Таңғажайып табиғаттың терезесін ашсаңыз, ар жағынан сәукелесінен сыр лебі есетін ғажайып дүниенің дидары көрінер еді. Жалаң сұлулық қана емес, шындықтың шырайын келтірген дүниелер. Осы сапардан соң қарт Торғайдың қазынасын көрсем деген ой көкейімнен кетпей қойды.
Торғай өңірі туралы елден естіген, оқыған дүние аз емес еді. Бірақ көзбен көргенге не жетсін. Қостанай облысының Амангелді ауданының тумасы Мұсабек деген азаматпен танысып, көкірегімді қоламтаның шоғындай қыздырып жүрген мақсат-мұратымды айттым, қабыл алды. Ат мінгізгендей қуандым. Көп дүниені көкірегіне кестелеп жинаған Мұсабек бауырым аты Торғай болғанмен, қырандардың мекеніне айналған киелі өлкенің кең жазира жайлауларын, арнасынан асып, тасып төгіліп жатқандай әдемі әсер беретін күміс көлдерін, құм көшіп жататын жалпақ жолдарын сипаттаған кезде, әлдебір шебер суретші кенепке салған көркем сурет тәрізді көз алдымда қылаң беріп, ынтызарлығымды өршіте түсті.
Мағыналы мақсат тізгінімізден жетектеп, қарт Торғайдың қойнауына сүңгіп кеттік. Алғашқы ат басын бұрған жеріміз – Торғай. Қостанай қаласы арқылы жол бағытын белгіледік. Қостанайдан Әулиекөл, бұрынғы (Семевечный) арқылы Амангелді ауданына жол тарттық. Қашықтық 400 шақырым төңірегінде. Бейтаныс жердің бағдары да сырға толы. Атақты Әулиекөл көлі көз ұшына ілінгеннен кейін, біресе жоғалып, біресе қайтадан оралып, жолаушыны арбап отыратын тәрізді. Жапан түздегі күміс тостағанға құйған Зәмзәм суы тәрізді көлдің аты Әулиекөл болуы тегін бе? Бір өкініштісі, осыдан 3 жыл бұрын осы өңірді өрт шалыпты. Қызыл жалын кімді аясын?! Өкпек жолаушыға қара жолдың бойындағы бұтағын от шалған ағаштар мұны айтып тұрғандай. Табиғатқа көрсеткен тағылықтың зардабы қашан қалпына келер екен?! Қызыл жалынның қырсығы тиген даланың дидарына қарап отырып, атам қазақтың: «Оттан, судан сақтасын», – деген жалғыз ауыз сөздің астарындағы атан түйеге жүк болатын мазмұнды ұққандаймыз.
Ен даланың бойына бажайлай көз салсаң, ен байлықтың, ел енсесін тіктер несібенің ишарасын көресің. Аттанар жағында, қамшылар жағында да толыса піскен ақық дән. Мыңғырған ақтылы мал. Келе жатып, көркем өлкенің кереметін Көкшетаумен салыстырамыз. Амангелді ауданы 1936 жылға дейін Батпаққара ауданы болған. Негізінде әр перзент туған жердің топырағынан нәр алып, есейіп, еңселеніп өспей ме? Құтты өлкенің Алашқа аты шыққан, халқына қорған болған, ұлтының ертеңін ойлаған перзенттері де аз емес. Аты аңызға айналған Амангелді Иманов, Кейкі батырларды кейінгі ұрпағы ұмытпай, аруағына тәу етіп жүреді. Кейкі батырдың шын аты – Нұрмағанбет Көкембайұлы. Осы ауданның Байтұм деген жерінде туған. Руы – Қыпшақ.
Тарихта асқан батырлығымен, құралайды көзге атқан мергендігімен танылған, ел үшін жан берген, еңіреп туған ер. Қынадай қырылған елдің үстіне үкімет орнатпақ болған қызыл әскерлер қолға түсіріп, туған жерден жырақта өмірден өткен. Батырдың басын 1923 жылы Петербургке жіберген. Кейін Қазақстан Үкіметі және венгрлердің қолдауымен 2016 жылы мәйітін елге әкеліп, жер қойнауына табыстаған. Қазір үлкен мавзолей салынған.
Ертесінде Амангелді ауданының орталығынан 160 шақырым жердегі Торғайға бет алдық. Аудан орталығынан 50 шақырымдай жерде, Абай ауылының жанында көшпелі құмдардың әсерінен пайда болған бархандар бар екен. Құтты араб еліндегі құм таулар тәрізді. Бір ғажабы, бір қылтанақ кездеспейді.
Айналасы 1-2 сағатта Торғайға да жеттік. Бұл жерде тылсым сыры тұнып тұрған археологиялық ескерткіштер көп. 2007 жылы табылған, ғарыштан түсірілген суреттер арқылы бейнеленген. Әсіресе, 3 метрлік свастика қылаң береді. Ұсақ тастар арқылы жасалған іспетті. Торғайлық геоглифтар бұлар үлкен геометриялық кескіндер мен фигуралар деп насихаттауда. Табиғаттың тылсымы аз ба? Қалай жасалғандығы жұмбақ.
Аудан орталығында 4 мұражай бар екен. Шақшақ Жәнібек батырға, Ахмет Байтұрсыновқа, Ыбырай Алтынсаринге, Әліби Жангелдинге арналған. Осы өңірде қазақтың небір ұлы тұлғалары дүниеге келген. Арқалы ақын, ағартушы ғалым, реформатор, публицист Ахмет Байтұрсынов, Алаштың асыл перзенті Міржақып Дулатовтардан сабақталған ұлы көш – Ғафу Қайырбеков, Сырбай Мәуленов, Төлен Әбдіков, қазақтың тұңғыш журналист қызы Нәзипа Құлжанова, мемлекет қайраткерлері Кәрім Досжанұлы, экономист ғалым Кенжеғали Сағадиев, белгілі банкир Ғалым Байназаров тәрізді көрнекті азаматтар шыққан. Сайып келгенде, бұл азаматтар Торғайдың ғана емес, алты Алаштың мақтанышы.
Шақшақ Жәнібек мұражайында мағына мен мазмұнға толы жәдігерлер көп екен. Орта жүздің атақты биі Жәнібек 1693 жылы Торғайда туып, ел қорғаған батыр ретінде танылған. Іргедегі Ресейден осы өңірді алып қалуға көп еңбегі сіңген адам. Атасы – Шақшақ Есім ханның бас батыры болған. Мұражайда 500 жылдық тудың үзінділері де сақталыпты.
Торғайдан шығып, Қаратұз көліне бет алдық. Көл Торғайдан 120 шақырым жерде орналасқан. Ақкөл ауылынан 20 шақырымдай жерде. Жолы өте нашар екен. Ал көл – табиғаттың бір сөзбен сипаттауға келмейтін ғажайып тартуы. Аппақ тұзбен қапталған тәрізді. Тұздың қалыңдығы шамамен 50 см шамасында. Кей жерлерінде 1 метрге дейін жетеді. Тұзды көлдің бетінде көліктің ізі сайрап жатыр. Әттеген-ай дедік іштей. Көл бетінде көлікпен жүруге болмайды деп жазып қойса, кіреуке түспес еді. Көлдің үлкендігі 1,5-3 шақырым. Әр жерінде табиғи көздері бар. Көздің тереңдігі 14-20 метр шамасында. Сол жерде суға түсуге болады. Суы салқын. Былай қарағанда ештеңе көрінбейді. Жергілікті жұрттың айтуына қарағанда, көл тереңдігі 20 метрге жетсе керек. Әлгі біз сипаттаған ойықтар біраз уақыттан соң өзінен-өзі жабылып қалып, басқа жерден ашылады екен. Осы арада екпін түсіріп айта кететін бір жай: егер инфрақұрылымдарын мықтап жасаса, туризмді түлетуге болатын өңір екендігі айтпаса да түсінікті. Біз көл жағасында болғанымызда, бір шеті Астанадан, бір шеті Рудныйдан келген көліктер көзге түсті. Біз Көкшетаудан келдік десек, әлгі бейтаныс адамдар таңғалады. Көлдің қасиеті туралы да тілге тиек ете кетейік. Тұзды су микроэлементтерге өте бай. Әсіресе, адам буындарына пайдалы. Көлден қайтып келе жатқанда 30 шақырымдай аралықта жер астынан шамамен 70 градус төңірегінде қайнап шығып жатқан ыстық суға кезіктік. Сөйтсек, кешегі Кеңес заманында жер қойнауын барлаған геологтар ұңғыма қазған кезде пайда болды деседі. Ыстық судың басында ваннасы тұр. Келушілер сәл суытып алып, түсіп жатыр. Жақсыны көрмекші деп, біз де түстік. Бальнеологиялық классификациясы бойынша йод-бромды минералды су екен.
Шіркін, осы жерлерге таспадай жол салып, қолайлы жағдай тудырса, қаншама адам табиғат қойнауындағы қазынаның игілігін көрер еді.
Мағауия РАХЫМБЕРГЕНОВ,
еңбек ардагері.
![]()

