27 қыркүйек – еңбек күні
Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова еңбек күніне орай ұйымдастырылған салтанатты шарада құттықтау сөз сөйлеп, өңірдің бірқатар еңбек әулеттерін және маңдай терімен ел дамуына елеулі үлес қосып жүрген ақмолалықтарды марапаттады. Шараға еңбек ардагерлері, жас мамандар мен жергілікті кәсіпорындардың үздік еңбеккерлері қатысты.
Салтанатты шара қатысушыларына өзінің ізгі тілегін жеткізіп, құттықтау сөзін арнаған Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген барша еңбек адамдарының кәсіптері әртүрлі болғанымен, мақсаттары бір, олардың қай қайсысы болсын елдің өркендеуіне үлес қосып жүргендерін атап өтті.
Олардың қатарында 36 жылдық еңбек өтілі бар Зеренді ауданындағы «Айдабол спирт зауытының» жұмысшысы Жібек Шахметова, 41 жыл бойы еңбек етіп келе жатқан «Көкше Тазалық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің көлік учаскесінің бастығы Юрий Орёл, «Қазақстан Агро Инновациялық Корпорациясы» серіктестігінің еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы жөніндегі инженері Руслан Махметов бар.
Сонымен қатар, 61 жылдық еңбек өтілі бар бригадир-тас қалаушы Талас Қажыкенов, «Көкшетау жылу» кәсіпорнының жұмысшысы Николай Костян, «Шаруа-Көкше» серіктестігінің табыншысы Александр Дорош, «Бетеге-У» серіктестігінің жүктасушысы Виктор Филиппович, Қысқы спорт түрлері бойынша олимпиадалық даярлау орталығының құрылысшы-технигі Болат Қадыров және «Шаңырақ Р» серіктестігінің механизаторы Станислав Рудоман да құрмет төрінен көрінді.
Сондай-ақ, шарада еңбек әулеттерінің жетістігіне де ерекше мән беріліп, «Еңбек жолы» республикалық байқауының өңірлік кезеңінде үздік шыққандар марапатталды.
«Үздік еңбек әулеті» номинациясында үшінші орын Разиндер әулетіне берілді. Үш буыннан құралған бұл отбасы Зеренді ауданындағы №2 жалпы білім беретін мектепте ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып жүр. Әулет мүшелерінің педагогика саласындағы жалпы еңбек өтілі 170 жылды құрайды. Ал, екінші орын Усаниндер әулетіне бұйырды. Біржан сал ауданындағы Макинка ауылының мектебінде еңбек еткен мұғалімдер, тәлімгерлер мен спортшылардың жалпы еңбек өтілі 171 жыл. Ал, бірінші орын Гранкиндер әулетіне берілді. Әкесі мен қызы және немересі бірге жұмыс істейтін бұл әулет ауыл шаруашылығы саласының алға жылжуына зор үлес қосып, Бұланды ауданындағы «Арна» серіктестігінде көп жылдардан бері еңбек етуде.
Шара барысында жас мамандарға жол көрсетіп, өз кәсіби тәжірибесін кейінгі буынмен бөлісіп жүрген тәлімгерлер де марапатталды. «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясында үшінші орын «Урожай» серіктестігінің диірмен бастығы Рамиль Мырзағалиевке, екінші орын «Көкшетау жылу» кәсіпорнының қазандық цехының бастығы Александр Кравченкоға табысталды. Ал, бірінші орын «Семізбай-U» серіктестігінің геологиялық-геотехнологиялық қызметінің бастығы Ғазиз Жабықбаевқа берілді. Сонымен қатар, шарада жастардың кәсіби жетістіктері де назардан тыс қалған жоқ. «Үздік жас маман» номинациясында үшінші орын «Гормолзавод» ЖШС сапа бөлімінің бастығы Райхангүл Баяхметоваға, екінші орын «ҚазГер-Құс» ЖШС ветеринар дәрігері Серік Құттыбайға берілді. Ал, бірінші орын «Алтыналмас» АҚ-ның Степногорск қаласындағы бұрғылау-жару жұмыстарының шебері Әли Тілеубайға табысталды.
Сондай-ақ, орта және шағын кәсіпкерлік субъектілері арасында «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» номинациясы «Ново-Приречное» ЖШС-не бұйырды. «Үздік ұжымдық шарт» номинациясында «Гормолзавод» ЖШС, еңбек қауіпсіздігі бағытында «Burabay Grain» ЖШС үздік деп танылды. Ал, «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» номинациясы Аршалы ауданындағы «ТНС-Агро» ЖШС-не берілді.
Мерекелік шарада жұмысшы және қолданбалы мамандықтарды дәріптеуге бағытталған WorldSkills қозғалысы да айтылды. Ақмола облысында өткен «WorldSkills Ақмола – 2026» өңірлік чемпионатында жастар кәсіби шеберліктерін ортаға салды. Салтанатты жиынға чемпионаттың «Бастауыш білім беру» құзыреттілігі бойынша жеңімпазы, Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің төртінші курс студенті Рабия Зикен де қатысып, оған шарада арнайы сөз берілді.
Осылайша, Еңбек күніне арналған кеш концерттік бағдарламамен жалғасып, «Асыл мұра» халықтық би ансамблі «Қара жорға» биін билеп, «Аманат» вокалдық тобы халық әні «Нақ-нақты» нақышына келтіре шырқады. Ал, «Балақай» балалар студиясының өнері жиналғандарға ерекше көңіл-күй сыйлады.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

