Балалар қолдау орталығына неге жиі жүгінетін болған?..

Тұрақты комиссияларда 

Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы Бейбіт Жүсіпов және мәслихаттың әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Саят Сыздықовтың қатысуымен осы комиссияның өңірдің білім беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға арналған отырысы болып өтті.

Маңызды жиынға білім саласы, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау, экономика, денсаулық сақтау және басқа да тиісті мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.Күн тәртібі бойынша баяндама жасағанАқмола облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жанаргүл Баймақованың айтуынша, өңірде білім беру жүйесі жаңа сапалы деңгейге көтеріліп, өскелең ұрпақ үшін қауіпсіз, жайлы және жоғары технологиялық орта қарқынды қалыптасып келеді. Сондай-ақ, жаңа Конституция мен мемлекеттің стратегиялық бағдарламаларына сәйкес әрбір баланың сапалы білім мен тәрбие алуына тең қолжетімділікті қамтамасыз ету басты басымдық болып қала береді. Мектепке дейінгі орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында өңірге 28 нысаналы индикаторды орындау жүктелген, бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асуда.

Алдымен, осындай және басқа да жетістіктер тілге тиек етілген тұрақты комиссия отырысында сонымен қатар, Ақмола облысында бала құқықтарын қорғау және жетім балаларды отбасылық орналастыру мәселелері кеңінен талқыланды. Жанаргүл Баймақова бұл орайда өз баяндамасында өңірдегі балалардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз ету – білім беру ұйымдарының ғана емес, әрбір мемлекеттік орган мен маманның дербес жауапкершілігі екенін баса айтты.Оның сөзінше, бүгінде облыста 17 жасқа дейінгі 220 614 бала тұрады. Өткен оқу жылында балалардың құқығын қорғау мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған 180 мың профилактикалық іс-шара өткізіліп, оған 140 мың оқушы мен студент қатысқан. Соңғы кезде балалардың көмек сұрап жүгінуі көбейген. Яғни, жыл басынан бері Психологиялық қолдау орталығының сенім телефонына 5006 өтініш, ал «111» байланыс орталығына 51 өтініш түскен. Осыған орай, өңірде буллинг пен аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу мақсатында «Адал азамат» тәрбие бағдарламасы, «KiVa», «ДосболLIKE» жобалары және «Қауіпсіздік сабақтары» белсенді енгізілуде. Сондай-ақ, Психологиялық қолдау орталығының штаты кеңейтіліп, аудандарға арнайы әдіскер-үйлестірушілер бөлінген.

Жұмыстың басты қағидаты – баланы биологиялық отбасында сақтап қалу. Соңғы үш жылда кешенді шаралардың нәтижесінде 56 бала өз отбасына қайтарылса, Ақкөл қаласындағы орталық арқылы 52 бала қорғаншылық пен патронатқа берілді. Дегенмен, соңғы екі жылда мұндай отбасылардың 31 баланың кері қайтарылуы өзара түсіністіктің жоқтығын көрсетіп, «Бала асырап алушылар мектебінің» сүйемелдеу жұмыстарын күшейтуді талап етіп отыр. Қазіргі таңда облыстағы 1170 жетім баланың басым бөлігі, яғни, 859 бала қорғаншылықта және 94 бала патронатта тәрбиеленуде.

2025 жылдың 1 шілдесінен бастап интернатқа жібермей, бірден уақытша отбасына орналастыруға мүмкіндік беретін «кәсіби қабылдаушы отбасы» институты енгізілген болатын. Бұл жүйеде әр балаға 10 АЕК жәрдемақы және ата-анаға 70 АЕК еңбекақы төленеді. Өңірде осы нысанға дайын 3 кандидат бар болғанымен, жыл соңына дейін оларды қаржыландыруға 4,2 миллион теңге қажет. Бірыңғай бюджеттік сыныптамада бұл шығыстарға арнайы бағдарлама көзделмегендіктен, Жанаргүл Баймақова бұл мәселені шешуде депутаттық корпусқа қолдау білдіруді сұрады.

Мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі – әрбір баланың отбасылық ортада тәрбиелену құқығын қамтамасыз ету. Осы мақсатта өңірде балаларды интернаттар мен балаларды қолдау орталықтарына орналастырмай, бірден отбасылық ортаға беруге мүмкіндік беретін кәсіби қабылдаушы отбасылар институтын іске қосу тәсілінің балалардың психологиялық жарақат алуының алдын алып, оларға алғашқы күннен бастап жеке қамқорлық пен қауіпсіздік кепілдігін беретінін облыс әкімінің отбасы және балалар мәселелері жөніндегі кеңесшісі Құралай Жұмабекова да тілге тиек етті. Оның айтуынша, қазіргі таңда өңірде осындай отбасыларға деген нақты қажеттілік картасы айқындалған. Жоғары жүктеме тіркелген Степногорск (43 бала) пен Көкшетау (34 бала) қалаларында және Шортанды ауданында (26 бала) екі-екіден, ал, басқа да 9 өңірде бір-бірден кәсіби қабылдаушы отбасын ашу қажет. Бірінші кезеңде бұрынғы тәжірибеден тыс, облыста барлығы 12 осындай отбасын құру көзделіп отыр.Бұл бастаманың әлеуметтік маңызымен қатар, экономикалық тиімділігі де жоғары. Яғни, бүгінгі таңда балалар үйінде немесе интернатта бір баланы ұстау мемлекетке айына 400 мың теңгеге дейін шығын әкелсе, кәсіби қабылдаушы отбасы мен тәрбиешілердің еңбекақысын қоса алғанда, бұл сома екі есеге жуық төмендеп, әр балаға шаққанда орта есеппен 194 мың теңгені құрайды. Бұған қоса, мемлекет коммуналдық төлемдер, ғимараттарды жөндеу және әкімшілік шығындардан босайды. Сонымен қатар, отбасылық ортада тәрбиеленген түлектердің қоғамға бейімделуі әлдеқайда жақсарып, болашақта жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен әлеуметтік жетімдіктің алдын алуға мүмкіндік береді.

– Дегенмен, ведомствоаралық жүйе мен бірыңғай сүйемелдеу тетігі болмаса, мұндай отбасыларды ашудың өзі жеткіліксіз. Осы орайда, басты рөлді Отбасын қолдау орталықтары атқарады. Олар баланың қажеттіліктерін бағалап, қорғаншылық, денсаулық сақтау және білім беру органдарын үйлестіреді. Мұндай отбасының басты мақсаты – уақытша көпір болу, яғни, бала қауіпсіздікте болған кезде, орталық оның биологиялық ата-аналарын оңалту жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ, үміткерлерді дайындау «Ана Үйі» қорымен бірлесіп жүзеге асырылады және бұл балалардың мекемелерге қайтарылу қаупін болдырмайды. Біздің өңір елімізде алғашқылардың бірі болып бұл тәжірибені 2026 жылдың қыркүйегінен бастап қолданысқа енгізуді көздеп отыр. Бұл – балалардың бақытты балалығы мен мемлекеттің қаржылық тұрақтылығына салынған маңызды инвестиция, – деп түйіндеді өз сөзін Құралай Жұмабекова.

Депутаттардың қарауына сонымен қатар, өңірдегі ауыр және сирек кездесетін сырқаттармен ауыратын азаматтарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтуды кеңейтуге бағытталған маңызды шешім жобасы ұсынылды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Диас Сайданғазиннің айтуынша, бұл өзгерістер стандартты механизмдер жеткіліксіз болатын науқастарға үздіксіз көмек көрсетуді көздейді.

Өңірлік тізімге енгізіліп отырған жаңа бағыттардың бастысы – муковисцидоз диагнозымен күрес. Бүгінгі таңда облыстағы 10 баланың ішінде Көкшетау қаласы мен Біржан сал ауданының 3 баласына мультидисциплинарлық топтардың шешімімен инновациялық үш компонентті таргетті «Элексакафтор/Тезакафтор/Ивакафтор» препараты ұсынылып отыр. Осы мақсатқа және қосымша қажет болатын «Меропенем» мен «Цефтазидим» антибиотиктеріне жергілікті бюджеттің үнемделген қаражаты есебінен 101,3 миллион теңгеден астам қаржы бағытталады. Сонымен қатар, бұл тізім Аталурен препаратымен терапияны қажет ететін «бұлшықет дистрофиясы» диагнозы қойылған Көкшетау қаласындағы бір балаға және созылмалы лимфолейкозбен ауыратын Жарқайың ауданы мен Степногорск қаласының ересек екі науқасына «Венетоклакс» дәрісін тегін беру үшін толықтырылып отыр. Жалпы, жаңа позициялар бойынша қосымша қажеттілік 129,3 миллион теңгені құрайды және бұл қаражат та бюджетті үнемдеу есебінен толық жабылады.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар