«Бір ауыл – бір өнім» көрмесі өтеді

Кәсіпкерлікке – кең өріс

Осы жылдың 20 тамызы күні Көкшетау қаласында өнімдерін жергілікті шикізаттан өндіріп, ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамытып отырған кәсіп иелерін қолдауға бағытталған «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында көрме өтеді. Жыл сайын бұл көрме осы жобаға қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырып келеді.

Бүгінгі таңда Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасы Көкшетау және Қосшы қалалары мен Астрахан, Ақкөл, Аршалы, Бурабай, Егіндікөл, Қорғалжын және Целиноград аудандарының тұрғындарынан көрмеге қатысу жөнінде 40 өтінім келіп түсті. Өтінімдер 20 тамызға дейін қабылданады.

Көрмеге қатысушылар арасында табиғи жергілікті шикізатты пайдаланатын кәсіп иелерінің өнімдері ерекше орын алады. Олар көрмеге жүн мен киізден жасалған бұйымдарды, ұлттық киімдер мен тұрмыстық заттарды, кәдесый өнімдерін, сондай-ақ, дәстүрлі қолөнерді заманауи дизайнмен ұштастыра білген тауарларды ұсына алады. Дәл осындай жобалар «Бір ауыл – бір өнім көрмесінің негізгі идеясын – Ақмола облысының өзіндік ерекшелігін айшықтайтын бірегей өнім өндіруді айғақтай түседі.

Көрме қонақтары осылайша жергілікті тауар өндірушілердің кең ауқымды өнімдерімен таныса алады. Ұсынылатын жобалардың ішінде нан-тоқаш, ет және сүт өнімдері, жартылай фабрикаттар, зергерлік бұйымдар, тоқыма бұйымдары, ұлттық киімдер, музыкалық аспаптар, интерьерлік ойыншықтар, жиһаз, жуғыш құралдар және жергілікті шикізат негізінде өндірілген басқа да көптеген тауарлар бар.

–Бұл «Бір ауыл – бір өнім» жобасы кәсіпкерлерге өз өнімдерін халыққа таныстырумен қатар, бизнестерін одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. Іріктеуден сәтті өткен көрме қатысушылары өнімдерінің дизайны, қаптамасы және оны нарыққа жылжыту мәселелері бойынша тиісті қолдауға ие болады. Осы жоба жүзеге асырылып жатқан жылдар ішінде талай кәсіпкерлер түрлі байқаулардың жеңімпаздары атанып, мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізді. Осының арқасында Ақмола облысын республикалық және халықаралық көрмелер мен конкурстарда табысты таныта білді. Ал, мұның нәтижесі сол, көптеген шағын өндіріс орындары осылайша өз кәсіптерін кеңейтуге мүмкіндік алды, – дейді Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Мұсылманбек.

Сөз соңында айтарымыз, жалпы, осы көрме туралы қосымша ақпарат алу үшін кәсіпкерлеріміз Көкшетау қаласы, Абай көшесі, 96 мекенжайы бойынша немесе мына байланыс телефондары арқылы хабарласуларына болады: +7 707 520 9085 (Анар Сәниева), +7 778 335 8825 (Әділ Қаратаев).

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар