Жастар саясаты
Ақмола облысының қала-аудандарынан жиналған жүзден аса белсенді жастар мен волонтерлер Зеренді ауданындағы «Парус» демалыс аймағында бас қосып, екі күн бойы «CHANGEMAKER CAMP: Өзгеріс өзіңнен басталады» атты еріктілер лагерінде тәжірибе алмасты.
Облыстық ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында ұйымдастырылған бұл ауқымды форум өңірдегі волонтерлік қызметтің әлеуетін арттырып, үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік органдардың өзара байланысын нығайту мақсатында өткізілді.
Еріктілер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері бұл шараны жай ғана екі күндік кездесу емес, нағыз идеялар мен бастамалардың орталығына айналдырды. Лагер бағдарламасы танымдық кездесулерге, шеберлік сабақтарына, командалық ойындар мен бейресми қарым-қатынасқа толы болды. Қатысушылар ауқымды «ЭКО-ІЗ» квестіне қатысып, шығармашылық интерактивтер мен командалық сынақтардан өтті. Сондай-ақ, «Өзгеріс өзіңнен басталады» тақырыбындағы шеберлік сабағында жеке бастамашылдық пен жауапкершіліктің маңызы терең талқыланса, «Мейірім-Зеренді» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен әлеуметтік-шығармашылық сабақ жастардың бойындағы көшбасшылық қасиеттерді одан әрі шыңдай түсті. Осындай мазмұнды шаралар арқылы қоғамның дамуына үлес қосып жүрген еріктілердің ерен еңбегі мен шынайы патриотизмі қоғамдағы өзгерістердің басты қозғаушы күші екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Ауқымды шараның ашылу салтанатында сөз алған Ақмола облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова еріктілердің қоғам өміріне қосып жүрген үлесін жоғары бағалап, олардың еңбегін нақты көрсеткіштермен өлшеу мүмкін еместігін атап өтті. Оның айтуынша, волонтер болудың өзі – нағыз патриотизмнің айқын белгісі, ал, адамдар мен ел мүддесі үшін жасалған істерге баға жетпейді. Өз сөзін:
– Биылғы жылдың «Волонтерлер жылы» болып жариялануы және жыл басында Мемлекет басшысының еріктілермен арнайы кездесу өткізуі бұл қозғалыстың маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдейді. Бүгінгі мемлекеттік тапсырыс аясында ұйымдастырылған жиынның басты мақсаты – өңірдегі волонтерлердің басын қосып, өзара тәжірибе алмасуына жағдай жасау және оларға жан-жақты қолдау көрсету. «Отан мен үшін не істеді?» деген сұраққа жауап іздегенше, «Мен Отаным үшін не істей аламын?» деген ой әрбір азаматтың басты ұстанымы болуы тиіс, – деп түйіндеген басқарма басшысы Гүлмира Кәрімова жастарды алдағы уақытта да өтетін жобаларға белсенді қатысуға шақырды.
Белсенді жастар мен волонтерлердің басын қосқан ауқымды лагер аясында отбасылық психолог Наталья Шаврова қатысушыларға «Өзгеріс өзіңнен басталады» атты арнайы шеберлік класын өткізді. Маманның айтуынша, волонтерл3к – бұл ең алдымен өз ішкі энергияңды қоғаммен бөлісу, алайда қоғамға тым көп қуат беру кейде жастардың шаршап, бұл істі жарты жолда тастап кетуіне әкеп соғады. Осындай жағдайлардың алдын алып, адамдарға мотивациялық сөздерді айтудағы ұяңдықты жеңуге көмектесу үшін психологиялық тренингтер мен осындай іс-шараларды тұрақты ұйымдастырудың маңызы зор. Осы салада 16 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан психолог одан әрі жастарға өз тәжірибесімен бөлісті.
– Облыстың барлық аудандарынан арнайы келіп қатысып жатқан жастар бүгінгі шарадан алған тәжірибелерімен өз өңірлеріне оралғанда басқа да еріктілермен жұмыс жүргізеді және жаңа жастарды бұл іске тартады деген үміттеміз. Жалпы, бұл лагердің басты мақсаты – жастардың волонтерлік бастамаларын қолдап, азаматтық белсенділігі мен көшбасшылық қасиеттерін дамыту, сондай-ақ, қоғамға пайдалы істер жасауға ынталандыру. Өзгерісті алыстан іздемей, оның бастауы өзімізден екенін түсінген әрбір волонтер өзгеге тек көмек көрсетіп қана қоймай, өзекті мәселелерге бейжай қарамайтын нағыз тұлға да бола алады, – дейді Наталья Шаврова.
Ұлттық волонтерлік желінің атқарушы директоры Татьяна Миронюк Қазақстанның БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясында Тұрақты даму жолындағы халықаралық волонтерлер жылын жариялау бастамасын көтергенін атап өтті. Бүгінде бұл бастаманы әлемнің 130-дан астам елі қолдап отыр.
Лагердің негізгі тақырыптарының бірі «Заң және тәртіп» идеологемасына арналды. Ақмола облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ержан Қошқарбаев жол қауіпсіздігі, жол қозғалысы ережелерін сақтау, сондай-ақ, мопедтер мен электрмопедтерді пайдалану кезіндегі жауапкершілік туралы айтып берді. Басқарма бастығының айтуынша, бүгінгі таңда жол қауіпсіздігі тек полицияның ғана емес, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі болып табылады. Қазақстанда жол қозғалысы саласындағы заңнама үнемі жетілдіріліп келеді, атап айтқанда, 2026 жылы да жол қозғалысы ережелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Дегенмен, қабылданған жаңа нормаларға қарамастан, көлік тізгіні деген адам өз өмірі үшін ғана емес, өзгелердің де қауіпсіздігі үшін жауапты екенін ұмытпауы тиіс. Әсіресе, қазіргі таңда бұл мәселе жастар арасында өзекті. Өйткені, соңғы кездері жылдамдықты асыру, әлеуметтік желіге видео түсіру немесе көліктің қуатын сынау қайғылы жағдайларға әкеліп соқтыруда. Бір ғана мысал, өңірде жаз мезгілінің өзінде мототехниканың қатысуымен 27 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 3 адам қаза тапқан. Олардың ішінде бір кәмелетке толмаған және 25 бала әртүрлі жарақат алды. Мұның бәрі қажетті білім мен тәжірибенің жетіспеушілігінен орын алады. Сондай-ақ, мопед пен электромопед жүргізушілері оны арнайы мамандандырылған ЦОН-да міндетті түрде тіркеп, А1, А немесе В санатындағы жүргізуші куәлігін алып, сақтандыру да рәсімдеуі тиіс. Сонымен қатар, жыл басынан бері облыста жылдамдықты асыру салдарынан 38 жол көлік оқиғасы орын алып, «Астана-Щучинск» тас жолындағы ауыр апаттан әкесі мен кішкентай қызы көз жұмды. Бұдан бөлек, көлік басқару кезінде телефон қолдану, мас күйінде көлікті жүргізу бойынша 54 дерек тіркелсе, қауіпсіздік белдігін тақпау да қайғылы жағдайлардың негізгі себебі болып отыр.
– Мұндай заңбұзушылықтар жолаушылар тасымалымен айналысатын жүргізушілер арасында да қауіп төндіреді. Жаяу жүргіншілер мен заманауи көлік түрлерін, яғни, электросамокат пен велосипедтерді басқарушылар да жол ережесін қатаң сақтауы тиіс. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде автоматты фиксация камералары мен заманауи технологиялар қолданылғанымен, ең бастысы, адамның өз жауапкершілігі. Жолдағы бір сәт абайсыздық бірнеше отбасының тағдырын кері өзгертуі мүмкін екенін ұмытпаған жөн, ал, жол қозғалысы ережелерін сақтау – бұл еркіндікті шектеу емес, өз өмірің мен айналаңдағылардың қауіпсіздігіне деген құрметтің көрсеткіші. Жолдағы кез келген сапардың басты нәтижесі үйге аман-есен оралу екенін естен шығармайық, – деді өз сөзінде Ержан Қошқарбаев.
Елімізде заң үстемдігін қамтамасыз ету, балалардың құқықтарын қорғау және қауіпсіз қоғам қалыптастыру бағытында ауқымды реформалар жүзеге асырылуда. 15 наурызда өткен республикалық референдумда Жаңа Конституция қабылданып, ол 1 шілдеде күшіне енсе, 23 тамызда Құрылтай депутаттарының сайлауы өткені белгілі. Жаңа Негізгі Заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, қоғамдық келісімді және әркімнің ел болашағы үшін жауапкершілігін күшейте түсті. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 1 қыркүйектен бастап мектептерде «Конституция негіздері» мен «Заң және тәртіп» атты міндетті құқықтық курстар енгізілуде. Зеренді ауданы прокуратурасының прокуроры әділет полковнигі Асқар Дастанның сөзінше, осы орайда, Зеренді ауданының прокуратурасы да жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында аудан көлемінде 200-ден астам іс-шара ұйымдастырған. Ал, осы аудан прокуратурасының 2 сыныпты заңгері, әділет аға лейтенанты Мадияр Кенжебайұлының айтуынша, заң тек жазалау құралы емес, ол адамның құқығын қорғайтын және қоғамда тәртіп орнататын маңызды тетік. Алайда, жасөспірімдер арасында әлеуметтік желілердің кесірінен немесе ересектер тарапынан бақылаудың жоқтығынан бірқатар құқықбұзушылықтар орын алуда. Осындай кезде «тыйым салынғанын білмедім» деген сылтаудың жауапкершіліктен босатпайтынын түсінген жөн. Осы орайда, профилактикалық жұмысты күшейту мақсатында мобильді топтар білім беру ұйымдарында 148 факультативтік сабақ өткізіп, 21 ата-аналар жиналысын ұйымдастырды. Сонымен қатар, 20 қолайсыз отбасыға әлеуметтік, психологиялық және материалдық көмек көрсетіліп, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру үшін 5 жария сот процесі мен арнайы форум өткізілген көрінеді.
Қазақстанда барлық волонтерлердің басын біріктіріп, әсіресе, экономикалық, экологиялық және медициналық бағыттардағы салалық волонтерлікті дамыту бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі болып отыр. Республикалық волонтерлер фронт-офисінің басшысы Айбек Досымбетовтың атап өткеніндей, медицина саласындағы волонтерлер арнайы емханалар мен қарттар үйлерінде жұмыс жүргізіп, түрлі іс-шараларға белсене қатысуда. Әсіресе, оқу орны қабырғасынан басталатын бұл қызмет жастар арасында үлкен қолдау тауып келеді. Мысалы, кейбір медициналық оқу орнының студенттері жақын маңдағы емханаларға барып, волонтерлікпен айналысуға өтініш білдіріп, қызмет атқарып жүр. Бұл жастар үшін бір жағынан баға жетпес тәжірибе жинақтау алаңы болса, екінші жағынан, болашақта сол ауруханаға тұрақты жұмысқа орналасуға үлкен мүмкіндік береді. Сонымен қатар, волонтерлардың еңбегін бағалау мен ынталандыру жұмыстары да қолға алынуда. Атап айтқанда, Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында белсенділерге арнайы дисконт карталары беріліп, бүгінде 32 волонтер осындай картаның иегері атанған. Осы картаның көмегімен жастар қаладағы барлық асханалардан 10 пайыздық жеңілдікпен тамақтану мүмкіндігіне ие болып отыр. Алдағы уақытта бұл бастама жалғасын тауып, қала волонтерлеріне киім сататын барлық дүкендерден де 10 пайыздық жеңілдік алып беру көзделген. Лагерге қатысушылардың бірі Зеренді ауылының 18 жастағы тұрғыны Ескендір Серік. Ол үш жылдан бері волонтерлік қызметпен айналысады. Осы уақыт ішінде қарт адамдарға көмек көрсетіп, экологиялық акциялар мен сенбіліктерге қатысып келеді.
– Біз секілді жастар үшін мұндай шаралар өте пайдалы. Себебі, мұнда басқа аудандардан келген өзіміз секілді еріктілермен танысып, тәжірибе алмасуға, жаңа дүниелерді үйренуге мүмкіндік бар. Мен волонтерлікпен үш жылдан бері айналысамын және адамдарға көмектесу маңызды деп санаймын, – дейді ол.
Лагер командалық ойындар мен бейресми кездесулерге ұласты. Онда Ақмола облысының әр өңірінен келген волонтерлер өзара танысып, тәжірибе алмасып, бастамалары мен жобаларын талқылады.
Жастар бұл күндері далада дайындалған дәмді палау жеп, кеш батқанда алау айналасына жиналып, гитара және домбырамен ән айтты. Осылайша, екі күнге созылған лагерден әр қатысушы өзіне жаңа ой, жаңа мақсат және жаңа шабыт, сондай-ақ, ұмытылмас қызықты естеліктер алып қайтты.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Зеренді ауданы.
![]()

