Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы

Әр адамның өмірінде жүрегінің төрінен орын алатын, келешегіне бағыт беріп, жанына жылу сыйлайтын қымбат адамдары болады. Мен үшін сондай асыл жандар – менің атам Еркін Дәуешұлы мен әжем Хамила Құлбекқызы.

Олар менің балалық шағымның ең жарық естелігі ғана емес, әулетіміздің абыройы, ұрпаққа үлгі болған өнегелі тұлғалар.

Мен бала кезімнен ата-әжемнің мейіріміне бөленіп өстім. Әжем Хамила Құлбекқызы (суретте) бар саналы ғұмырын білім беру саласына арнаған ардақты ұстаз. Математика пәнінен сабақ беріп, талай шәкірттің жүрегіне білімнің шамын жаққан адам. Ол менің де алғашқы ұстаздарымның бірі болды. Бастауыш сыныпта оқып жүргенімде менімен бірге сабақ қарап, әр тапсырманы сабырмен түсіндіріп, білімге деген жауапкершілікті бойыма сіңірді. Оның жанында отырып, мен тек есеп шығаруды ғана емес, еңбекқорлықты, ұқыптылықты, төзімділікті үйрендім.

Әжем жетпіс жастан асқанға дейін мектепте еңбек етіп, өзінің ұстаздық жолына адал болды. Ол кісіні шәкірттері әлі күнге дейін қатты құрметтейді. Бұл адамның қызметінің ғана емес, жүрегінің де өмірге із қалдырғанының белгісі. Әжемнің «Білім беру ісінің үздігі» атануы, таяуда Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 28 мамырдағы Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы берілуі көп жылғы еңбегінің лайықты бағасы. Мен үшін әжемнің осындай әр жетістігі – үлкен мақтаныш.

Атам Еркін Дәуешұлы да мен үшін нағыз үлгі тұтар өнегелі тұлға. Ол жас кезінде мектеп директоры болып, үлкен жауапкершілікті ерте арқалаған. Өмірінің көп жылын білім беру саласына, ұрпақ тәрбиесіне, елге қызмет етуге арнады. Атам тек басшы ғана емес, психолог, ұстаз, қоғамға ой айта білетін қаламгер. Оның бойындағы парасаттылық, сабырлылық, әділдік пен терең ой мені әрдайым таңғалдырады.

Атам – елге сыйлы, қадірлі азамат. Ол зейнетке шықса да, қарап отырған емес. Газет-журналдарға, соның ішінде Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетіне де мақалалар жазып, қоғамдағы маңызды әлеуметтік мәселелерді көтеріп келеді. Сонымен қатар, естелік кітаптар жазып, артынан рухани мұра қалдыруда. Оның айғағы туған ауылы туралы жарық көрген туындылары, соғыс кезінде сол ұжымшардағы басқарма төрағасының негізсіз жаланың құрбаны болғанын жалғанның жарығына шығаруы, әйгілі жерлес жазушы Жайық Бектұровты еліне таныстырып, Ақкөл қаласындағы өзі іргетасын қалаған қазақ орта мектебіне есімін бергізіп, бір көшенің Ж.Бектұров аталуына арналған кітабы, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың туған ауылын көркейтуге бастамашы болып, Ақкөл қаласында сол кісінің атында саябақ ашқызып, үлкен ескерткішін орнатуға сіңірген еңбегі, мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеновтің есімін тарихта қалдыруға атсалысуы. Оның әр мақаласынан елге деген жанашырлық, әр ойынан халыққа қызмет етудің биік үлгісі көрініп тұрады. Атамның Қазақстан Журналистер одағының мүшесі болуы, «Құрмет» орденінің иегері және «Ақкөл ауданының құрметті азаматы» атануы еңбегі мен беделінің айқын дәлелі.

Мен атамның өмірге деген құштарлығына ерекше сүйсінемін. Көп адам зейнет жасына жеткен соң, тыныштықты қалайды, ал, менің атам әлі де ізденісте, қозғалыста, еңбекте, бір сөзбен айтқанда, алдыңғы сапта. Ол таңертең ерте тұрып, дене шынықтырумен айналысады, скандинавия таяғымен жүреді, бассейн мен жағажайға барады. Бұл мен үшін де үлкен сабақ. Адам қай жаста болса да, өзін дамытудан, елге пайдалы болудан, өмірге белсенді көзқараспен қараудан бас тартпауы керек. Туған топырағы – Амангелді ауылына жанашырлығы да өз алдына бөлек әңгіме. Кезінде жаңа типтегі екі қабатты мектеп салғызуы, қолынан іс келетін жас ұстаздардың сегіз-тоғызын ауданда директорлық қызметке көтеруі, ауылдың ең негізгі проблемасы – көпір мәселесін әр әкім ауысқан сайын көтеріп, бұқаралық ақпарат құралдарында  жариялауы, Ұлы Жеңістің 70 және 80 жылдық мерейтойларын атап өтуге бастама көтеруі атамның туған ауылына деген перзенттік сүйіспеншілігі мен жанашырлығы.

Ата-әжемнің ең үлкен байлығы – олардың тәрбиелеп өсірген ұрпағы. Екеуі алты баланы бағып-қағып, өз қолдарын өз ауыздарына жеткізді. Әжем «Күміс алқа» иегері атанып, аналық мейірімі мен ұстаздық жолын қатар алып жүрді. Балаларының әрқайсысы өмірден өз орнын тауып, биік жетістіктерге жетіп, елімізге адал қызмет етіп келеді. Бұл ата-әжемнің оларға берген тәрбиесінің, отбасындағы береке мен бірліктің, адал еңбек пен дұрыс бағыт-бағдардың жемісі.

Менің тегім – атамның есімі. Бала кезімде бұған онша мән бермейтінмін, ал, қазір бәрін түсінемін. Бұл маған үлкен жауапкершілік те жүктейді. Сондықтан, не істесем де, осы атқа лайық болуға тырысамын. Менің әрбір жетістігім, әрбір дұрыс қадамым ата-әжем берген тәрбиенің жалғасы деп білемін.

Тағы да қайталап айтсам, ата-әжем өмір бойы білім саласында қызмет етті, талай шәкірт тәрбиеледі, ел ішінде құрметке бөленді. Бірақ, мен үшін олар ең алдымен, менің аяулы әжем, ардақты атам. Біз, немерелері, өз ата-әжемізбен шын жүректен мақтанамыз және сол кісілерге ұқсауға тырысамыз.

Мен ата-әжемді шексіз жақсы көремін. Олардың ақ батасы, өнегелі өмірі, адамдық болмысы ұдайы менің жүрегімде, өн бойымда жүреді. Осындай ата-әженің – атамдай орденді ұлағатты ұстаздың, әжемдей Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазының немересі болу мен үшін үлкен бақыт, үлкен мақтаныш және өмір бойғы аманат дер едім. Төл мерекелеріңізбен, аяулы ата-әже!

Хадиша ЕРКІН,
мемлекеттік қызметші.

 Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар