Өлгендер қайтып келмейді, көңілден және кетпейді…

Беу — дүние-ай!

Ей, тірілер! Өмір жоқ өлім барда,
Тілегім сол, соқпасын жолың жарға.
Қу тірліктің бағасын білгің келсе,
Көз қырыңды салып қой қорымдарға…

Талантты ақын, Серік Томановтың осы бір ауыз өлеңінде терең мағына жатыр. Өмірден кім өтпей жатыр, патша да, ғалым да, бай да, кедей де, қаңғыбастар да, маскүнемдер де, тағы басқалар да. Бірақ, олар кім болса да, сенің ата-анаң, туысың, досың, жерлесің, қызметтесің, тағы сол сияқты жақының, таныс-білісің.

Қай адамда да ата-ана бар немесе болды. Солар алдымен, көңіліңнен шықпайды, кейбір қылықтары көз алдыңа елестейді. Менің анам Хадиша Тұрарқызы да өмірдің еш қызығын көре алмай, 36 жасында дүниеден озды. Мен ол кезде он жастан асқан баламын. Есімде қалғаны, түнде күзетіп отырдық, мен ұйықтап кетіппін. Оянсам, ол кісіні оң жаққа салып жатыр екен. Шешеммен айырылғанымды сездім бе, қатты жыладым. Қайтарынан біраз күн бұрын әкем маған костюм-шалбар әкеліпті. Соны кигенімде қатты ауырып жатса да, қуанғаны әлі есімде.

Әкем Дәулетбек (Дәуеш) онша көп сөйлемейтін кісі еді. Қай мәселе болса да өз ойын айтатын да қоятын. Кейбіреулер сияқты өз балаларына өзеуремейтін. Анам қайтыс болғанда киімдерін көзін көрген кісілерге таратқанда көзіне жас алғаны есімде. Негізі еңбек адамы, жұмысын беріліп істейтін. Қайтарынан біраз күн бұрын үш айлық Динараны қолына алды. Қазір ойлаймын, ұрпағымыз тарамай ма деген ойда болды ма екен? Өйткені, үш қыз баламды  ғана көрді ғой. Мен мектепті бітіріп келгенде шай басында «Балам оқығың келсе оқы» деді. Осы сөз менің келешегімді шешті.

Бауырларым туралы айтатын болсам, үлкені Сақыбай апам денесі ісіп кететін аурудан жас кезінде қайтыс болды. Менің өте жас кезімде Оразақ деген інім туып, ол да ерте қайтыс болып кетіпті. Сақан қарындасым 1945 жылы дүниеге келді. Әкем баласы жоқ, немере інісі Балташқа берді. Ең бірінші, әкемнің қателігі осыдан басталды ғой  деп ойлаймын. Мәкіш жеңгем Сақанды бастауыш сыныптан кейін оқытпай қойды. 16–17 жасында тұрмысқа кетейін деп жүр деген сылтаумен үйге әкеліп тастады. Үйде жүріп жас мұғалім Қуандық Құсайынұлына тұрмысқа шықты. Одан жеті баланы дүниеге әкеліп, өсіріп, тәрбиеледі. Менің байқауымша, үй болған балаларының арасына түсіп, кейбіреулері айырылысып тынды. Ауылда ауыр қара жұмыстар істеп, жаман ауруға шалдығып,  60-тан жаңа асқанда дүние салды. Күйеуі Қуандық өз інім сияқты болатын. Көңілін қалдырмауға тырысатынмын. Соңғы уақытта арақ-шарапқа жақын болды. Жетпіс жастан аса дүние салды. Одан кейінгі інім Ермұхамбет үш жасында, анам қайтқан соң үш айдан кейін өмірден озды. Ыңылдап жылай беретін, сөйтсем ауру жанына батып жүрген екен. Он бір жасымдағы кезім, көбіне арқалап, көрші үйлерге, ауылға кыдыртатынмын.  Өгей шешем Салихадан Ерқан деген бауырым дүниеге келіп, ол да сәби кезінде дүние салды.

Әкемнің Тоқсанбай, Жексенбай, Дәрібай, Сарыбай, Алпыс, Кәрібай және Ырысбек деген ағалары, Жәкіш деген қарындасы болды.  Осы апам туралы айтатын болсам, ол кісіні 20-шы жылдардың ашаршылығында қазіргі Шұбаркөл көмір өндірісінен Ақкөл жаққа ауғанда, нағашыларына кішкентай кезінде тастап кетеді. Содан соғыстан кейін 33-34 разъездерде тұрғанда менің әкемді тауып алып, екеуі қауышады. Жездеміз Тасмағамбетпен отбасын құрып Күләндә, Шәрбән, Кеңес, Ықылас, Совет, Күлпән, Рауза, Мәкөш, Төлеген атты балаларды дүниеге әкеледі. Жездеміз Тасмағамбет біз келгенде шын ниетімен қуанып қалатын. Балалары да бауырмал болды. Бұл күнде барлығы да дүниеден озды. Жәкіш апамыз қара торының әдемісі еді, өзі де сәнді киінетін. Қазір ұрпақтары бар.

Ағатайларымның ұрпақтарына келсек, Тоқсанбайдан Шәкен деген қызы, Бектемір деген ұлы болыпты. Шәкен апамызды көрген жоқпын. Сол үйдегі жездеміз менің бала кезімде Көкшетаудың Баймырза, Шошқалы деген жерлерінен келіп жүретін. Ал, Бектемір үш айлық кезімде мені көтеріп жүріп, әскер қатарына алыныпты. Соғыс басталғанда алғаш Брест қамалында зұлым жауды қарсы алғандардың бірі. Одан аман шығып, Орел-Курск доғасындағы қанды ұрыстардың бірінде мерт болған. Ол деректерді қызым Динара тауып, соғыстың аяқталғанына 70 жыл толғанда зайыбым Хамила екеуіміз Орел облысының Норовка селосына барып, ескерткішіне елден топырақ апарып, тағзым етіп қайттық.

Жексенбайдан да Ырсалды, Балташ, Дәметер, Жантас деген балалары болды. Ырсалды апамыз Ақмолада базардың жанында тұрды. Саудамен айналысты. Қолы ашық болатын. Мен кейде ауырып ауруханаға түскенде бірінші сол кісі жүгіріп келетін. Жүрсін, Жұмабике деген балаларын еркелетіп өсірді. Екеуі де бұл күнде марқұм болды. Балташ ағамыз соғысқа қатысып, мүгедек болып оралған кісі еді. Елге келгеннен мұғалімдік, тағы басқа қызметтер атқарып, 76 жасында дүние салды. Баласы Мұрат өте бауырмал еді. Өгей шеше сыртқа теуіп, содан мерт болды. Дәметер апам өте бауырмал кісі болатын. Өз кіндігінен бала болмаса да, күйеуі Қапез марқұмның туыстарының балалары Жантемір, Қайыргелді, Алмагүл, Қабдоллаларды тәрбиелеп өсіріп, өмірге жолдама берді.  Бектемір ағамыздың соғыста жүргенде менің әкеме арнап шығарған өлеңін, осы Дәметер апам зарлы дауысымен орындағанда көзіме жас келетін. Жантас жас кезінде қайтыс болып кеткен. Алпыс атамыз туралы белгілі жазушы-шежіреші Жайық Бектұров жақсы пікір білдіріп, ол кісінің әдеміше, серілеу келгендігін, ақбоз аты болғандығын тілге тиек ететін. Ырысбек атамыз туралы да екеуінің бір көрпенің астында жатқандарын әңгіме қылатын.

Кәрібай атамның Ырысжан, Күмісжан деген қыздары бар. Ырысжан бірнеше баланы дүниеге әкеліп, сексеннен асқанда дүние салды. Жездеміз Нығыметжан ақ көңіл адам болатын. Әкемнің Дәрібай, Сарыбай деген ағалары жас кездерінде қайтыс болыпты. Ырысбек атамыз менің шешемнің бірінші жолдасы болып, Сақыбай сол кісінің қызы дегенді естігенмін. Шын ба, өтірік пе, ол жағын айта алмаймын.

Зайыбым Хамиланың әкесі Құлбек марқұм ұзын бойлы кісі еді. Математика пәнінің мұғалімі болды, енеміз Рәбиға шешей туысқа өте жақын адам болатын, сіңлісі Айгүл де бізді жақсы көретін, жолдасы Серік екеуі барғанымызда қуана қарсы алатын.

Ендігі бір айтайын дегенім, алғаш мектеп табалдырығын аттағаннан институтта диплом алғанға дейін есімде жақсы сақталып қалған ұстаздарым болды. Олар Амангелді мектебінде қалам ұстауды үйреткен Қапаш Сыздықов, Кеңес орта мектебінде математика пәніне сүйіспеншілігімді арттырған Дүйсен Қожахметов, Қарағанды пединститутында тарихшы Әлжанов, кураторымыз Бану Құсайынова, тағы басқалары. Дүние-ғайып дегендей, бұл кісілердің де барлығы о дүниелік болды, жатқан жерлері жайлы, арты қайырлы болсын.

Қызметтес достарым Исай Ибраев, Қайролла Жармұханов, Сатыбай Әбдірахманов, Тілеубай Забиров, Жақсыбай Үкібаев, тағысын тағыларды да қалай ұмытарсың. Әрбір істері мен қылықтары көз алдыма келіп тұрып алады. Қайролланың шапшаңдығы, Исайдың бірбеткейлігі, Сатыбайдың сәнқойлығы, күнде бір қалпақ ауыстырып отыратындығы, достыққа адалдықтары әрдайым есіме түсіп, марқайып әрі күрсініп қаламын.

Осындай жақын адамдарыңнан айырылып, тек қана іштей еске алу жеткіліксіз ғой деп ойлаймын. Сосын да аруақтары бір аунап түссінші деп қолыма қалам алып отырмын. Қай марқұм болсын, көзі тірі кезінде өмірде бір ізін қалдырды. Соны ұрпақтарына, жақын туыстарына, қимас достарына жеткізіп, белгілі бір кезеңдерде халықты жинап, еске алып отыру орнында қалғандардың парызы ғой деп есептеймін.

Өзі де бұл өмірден тым ерте кеткен, биыл туғанына 70 жыл толған ақын Серік Томановтың өлеңінің «көз қырыңды салып қой қорымдарға» деген соңғы жолы да осыны меңзейтін шығар…

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
қарт зейнеткер.

Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар