Өткен тарихты айнытпай жеткізген жәдігер

Музей мұрасы

Жарық сәулесін тізгіндеп, уақытты бір сәтке тоқтатуға ұмтылған адамзаттың ұлы сапары сурет салу өнерінен басталып, ғасырлық ізденістердің нәтижесінде заманауи фотографияға ұласты. Бұл жол 1604 жылы Иоганн Кеплердің жарықтың сыну заңдарын ашуынан және сыртқы әлемнің бейнесін қарама-қарсы қабырғаға төңкерілген күйде түсіретін ежелгі камера-обскура принципінен бастау алды.

Ал, 1826 жылы француз өнертапқышы Жозеф Нисефор Ньепс битум пластинасы мен сегіз сағаттық ұсталым арқылы әлемдегі ең алғашқы фотосурет – «Ле-Гра терезесінен көріністі» дүниеге әкеліп, бұл саланы жаңа дәуірге қадам бастырды.

Кейіннен Джордж Истман негізін қалаған әйгілі «Kodak» компаниясы «Сіз түймені басасыз – қалғанын біз жасаймыз» деген ұранмен және небары 1 долларлық «Brownie» камерасымен фотосуретті нағыз бұқаралық өнерге айналдырғанымен, 1975 жылы өз инженері Стивен Сассон алғашқы цифрлық камераны ойлап тапқан кезде пленка бизнесін қорғауды көздеген консерватизм салдарынан инновациялық көштен қалып, 2012 жылы банкроттыққа ұшырады.

Бұл жаһандық прогресс аясында КСРО-дағы фотоиндустрия да өзіндік ерекше сипатпен дамып, фотография жаңа кеңес адамын қалыптастырудың және мемлекеттік насихаттың қуатты қаруына айналды, соның нәтижесінде неміс үлгілеріне сүйене отырып жасалған дербес әрі сапалы «ЭФТЭ», «ФЭД», «Зенит» сияқты брендтер мен әлемдегі ең көп таралған және Гиннестің рекордтар кітабына енген «Смена-8М» және оның алдындағы «Смена-8» сияқты атақты модельдер жарық көрді. Бұл техниканың киноиндустрия мен әлемдік мәдениетке ықпалы сондай, біз аңызға айналған «Бриллиантовая рука» кинокомедиясындағы басты кейіпкер Семен Семенович Горбунковтың (актер Юрий Никулин) шетелдік сапары кезінде дәл осы «Смена» моделіне жататын фотоаппаратты қолына ұстап, қызықты сәттерді таспалап жүргенін анық көре аламыз.

Ұлан-ғайыр қазақ даласына фотоөнер кешігіп жеткенімен, оның тарихы өте тереңнен тамыр тартады. 1841 жылы Жәңгір хан алғашқы мектептің ашылу сәтін сақтау үшін Мәскеуден арнайы фотограф шақыртады. Ал, 1856 жылы Семейде Шоқан Уәлиханов пен Федор Достоевскийдің тарихи суреті дүниеге келді. 1901 жылы император ІІ Николайдан  фотоаппаратты сыйға алған тұңғыш қазақ фотографы Шәңгерей Бөкеевтің туған ауылының тұрмысы мен дәстүрлерін бейнелеген баға жетпес жұмыстары ұлттық шежіренің негізін қалады.

Бұл тарихи желі бүгінде Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорларында сақталған бірегей жәдігерлермен тығыз ұштасып жатыр, өйткені, мұндағы әрбір құрылғы Көкше өңірінің мәдениеті мен шежіресін таспалаған абзал жандардың өмір жолынан сыр шертеді. Солардың бірі саналы ғұмырын жас ұрпақты тәрбиелеуге арнаған белгілі ұстаз Элла Брониславовна Вавровская тапсырған фотоаппарат. Бұл кіші форматты автоматты «Вилия-Авто» фотоаппаратын ол 1984 жылы 6 қыркүйекте Көкшетау орталық әмбебап дүкенінің №29 секциясынан арнайы сатып алып, кейін оны музей қорына табыс етті. Сонымен қатар, облыстық басылымдарда 30 жылдан астам уақыт фототілші болған Владислав Холиннің музейге сыйға тартқан «Киев» пен «Зенит» коллекциялары аймақтың баспасөз тарихының кәсіби куәлігіне айналды. Мұнымен қоса, жазушы-өлкетанушы Виктор Терещуктің Көкшетау қаласының тарихына арналған «Рассказы о Кокчетаве» кітабын жазу барысында Тобольск, Омбы, Алматы және Мәскеу мұрағаттарындағы құнды құжаттардың фотокөшірмесін жасау үшін 1976 жылы Киевтен 80 рубльге сатып алған кең үлдірлі бағалы «Киев-6С» аппараты, жоғары санатты онколог-хирург Өмірбек Бәйкеннің кәсіби өмірінен тыс шығармашылық қырын ашатын, әлемнің 74 еліне экспортталған әйгілі «Zenit TTL» камерасы, Көкшетау қаласының тұрғыны Нина Михайловна Кушнаренконың ұлы Юрий 1990 жылы әскери борышын өтеп қайтқанда қарулас достары қимастықпен сыйлаған «Смена-8М» аппараты және сталиндік репрессия зауалынан қашып, Қазақстанға қоныс аударған әулеттің ұрпағы, экономист Виктория Мұхамеджанованың өмірлік хоббиіне айналған «Skina Lito 312» құрылғысы мен Батырхановтар отбасы тұтынған «Смена-35» үлгісі фотографияның жай ғана техникалық үдеріс емес, жаһандық тарихты жеке адамның тағдырымен байланыстырушы баға жетпес тірі көпір екенін дәлелдейді.

Сондықтан да, фотоаппарат – бұл тек металл мен шыныдан құралған жансыз құрылғы немесе құрғақ цифрлық үдеріс қана емес, ол – өткен күннің естелігін бүгінге айнытпай жеткізетін шынайы тарихтың куәсі. Оның сиқырлы объективінен өткен әрбір жарық сәулесі – ұлы тұлғалардың ізгі өмір жолын, жүректі елжіретер бақытты сәттерді және адам баласының қуанышы мен сағынышын мәңгілікке мөрлеп қалдыратын өмірдің тірі шежіресі.

Айсұлу ӘМІРЖАНОВА,
Ақмола облыстық тарихи өлкетану музейінің экскурсиялық-көпшілік бөлімінің меңгерушісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар