Игі шара
Бүгінгі күні Ақкөл ауданының Амангелді ауылының жас жағынан үлкенімін. Ақсақалдық жасқа келгеннен кейін өзіңнің қарабасыңмен қоса, еліңнің жағдайын, келешегін ойлау табиғи заңдылық па деп ойлаймын. Ауылымыздың жағдайы қазір тығырыққа тіреліп тұр.
Осы ғасырдың басында 60 түтін түтетіп отырған ауылда қазір 30 шақтысы ғана қалды. Еліміздің солтүстік өңірінде қазақ ауылдары жаппай жабылып жатыр ғой. Соның күйін кеше ме деген қауіп бар.
Өткен ғасырдың аяқ кезінде ауданның білім саласын басқарып жүргенде аудандық атқару комитетінің төрағасы А.В.Смолинмен Сілеті ауданында біраз жылдай қызметтес, Урюпин кеңшарының басшысы В.П.Сингермен жақсы қарым-қатынаста болғанымды пайдаланып, кеңшардың есебінен екі қабатты мектеп ғимаратын салғызып бергенмін. Сол мектепте қазір отызға жетер-жетпес қана оқушы бар. Мектеп жабылса, aуыл біртіндеп жабылатыны заңдылық. Мектептің жабылмауын ойлап, әртүрлі шаралар жүргізіп жатырмыз. Аудан әкімінен ауылға келгендерді жұмыспен қамтуды, ал, мәслихат төрағасы, жерлесіміз Сағындық Шәкірұлынан келген қандастарды немесе оңтүстік өңірден қоныс аударғандарды ауылға орналастыруға көмектесулерін сұрап жатырмыз.
Жалпы, ауылымыздың тұрған жері өте тамаша. Жағалай орман, өзені бар. Елімізде туризмге ерекше көңіл бөлініп жатыр ғой. Сондықтан, біздің ауылдың аумағындағы орман алқаптары мен өзен бойында демалыс орындарын ашуға болады. Біздің жерлестеріміздің көбі Астана қаласында тұрады. Солардың басын қосайық деген ниетпен ауылдың бес-алты азаматын жинап, ақылдастық. Биыл Ораза аяқталып, Наурыз мейрамы басталатын кезеңге жерлестеріміздің басын қосуға келістік. Сөйтіп, Кұрманғали Смағұлұлы мен Мұрат Көсембаев деген жігіттердің ұйымдастыруымен қырық шақты азамат бір уақытта жиналдық.
Содан Наурызда жерлестермен кездесіп қауыштық, одан әрі ауылымыздың жағдайын талқыладық. Кездесудің бағдарламасы бойынша алдымен аруақтарға құран бағыштап, кейін Ұлыстың ұлы мейрамын атап өттік. Kездесуді Құрманғали Смағұлұлы жүргізді. Ішімізде жасы 100-ге таяған Әския жеңгемізге құрмет көрсетіп, қазақы дәстүрмен жөн-жоралғысын жасадық. Ораза айты мейрамының құрметіне, әрі Наурыздың басталуына мол дастархан жасалып, дәм таттық. Елдің тойы болған соң, ауылымыздың жастары домбырамен күй шертіп, әндер шырқады. Ауыл адамдары бір-бірін көріп, арқа-жарқа, мәз-мейрам болып, жақсы тілектерін айтып, ауылдың болашағына олар да алаңдайтындарын жеткізді. Халқымызда «ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл кешпейді» деген жақсы сөз бар ғой. Осылайша, келген жерлестеріміздің басым көпшілігі өздерінің ізгі тілек-лебіздерінде ауылды сағынатындарын, ауылдағы балалық шақтарын естеріне алып, туған жерлерін сақтап қалуға өздерінің шамасы келгенше қол ұштарын беретіндіктерін айтты.
Мен өзім жайында айтатын болсам, ауылымнан, ауданымнан осы күнге дейін қол үзген жоқпын. Елде өткізіліп жатқан шараларға белсенді қатысамын. Солардың бір-екеуін атап өтсем, соғыс кезінде ұжымшарды жақсы басқарып, жаланың құрбаны болған Бәуке Кұлмағамбетовтың ақталуына, жазушы-жерлесіміз Жайық Бектұровтың есімінің ауданымызда мәңгілікке қалуына, Кеңес Одағының батыры, жерлесіміз Сағадат Нұрмағамбетовтың ескерткішінің аудан орталығында бой көтеруіне, бәрімізге ортақ бейбіт күннің батыры атанған Жұмабек Тәшеневтің үлкен тарихтан өз орнын алуына аз да болса, өз үлесімді қостым деп ойлаймын.
Жер шарының қай түкпірінде жүрсек те, ауылымызға, туған елімізге қамқорлық жасay әpқайсымыздың ортақ парызымыз екенін ұмытпайық.
Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
Ақкөл ауданының Кұрметті азаматы.
![]()

