Адал маңдай тер ескерусіз қалмайды

Еңбек – ел мұраты

Жуырда Астана қаласында Еңбек күніне арналған «Еңбек – ел мұраты» республикалық форумында ел экономикасының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін «Семізбай-U» ЖШС «Семізбай» кенішінің слесарі Оралбай Айтпайұлы Құсайынов Премьер-Министр Олжас Бектеновтың қолынан жоғары мемлекеттік марапат – «Құрмет» орденін алды. Кейбір адамдардың абыройы мен беделі даңғаза сөзбен емес, жылдар бойы жиналған мол тәжірибемен, іске деген адалдықпен және жоғары жауапкершілікпен қалыптасады.

Өз ісінен дұрыс нәтиже шығара білетін, әріптестеріне демеу, ұжымына арқау бола алатын осындай еңбек адамының бірі – 33 жылдық еңбек өтілі бар Оралбай Айтпайұлы Құсайынов.

Оралбай Айтпайұлы 1973 жылғы 10 ақпанда Ақкөл ауданының Калинин ауылында дүниеге келген. «Семізбай» кенішіне жұмысқа орналасқанға дейін ол түрлі салаларда еңбек етіп, кәсіби тәжірибе жинақтады. Еңбек жолының әрбір кезеңі оның білігін арттырып, ортақ іске деген жауапкершілігін шыңдай түсті.

Оның негізгі еңбек жолы Біржан сал ауданының аумағында орналасқан «Семізбай-U» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің  «Семізбай» кенішімен тығыз байланысты. Дәл осы өндіріске келгеннен кейін Оралбай Айтпайұлының уран өндіру саласындағы жаңа кәсіби кезеңі басталды.

«Семізбай» кенішіне ол 2012 жылдың ақпан айында арнайы шақырумен келді. Кәсіпорындағы алғашқы еңбек жолын қауіпті жүктерді тасымалдайтын жүргізуші болып бастап, бұл салаға тоғыз жылға жуық уақытын арнады. Бұл бағыт техниканы шебер меңгеруді ғана емес, сонымен бірге жүргізушінің тәжірибелілігін, темiрдей тәртіпті, қырағылықты және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды да талап етеді. Көліктің техникалық жағдайын үнемі бақылауда ұстау да бұл жұмыстың ажырамас бір бөлігі. Өндіріс жағдайында жүргізушінің жауапкершілігі өте жоғары, өйткені, оның әрбір әрекеті адамдардың қауіпсіздігіне және өндірістік тапсырмалардың мезгілінде орындалуына тікелей байланысты.

Жүргізуші болып жұмыс істеген жылдары Оралбай Айтпайұлы көлік техникасын және оны кеніш жағдайында пайдаланудың қыр-сырын терең меңгерді. Күнделікті тәжірибенің арқасында ол техникадан бір кішкене ақау байқап қалса болды, оның себебін дөп басып анықтап, лезде ретке келтірді. Сөйтіп, жұмыстың тоқтамауы үшін жағдай жасады.

Жылдар бойы жинаған толымды тәжірибе оның кәсіби өсу баспалдағына айналды. 2021 жылдың қаңтар айында Оралбай Айтпайұлы «Семізбай» кенішіндегі көлік қызметіне автокөліктерді жөндеу және техникалық қызмет көрсету слесарі болып ауысты.

Жүргізушілік жолда жинаған мол тәжірибесі Оралбай Айтпайұлының жаңа қызметінде үлкен артықшылыққа айналды. Бүгінде ол автокөлікті жай ғана механик көзімен емес, оны өндірістің қиын да шынайы жағдайында жылдар бойы тізгіндеген кәсіби маман ретінде терең түсінеді. Тәжірибесі мен біліктілігінің арқасында Оралбай кез келген ақаудың себебін тез арада анықтап, көліктің техникалық жағдайын дәл бағалайды әрі әрдайым дұрыс шешім қабылдай біледі.

Жылдар бойы қалыптасқан оның басты кәсіби ұстанымы: «Басталған іс сапалы түрде аяқталуы тиіс». Сондықтан, әріптестері оны сенімді серік ретінде ерекше құрметтейді. Күрделі жағдай туындаса, ешқашан шет қалмайды, ақауды жоюға көмектесіп, жинаған білімімен әрдайым бөлісіп отырады.

Ұжым оны тек кәсіби шеберлігі үшін емес, ұстамды мінезі, адалдығы, сенімділігі мен бауырмалдығы үшін де сыйлайды. Әріптестер арасындағы шынайы бедел лауазыммен бірге берілмейді, ол күнделікті адал еңбекпен және адамгершілік қасиеттермен қалыптасатынын Оралбай Айтпайұлы өз ісімен дәлелдеп келеді.

Оралбай Айтпайұлының жұмысындағы ерекше бағыт – жас мамандарға қолдау көрсету. Оның 33 жылдық еңбек жолы оқулықтар мен техникалық нұсқаулықтардан таба алмайтын мол тәжірибе мектебі десе болады. Ол осы жиған-терген тәжірибесін жастарға ықыласпен үйретеді. Сабырмен түсіндіріп, іс жүзінде көрсетіп, қай тұсқа ерекше назар аудару керектігін егжей-тегжейлі айтып отырады. Бұл сабақтастықтың ұжым үшін маңызы өте зор, себебі, аға буын өкілі жастарға тек шеберлікті ғана үйретіп қоймай, мамандыққа деген жауапкершілік пен адалдықты да дарытады.

Онжылдықтар ішінде техника да, технология да, өндірістік процестер де өзгерді, қауіпсіздікке қойылатын талаптар да артты. Бірақ, Оралбай Айтпайұлының «Семізбай-U» серіктестігііне келуі оның уран өндірісі саласындағы әлеуетін толық ашуына жол ашты.

Бүгінде оның жалпы еңбек өтілінің 14 жылдан астамы уран өндіру саласымен және «Семізбай-U» жауапкершілігі шектеулі серіктестімен тығыз байланысты. Осы жылдар ішінде ол қауіпті жүк тасымалдаушы жүргізушіліктен автокөлік жөндеу бойынша білікті маман деңгейіне дейін көтерілді.

Кәсіпорынның тұрақты жұмысы осындай қарапайым еңбек адамдарының маңдай терімен жасалады. Олардың үлесі тек өндірістік көрсеткіштермен өлшенбейді. Бұл үлес сондай-ақ, жинақталған тәжірибеде, кәсіби дәстүрлерді сақтауда және жастарға өнеге болуда жатыр.

Өндірістен тыс уақытта да Оралбай Айтпайұлы отбасына қамқор, жауапты азамат. Зайыбы екеуі шаңырақтың берекесін кіргізіп, бауырлары мен жақындарына тіреу болып отыр. Ол үшін отбасы – қамқорлық пен өзара қолдаудың мекені.

Сөз басында айтқанымыздай, жуырда Оралбай Айтпайұлының көпжылдық адал еңбегі мемлекет деңгейінде лайықты бағасын алды. Бұл марапаттың артында еселі еңбек жолы, мыңдаған жұмыс күндері, үлкен жауапкершілік пен әріптестерінің шынайы құрметі тұр.

«Құрмет» ордені – өз ісіне адал, жауапкершілігі жоғары азаматтың маңдай теріне берілген әділ баға. Оның өмір жолы шынайы беделдің сөзбен емес, тек іспен және жылдар бойғы адал еңбекпен келетінін тағы бір мәрте дәлелдей түседі.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Біржан сал ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар