27 қыркүйек – Дүниежүзілік туризм күні
Сұлу табиғаты мен заманауи сервисі тоғысқан Ақмола облысы бүгінде ел ішіндегі туризмнің қайнаған ордасына, отандық демалыс индустриясының күретамырына айналып келеді десе болады. Дүниежүзілік туризм күні қарсаңында Ақмола облысы туризм және демалыс индустриясы қауымдастығының президенті, Қазақстан Республикасының туризм саласының еңбек сіңірген қызметкері, профессоры, Халықаралық Ресей туризм және өлкетану академиясының құрметті академигі Шынарбек Батырхановпен кездесіп, өңірдегі туризм саласының қазіргі жай-күйі, даму жоспарлары туралы сұхбаттасуды жөн көрдік.
– Құрметті, Шынарбек Бүркітбайұлы, өңіріміздің туристік қауымдастығы өзінің кәсіби мерекесін қандай нәтижелермен қарсы алып отыр?
– Ақмола облысы – еліміздің інжу-маржаны әрі туризм саласының жетекші курорттық өңірі. Биылғы жазғы маусымның алдын ала қорытындыларына тоқталсам, бұл салада қарқынды өсім мен сапалы бұрылыс бар. Жазғы мезгіл біздің өңір үшін қашан да үлкен сынақ қой. Биылғы аптап ыстықта табиғи саябақтарымыз бен демалыс орындарына мейлінше жоғары жүктеме түсті. Соған қарамастан, өңір инфрақұрылымы бұл жүктемені көтеріп, ішкі туризмнің әлеуеті қаншалықты қуатты екенін тағы бір мәрте танытты. Бүгінде республика бойынша көрсетілетін барлық туристік қызметтердің тең жартысына жуығы, дәлірек айтсақ 10 пайызы біздің өңірге тиесілі. Өңіріміздің басты ерекшелігі – ішкі туризмнің басымдылығында, демалушылардың 90 пайыздан астамы өзіміздің қазақстандықтар.
Біздің туристік өніміміз негізінен – экологиялық туризм. Ауа райы мен климаттық ерекшеліктерге байланысты белсенді демалыс маусымы қысқа, бар болғаны 3 айға созылады. Сондықтан, біздің басты міндетіміз – осы қысқа мерзімді барынша тиімді пайдалану. Қазіргі нәтиже де жаман емес. Егер 2025 жылдың қорытындысы бойынша облысқа 1 миллион 788 мың демалушы келсе, оның 1 миллионнан астамы «Бурабай» ұлттық паркіне табан тіреген. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша туристер ағыны 2 миллиондық межеден асады деген сеніммен айта аламыз.
– Туристер ағыны артып отыр екен, ал, осы салаға қатысы бар бизнес өкілдерінің ахуалы қалай?
– Туристер ағынының қарқынды өсуіне байланысты бизнес өкілдерінің табысы да 20 пайызға артты. Қонақүйлер, демалыс базалары, шипажайлар сияқты орналастыру орындары 16,7 миллиард теңгенің қызметін көрсетті. Жалпы, туризм саласының өңір бюджетіне қосатын үлесі өсіп отыр. Үстіміздегі жылдың алғашқы 6 айында қонақүй секторынан түскен салық түсімдері 8 пайызға артып, облыс қазынасына 2,8 миллиард теңге түсті. Бұл үлкен нәтиже.
– Туризм саласы инвесторлар үшін де тартымды бағыт. Біздің өңірдегі инвестициялық жағдай туралы да айта отырсаңыз?
– Негізгі капиталға тартылған инвестицияларға тоқталсақ, осы жылдың 7 айының қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 16,7 миллиард теңгені құрады. Оның басым бөлігі – 13,4 миллиард теңгесі жеке капитал болса, 3,3 миллиард теңгесі бюджеттік қаражат. Осы жылдың өзінде Щучье көлінің жағалауында инвестиция көлемі 2,5 миллиард теңге болатын «Mövenpick» халықаралық желісінің бутик-отелін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, әлемдегі ең ірі «IHG Hotels & Resorts» операторының франшизасы бойынша соғылатын «Holiday Inn Resort Burabay» төрт жұлдызды қонақүй кешенінің құрылысы басталды. Басқа да маңызды нысандар бойынша жұмыстар белсенді жалғасуда. Мәселен, құны 15 миллиард теңге болатын Radisson Blu Burabay ауқымды апарт-отелінің құрылысы жүргізілуде, «Абылай хан» қонақүйі жаңа «PANA» желісінің стандарттарына сай қайта жаңарту жұмыстарынан өтуде, сондай-ақ, «Тары Ашамай» халықаралық этно-кафелер желісінің 1 миллиард теңгелік жобасы іске қосылды.
– Осындай тұрақты демалушылар ағыны жағдайында инфрақұрылымның жай-күйі қалай болып отыр?
– Қонақтардың мұндай бұрын-соңды болмаған ағыны, әрине, инфрақұрылымды тиісті деңгейге жеткізуді, алға дамытуды талап етеді. Бұл бағытта облыстық әкімдік пен туризм басқармасы мүдделі ведомстволармен және бизнес субъектілерімен бірлесіп, жүйелі әрі мақсатты жұмыс жүргізіп келеді. Бүгінде Щучинск-Бурабай курорттық аймағында туристерге қызмет көрсететін ауқымды желі құрылған. Оның құрамына 207 ресми орналастыру орны, 450 бөлшек сауда нүктесі және дамыған қоғамдық тамақтану саласы кіреді. Сонымен бірге, 92 тұрақты жұмыс істейтін нүкте, 50 маусымдық жазғы алаң, сондай-ақ, қонақүйлер мен шипажайлар жанындағы 30 мейрамхана мен асхана бар. Сонымен бірге, судағы қауіпсіздік пен жайлылыққа ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда курорттық аймақта қауіпсіздік талаптарына толық сай келетін 29 ресми жағажай аймағы жұмыс істейді. Оның 12-сі Бурабай көлінде, 15-і Щучье көлінде және 2-еуі Үлкен әрі Кіші Шабақты көлдерінде орналасқан.
Сонымен қатар, барша азаматтар үшін демалыс қолжетімділігін кеңейту мақсатында Щучинск-Бурабай курорттық аймағында екі толыққанды коммуналдық қоғамдық жағажай жұмыс істеп тұр. Демалушыларға қолайлы жағдай жасау үшін бұл жағажайларда 50 киім ауыстыру кабинасы, 25 душ кабинасы және 400-ден астам шезлонг-орындықтар орнатылды. Курортта тәртіп пен экологиялық тепе-теңдікті сақтау үшін «жұмсақ инфрақұрылым» деп аталатын желі де іске қосылған. Бұл ретте, 600-ге жуық қоқыс жәшігі мен контейнер қойылып, қоршалған 45 бетон алаңқай жабдықталды.
– Щучинск-Бурабай курорттық аймағы табиғатынан көрікті жерлерге де, тарихи-мәдени нысандарға да өте бай. Туристер үшін бұл орындар қаншалықты қолжетімді?
– Демалушыларға ыңғайлы болу үшін 8 шолу алаңы жабдықталған. Олар құс ұшар биіктіктен көк айдындардың ғажап көрінісін, Оқжетпестің шыңы мен Жұмбақтасты, «Жеке батыр» жотасын, Абылай хан алаңын және басқа да бірегей нысандарды «алақандағыдай» тамашалауға мүмкіндік береді. Бұған қоса, 2 саябақ аймағы мен 50 демалыс нүктесі бар.
– Бурабайдың инфрақұрылымын әрі қарай дамыту бойынша қандай жоспарлар бар?
– Бурабайдың инфрақұрылымын модернизациялау жұмыстары Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамытудың 2025–2029 жылдарға арналған кешенді жоспары шеңберінде қатаң түрде жүргізілуде. Облыс әкімдігімен келісе отырып, жалпы сомасы 113,7 миллиард теңгені құрайтын 75 ауқымды іс-шара бекітілген. Жоспарды іске асырудың бір жарым жылы ішінде жалпы тізімнің 28 пайызын құрайтын, сомасы 4,3 миллиард теңге болатын 21 іс-шара толығымен орындалды.
Кешенді жоспар аясында іске қосылып, курортқа тікелей оң әсерін тигізіп жатқан жобаларға Текекөл көлінің маңына айнала жүргізілген автожол құрылысы, Шабақты көлінің солтүстік айналма жолының орташа жөндеуі, Бурабай және Үлкен Шабақты көлдерінің жағалауында салынған 2 заманауи судан құтқару станциясы, Бурабай кентіндегі «Променад» гүлзары мен Щучинск қаласындағы жаңа шолу алаңы, «Есіл» май құю станциясынан Бурабай кентінің айналма жолына дейінгі 15 шақырымдық көше жарығының монтаждалуы жатады. Сонымен бірге, Щучинск қаласындағы теміржол вокзалына ауқымды модернизация жүргізілгенін атап өткім келеді. Жолаушылардың курорттық аймаққа жетуін ыңғайлы ету үшін маршруттар оңтайландырылып, вокзалдан арнайы рейстік автобустар іске қосылды. Осы мақсатта сыйымдылығы 20-дан 45 орынға дейінгі 8 жаңа заманауи автобус сатып алынды. Сондай-ақ, экологиялық тақырыпты жалғастыра отырып, Щучинск қаласындағы Дендрологиялық паркті қайта жаңарту жұмыстары аяқталып қалғанын қуанышпен хабарлаймын. Бұған дейін 175-тен астам сирек кездесетін ағаш пен бұта өсетін, алаңы 32 гектар болатын бұл бірегей жасыл алқап тек ғылыми мақсаттарда ғана пайдаланылып келген еді. Жалпы құны 200 миллион теңгені құрайтын халықаралық PROGREEN жобасы аясында туристік соқпақ, 20 орындық автотұрақ, кіреберіс топтамасы және парктің қоршау құрылыстары толық салынды.
Бұл жаңа көрікті орынның ресми ашылуы осы қыркүйек айының соңында өтеді. Ал, Бурабайдың жаңа визит карточкасы әрі мақтанышы – көптен күткен заманауи Конгресс-орталық болмақ. Бүгінгі таңда жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу жұмыстары толығымен аяқталып келеді. Жақын арада оның құрылысына ресми старт беріледі. Бұл нысан маусымдылық факторын жойып, өңірді ірі іскерлік әрі халықаралық шаралардың орталығына айналдыруға, сол арқылы маусымнан тыс уақытта да туристер ағынын тұрақтандыруға зор мүмкіндік береді.
– Ақмола облысының көрікті аймақтарының бірі – Зеренді. Осы табиғаты көркем мекеннің дамуы туралы не айта аласыз?
– Зеренді курорттық аймағының инфрақұрылымы да жоспарлы түрде нығайтылып келеді. Бүгінгі таңда мұнда 27 туризм нысаны жұмыс істейді – олар жалпы сыйымдылығы 1,3 мыңнан астам төсек-орынды құрайтын қонақүйлер, шипажайлар мен балалардың сауықтыру орталықтары. Қонақтарға жол бойындағы сервистің 24 субъектісі, «Зерен», «Aurora Garden», «Ақ Данат», «Парус» және басқа да ірі курорттық орталықтардың базасындағы сауда нүктелері мен ресторандар қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, Зеренді курорттық аймағына жеке инвестиция да тартылуда. Бұл жерде құны 135 миллион теңге болатын «Зеренді экопаркі» жобасы сәтті жүзеге асырылды. Бұдан бөлек, құны 1,1 миллиард теңге болатын заманауи Визит-центрдің құрылысы жүргізілуде. Бүгінгі таңда оның дайындығы 65 пайызды құрайды, ал, пайдалануға беру ағымдағы жылдың желтоқсан айына жоспарланған.
Зеренді аймағында жетекші демалыс нысандарының базасында шомылуға арналған 4 қауіпсіз орын ресми түрде бекітілген, сондай-ақ, Зеренді көлінің өзінде 1 коммуналдық жағажай жұмыс істейді. Демалушыларға ыңғайлы жағдай жасау және «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің шекарасында әрі Зерендінің жағалауында табиғатты сақтау үшін 6 заманауи санитарлық-гигиеналық торап жұмыс істеп тұр, контейнерлік алаңдар жабдықталып, 114 стационарлық қоқыс жәшігі орнатылды. Жағажай аймақтары көлеңкелейтін шатырлармен, киім ауыстыру кабиналарымен және шезлогтермен қамтамасыз етілген.
Зеренді курорттық аймағының қолжетімділігін арттыру мақсатында биыл стратегиялық маңызды жоба – республикалық маңызы бар «Көкшетау-Атбасар» автожолының 47 шақырымын орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Бұл жол жобасының құны 8,3 миллиард теңгеден асты. Енді курортқа дейінгі жол әлдеқайда жайлы әрі қауіпсіз бола түсті.
– Сіз басқарып отырған қауымдастық қандай мақсатта жұмыс істейді және қандай жұмыстарды атқарады?
– Біздің ұйымның басты миссиясы – уәкілетті органдармен бірлесе отырып, облыстық, республикалық және халықаралық деңгейде бизнес субъектілерінің мүддесін қорғау, өңіріміздің бірегей туристік әлеуетін табысты ілгерілетуге ықпал ету, сондай-ақ, туризм саласының заңнамалық және нормативтік-құқықтық базасын жетілдіруге үлес қосу. Бұған қоса, біз туризм саласына кадрлар даярлау процесіне қатысуға ерекше көңіл бөлеміз. Қауымдастық жұмыс берушілердің мүддесін білдіретіндіктен, білікті мамандар даярлауда жергілікті жоғары оқу орындарымен және колледждермен тығыз әріптестік орнатқан. Студенттер мен оқушылардың тікелей туристік нысандарда өндірістік тәжірибеден өтуін қамтамасыз етуге қатысамыз, сонымен қатар, барлық оқу бағдарламалары мен жоспарлары біздің қауымдастықпен келісіледі. Қауымдастық туризм саласының ең өзекті тақырыптары бойынша өтетін дөңгелек үстелдер, әртүрлі конференциялар мен форумдар түріндегі ғылыми-практикалық шараларға белсене қатысып келеді.
Қазіргі таңда қауымдастық курортология ғылыми-зерттеу институтымен тығыз ынтымақтастықта шипажай-курорттық жүйеде «Дұрыс тамақтану тұжырымдамасын» ілгерілетуде. Сондай-ақ, балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын сауықтыруда және қала сыртындағы демалысын ұйымдастыруда маңызды рөл атқаратын балалар сауықтыру орталықтарының жұмысын ынталандыру мақсатында арнайы байқау-конкурс ережесін әзірледік. Әрине, бұл салада да мәселелер аз емес, бірақ, олардың барлығы мемлекет пен бизнес субъектілерінің бірлескен мүдделілігі арқылы өз шешімін табады.
– Кәсіби мерекелеріңіздің қарсаңында оқырмандарымызға және, әрине, өз туристік қауымдастығыңызға қандай тілек білдірер едіңіз?
– Осы бірегей салаға 30 жылдан астам уақытын арнаған жандар ретінде біз өзіміздің кәсіби мерекеміз – Дүниежүзілік туризм күнін ерекше толқыныспен қарсы аламыз. Туризм саласындағы басшылар мен мамандардың қатары жас, дарынды әрі креативті кадрлармен толығып жатқанына өте қуаныштымыз. Мемлекет пен қоғам өңірлердің және тұтас еліміздің экономикасы үшін туризмді дамытудың қаншалықты маңызды екенін күн өткен сайын тереңірек түсінуде.
Кәсіби мерекеміздің қарсаңында әрбір оқырманға табиғатты сүюді және оған жанашырлықпен қарауды, адам денсаулығы мен өмірінің игілігі үшін оның ресурстарын толықтыруға әрі сақтауға атсалысуды тілеймін және баршаңызды біздің ғажайып туристік соқпақтарымызға шақырамын. Табиғатқа қаншалықты қайырымды болсаңыз, оның сіздің ұзақ өмір сүруіңізге тигізер пайдасы да соншалықты жоғары болатынын ұмытпаңыздар. Сонымен бірге, осы сәтті пайдалана отырып, әріптестеріме ризашылығымды білдіргім келеді. Алдағы уақытта курорттық аймақтарымызға демалушылар көп келіп, туристер ағыны молая берсін.
– Сұхбатыңызға көп рахмет!
Сұхбатты жүргізген Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.
![]()

