
Тіл – халықтың жаны, ұлттық болмысы мен өзіндік кескін-келбетін айқындайтын басты белгісі. Тілі тұғырлы елдің тәуелсіздігі ғұмырлы, рухы асқақ, іргесі берік болары сөзсіз. Қазақстан халқы тілдері күні мерекесі аясында Көкшетау қалалық балалар кітапханасында «Сүйемін туған тілімді» атты әдеби вернисаж ұйымдастырылды.
Мемлекеттік тілдің қадір-қасиеті мен сөз байлығы насихатталған іс-шараға Көкшетау қалалық №13 «ЭКОС» мектеп-гимназиясының 5 сынып оқушылары қатысты. Шарада қазақ тілінің мәртебесі мен ана тіліміздің құндылықтары жайында әңгіме өрбітіліп, кітапхана қызметкерлері жиналған қауымды арнайы ұйымдастырылған кітап көрмесімен таныстырды.
Тіл – халықтың алтын діңгегі. Өйткені, халықтың даналығы, жырлары, шежіресі сол халықтың тілінде жазылады. Қай ұлттың тілі болмасын, өзіне қастерлі, құдіретті. Ол әр адамның бойына ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Тіл – халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін де ана тілі.
Менің ана тілім – қасиетті қазақ тілі. Қазақ тілі түркі тілдердің ішіндегі ең таза әрі бай тілге жатады. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. «Ана тілі – халық боп жасағаннан бері жан дүниеміздің айнасы, өсіп-өніп түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі. Жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы, жанның барлық толқынын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, сақтап отыратын қазына», – деп алаш қайраткері Жүсіпбек Аймауытов жазғанындай, жерін, елін сүйген әрбір азаматтың ана тіліне деген сүйіспеншілігі жоғары болуы керек. Бала өмірге келгеннен бастап, өз ана тілінде сөйлеп, ана тілінде оқып, жалпы ұлттық тәрбие алуы керек. Ана тіліміз – шыр етіп дүние есігін ашқаннан бастап, анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған байлығымыз.
Ана тілімізді көздің қарашығындай сақтай отырып, өзге тілдерді де еркін меңгеру бүгінгі заман талабы. Біздер, қазіргі жастар қауымы – заман ағымына бейімделіп, күн сайын емес, сағат сайын өзгеріп отырған әлемді бағындыруымыз керек. Ол үшін бізге өзге тілді үйрену де ауадай қажет.
Ұлы ойшыл, ғұлама бабамыз Әл-Фарабидің ізін жалғап, өзге елдердің де тілін үйренуге қазіргі уақытта мүмкіндіктер өте мол. Өйткені, қай елдің тілін меңгерсек, сол елге жолымыз ашық болады. Өзгенің тілін білсек, өнерін, мәдениетін, әдебиетін, ғылымын да меңгеруге болады. Қазақ елін қазақтың дарынды, талантты ұл-қыздары көркейтеді. Біз өзге ұлттармен терезесі тең болып, өмір сүреміз. Қазақтығымызды тілімізбен, салт-дәстүрлерімізбен, ән, күй, жырымызбен дәлелдеу үшін де тіл үйрену артық болмайды.
Тілдер күніне орай ұйымдастырылған вернисажда оқушыларға осындай ізгі ойлар мен ақпараттар айтылды. Белгілі ақын Қадыр Мырзалиев айтқандай, өз замандастарыма мен де «өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп, өз ана тілімізді құрметтеуге шақырамын.
Ақбота ЫҚЫЛАС,
Көкшетау қалалық орталық үлгілі
кітапханасының меңгерушісі.
![]()

