Бір шаңырақ астындағы ынтымақ

13 қыркүйек — Отбасы күні

Қара шаңырақтың берекесі мен бірлігін кіргізіп, ұрпақтар сабақтастығын алтын арқау еткен өнегелі отбасылар кез келген қоғамның тірегі саналады. Солардың бірі де бірегейі – Ақмола облысына қарасты Қосшы қаласында тұратын Ілиясовтар әулеті. Төрт түлігі сай, ынтымағы жарасқан бұл шаңырақтың басты ерекшелігі – бір үйдің астында үш буынның аналары, яғни, ене, келін және келіннің келіні тату-тәтті, сыйластықта ғұмыр кешіп жатыр.

Отбасы күні мерекесі қарсаңында «Мерейлі отбасы — 2026» облыстық байқауының Гран-при иегері атанған өнегелі отбасы енді республикалық кезеңде өңіріміздің намысын қорғайтын болады. Өнегелі тәрбие мен отбасындағы ынтымақты сақтаудағы басты сырды білу үшін біз әулеттің кіші келіні Райхан Ілиясовамен сұхбаттасқан едік.

Ілиясовтар әулетінің қара шаңырағының діңгегі, бүгінде 85 жасқа келген әулеттің әжесі – Қарлығаш Жұмабайқызы. Ол төрт баланы тәрбиелеп өсіріп, 12 немере, 33 шөбере және 2 шөпшек сүйіп отырған аяулы ана, ардақты әже. Отағасы Ілиясов Саламат Шахманұлы 52 жасында дүниеден өткеннен кейін де, Қарлығаш әже бұл шаңырақтың бірлігі мен татулығын басты құндылық санап, ата жолын лайықты жалғастырып келеді. Содан бері осы бір шаңырақтың астында үш буын өкілі – Қарлығаш әженің өзі, үлкен келіні Сұлуай Қуанышқызы және кіші келіні Райхан бірге тұрып жатыр. Әулеттің үлкен ұлы Ғабиден Саламатұлы – 40 жылға жуық өмірін білім беру саласына арнап, Целиноград ауданының білім жүйесін дамытуға 35 жылдан астам еңбек сіңірген ардақты ұстаз, педагогика саласының ардагері. Ал, кіші ұлы Қазбек Саламатұлы 1964 жылы Қарағанды облысы, Нұра ауданының Изенді ауылында дүниеге келген, бүгінде еңбекқорлығымен, қарапайымдылығымен және бауырмалдығымен артынан ерген ұрпаққа үлгі болып жүрген аяулы әке әрі өнегелі ата.

Отанасы Қарлығаш Ілиясова жасы 85-ке келсе де, заман ағымынан қалмай, белсенді өмір салтын ұстанады. Ол тіпті YouTube желісіндегі бейнесабақтарды қарап, тігін тігуді меңгеріп алған. Бүгінде жақындарына көрпе, жастық және түрлі бұйымдар дайындап беріп, бос уақытында қазақ тіліндегі сөзжұмбақтарды шешкенді ұнатады. Әулет әжесінің 85 жылдық мерейтойына орай, ерекше бір рухани оқиға болды. Шаңырақтың қызы Бағила Саламатқызы ата-анасының өмір жолын, әулет шежіресін, еңбекпен өрілген тағдыры мен отбасылық естеліктерін жинақтап, «Өмір жолындағы отбасылық естеліктер» атты естелік кітапшасын жазып шығарды. Кітапты дайындауға бүкіл отбасы мүшелері атсалысып, бұл еңбек кейінгі ұрпаққа арналған құнды рухани аманатқа айналды.

Біз әңгімеге тартқан, шаңыраққа келін болып түскеніне биыл 13 жыл толған Райхан Зеренді ауданы Биіктесін ауылының тумасы. Бүгінде жұбайы Асылбекпен төрт бала тәрбиелеп отырған ана. Өзі де ата-әжесі Жоламан мен Ләззаттың тәрбиесін көрген, мамандығы мемлекеттік және жергілікті басқару сарапшысы Райхан үшін үлкен шаңыраққа келін болу зор бақыт әрі үлкен жауапкершілік.

– Бұл шаңырақта «менікі дұрыс» деп таласқаннан гөрі, үлкеннің ақылын тыңдап, ортақ шешімге келу басты қағида саналады. Отбасындағы ынтымақтың сыры – сыйластықта, түсіністікте және бір-бірінің орнын бағалай білуде. Қандай да бір мәселе туындаса, әжеміз бен енеміздің бір ауыз ақылы дұрыс бағыт береді. Менің енем 44 жыл бойы педагогика саласында еңбек етіп, мектеп мұғалімінен директорлыққа дейін көтерілген беделді жан. Өткен жылы еңбегі еленіп, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Осындай абыройлы әулеттің атын ұлықтау, келіні болу мен үшін де үлкен мәртебе, – дейді үш буынның бір шаңырақ астында тату-тәтті тұруының басты сырымен бөліскен әулеттің кіші келіні Райхан.

Алғаш келін болып түскенде, енесінің дайындайтын дәмді тағамдарындай ас әзірлеуді мақсат етіп, оның жанында жүріп көп нәрсені үйренген кіші келін бұл үйге тез үйренісіп кеткенін айтады. Оның сөзінше, бұл әулетте отбасылық құндылықтарға айрықша мән беріледі. Отбасында бір дастархан басына жиналу, үлкендердің батасын алу, кітап оқу, табиғатты қорғау және қонақжайлылық секілді дәстүрлер берік орныққан. Шаңырақтың жас буыны да білімге, спортқа және шығармашылыққа бейім. Олимпиадаларға қатысып, футбол мен жүзумен айналысады, сурет салып, кітап оқиды. Әулетте үлкендердің өнегесі – Ғабиден атаның білімге жауапкершілігі, Алмагүл тәтенің ұстаздық адалдығы, Бағила тәтенің мемлекеттік қызметтегі тиянақтылығы мен Қарлығаш әженің мейірімі жастарға әрдайым үлгі-өнеге.

Отбасының өзіндік қызықты дәстүрлері де бар. Құжат бойынша Қарлығаш әженің туған күні 15 сәуір деп жазылғанымен, негізгі туған күні – 7 наурыз. Сондықтан, жыл сайын 7 наурызда бүкіл әулет жиналып, әжеге ақ тілектерін арнап, батасын алады. Бұл қуаныш келесі күнгі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне ұласып, шаңырақта екі күн бойы мерекелер тойланады.

Үлкен әулеттің «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңінде топ жаруы барша туған-туысты, әсіресе, Қарлығаш әжені ерекше қуанышқа бөледі.

– Әжеміз үшін бұл жеңістің мәні жүлденің өзінен де жоғары болды. Өйткені, бүкіл өмірін ұрпағына арнаған ана үшін балалары мен немерелерінің бірлігі мен еңбегінің елге танылғанын көргеннен артық бақыт жоқ, – дейді Райхан.

Төрт бала өсіріп, мемлекеттік қызметін де, отбасын да қатар алып жүрген Райхан:

– Бақытты отбасы дайын күйінде келмейді, ол күн сайын түсіністікпен, сабырмен және махаббатпен бірге құрылатынын қазіргі жас келіндерге айтқым келеді. Ең бастысы, табалдырығын аттаған шаңырақты өз үйіңдей қабылдап, сыйластықты бәрінен биік қою керек, – деп ағынан жарылды.

Міне, «Үлкенге құрмет, кішіге ізет, отбасыға жауапкершілік» деген негізгі ұстанымды ту еткен бұл отбасы үшін ең басты өсиет – бірлікті сақтап, адамдық қасиеттен айнымау. Өткенін құрметтеп, тамырын ұмытпаған Ілиясовтар әулетінің осындай берік ынтымағы мен өнегелі жолы – келешек ұрпақ тәрбиесіне қызмет ететін, елімізге үлгі боларлық ерекше рухани мұра.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар