Сақтансаң – сақтар!
Көкшетауда су айдындарындағы жазатайым оқиғалардың алдын алу және тұрғындар арасында қауіпсіз демалыс мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Қауіпсіз жағалау» атты кең көлемді профилактикалық акция ұйымдастырылды.
Ауқымды шараға қалалық прокуратура қызметкерлері, Полиция және Төтенше жағдайлар басқармасы, жергілікті әкімдік өкілдері мен жедел медициналық жәрдем станциясының мамандары қатысты. Жауапты мамандар демалушыларға су бойындағы қауіпсіздік қағидаларын егжей-тегжейлі түсіндіріп, арнайы дайындалған ақпараттық жадынамаларды таратты.
Қауіпсіздікке ерекше назар аударылған акцияда балалар үшін арнайы профилактикалық дәрістер өткізіліп, онда су айдындарында өзін-өзі ұстау ережелері, төтенше жағдай туындаған сәттегі іс-қимыл тәртібі және жазғы демалыс кезінде сақтық шараларын қатаң сақтау қажеттілігі баяндалды. Бұдан бөлек, акция аясында жағалау аумағы қоқыстан тазартылып, экологиялық шараға ұласты. Мамандар демалушыларға тазалықты сақтаудың, қоршаған ортаға ұқыпты қараудың және демалыс аяқталған соң артында қоқыс қалдырмаудың маңыздылығын ескертті.
Судағы қауіпсіздік пен жағалаудың тазалығы – әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін ұмытпаған абзал.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

