Берекелі әулетін мейірім шуағына бөлеген  

1-31 қазан – Қарттар айлығы

тоқсанның тұғырындағы Бегайдар және Дәмеш Зейнуллиндердің ғибратты ғұмыр жолдарынан бір үзік сыр

Ата-аналық парыздарына адалдық танытып, отбасылық бірліктің, татулықтың жарқын үлгісін көрсете білген Қошқарбай ауылының қос қариясы, қарт ұстаз Бегайдар және Дәмеш Зейнуллиндердің жетпіс жылдық жұбайлық ғұмыры – баға жетпес асыл мұра. Бүгінгі әңгімеміз бұған қоса, инабатты да ибалы, ақжарқын мінезімен шаңырағын шаттыққа бөлеп отырған тыл еңбеккері, аяулы ана Дәмеш Қажықанқызының тоқсан жылдық өмір өрнектері жайлы болмақ.

Мәңгі жап-жасыл қалың қарағайлы Қошқарбай тауының маңында қоныстанған қазақ ауылдарындағы Қарауыл-Жаулыбай ұрпақтары бертінге дейін Ленин сегізжылдық мектебінде оқыды. Өндіріс пен Кеңөткелдің балалары интернатта тұрса, араларында аталас туыстарын паналағандары да болды. Осындай ағайындық қарым-қатынастардың арқасында жастардың достық, жолдастық байланыстары нығайып, сүйек жаңғыртып отау да құрды.

Көзінің қарашығындай жалғыз немересі Бегайдардың шаңырақ көтеруін армандаған Зейнолла атасы мен Ділдә әжесі, Батиха анасы Өндіріс ауылының абыз қариясы Қажықан Мұстафиннің сүйкімді де қылықты қызы Дәмешті уыстарынан шығармауды ұйғарды. Оған себеп – Дәмеш Қошқарбай мектебінде оқығанда болашақ ата-енелерінің үйінде тұрған болатын. Бала жасынан Мұқановтар әулетінің салт-дәстүрін, өнегелі қасиеттерін зердесіне тоқып өсті. Қариялар инабатты қыздың мінез-құлқын, үй шаруасына ептілігін қатты ұнататын. Бұл шешімге анасы Күлжамал да, туыстары да қарсы болмаса керек-ті.

Ата салтымен әуелі құдалық рәсімін өткізіп, артынан көл-көсір той да жасады. Міне, Дәмеш тәтеміздің Зейнолла атаның киелі босағасын үкілі үмітпен келін болып аттағанына да жетпіс жылдың жүзі болыпты-ау. Ал, мың жылдық құдасы Қажықан ақсақалға Зейнолла атаның өзі ұстаған арлан қасқырдың терісін қонақ кәде ретінде сыйға тартуы екі әулеттің сыйластығын мәңгілікке паш еткендей.

Шаңырақтың шаттығы мен ырысы «қойшының таяғынан, келіннің аяғынан» демекші, Дәмеш үйдегі, түздегі шаруаны қолына алғалы қариялардың еңбегі жеңілдеп, көңілдері серпіліп қалды. Күнделікті ас пісіруден басқа, өрістен келген малды қарсы алып, үйдің маңын мұнтаздай етіп сыпыруды да ол тікелей өз міндетіне алды. Тұрмысқа шығардың алдында Көкшетаудағы тігін фабрикасында істегендіктен, ісмер келін төсек-орынды да жаңартып, төсенішті әдемі құрақпен тыстады. Жас келіннің бұл талабына туыстары да сүйсініп, ризашылықтарын білдіріп жатты.

Ежелден дәм-тұздары жарасқан екі әулеттің шыққан тегі жайлы айтар болсақ, Зеренді ауданындағы Өндіріс, Жамбыл, Үлгілі, Кеңөткел колхоздарының төрағасы болған Қажықан Мұстафин – Жаулыбай-Дүйсеннің Бабас ұрпағынан тарайды. Оқығаны да, тоқығаны да мол қазыналы қария ел арасында өте беделді болды. Отыз жыл ел басқарған қызметі лайықты бағаланып, «Еңбек Қызыл Ту» орденін Бүкілодақтық староста Михаил Калининнің қолынан алғанын қалайша мақтан етпеске.

Ұлы Отан соғысының жаралы жылдарында Қажықан ақсақалдың «Жамбыл» колхозын өркендетуге сіңірген еңбегі жайлы ел ағасы Болат Көшімбаев «Ақиқат жолы – алыс жол» деген кітабында былайша жылы лебіз білдіріпті: «Жаңатуған елі Қ. Мұстафинді құрмет тұтып, қадірлей білді. Колхоз басшысы да ауыл тұрғындарымен тіл табысып, қажырлы еңбек етті. Ол басқарған жылдары бір адам зәбір көріп, қиянат кешкен жоқ».

Осылай ел игілігі жолындағы еңбегі еленіп, 1939 жылы «Құрмет Белгісі» орденімен, үш бірдей медальмен марапатталып, ауылдық, аудандық Кеңестерге бірнеше мәрте депутат болып сайланды. Қажықан ата мен Күлжамал әжеміз он бір ұрпағына қоса, екі ағасының жастайынан қалған төрт баласын да қамқорлығына алып, бәрін тәрбиелеп, жетілдірді.

Бір тамашасы – Өндіріс ауылының жастары аузы дуалы, қазыналы қария Қажықан аталарынан бата алмай, ұзақ сапарға шыққан емес. Бұл дағды Балағазының Келдібек-Әтенбек-Бәтірбек ұрпақтары үшін бұлжымас заң саналатын. Бәлкім, осындай шынайы сыйластықтан болар, ауылдың үлкен-кішілері Қажықан атаны «Жәжә» деп ерекше құрметтеп өтті. Біздің бала кезімізде көкірек көзі ояу ауыл ақсақалдарының бір-біріне деген риясыз көңілдері мен сыйластықтары ерекше болатын. Әсіресе, кезінде ел басқарған дана қариялар бір дастархан басында кездесе қалғанда, көне тарихтан сыр шертіп, елді бірлікке, татулыққа үндеп отыратын. Зейнолла Мұқанов атамыз болса, Қошқарбай баурайындағы Жаулыбай ұрпақтарымен көне ғасырдан бері сыйластықтары жарасқан Жалайыр-Сиыршының бел баласы. Ділдә әжеміздің Қарауылдың атақты Әз-Бөгенбай әулетінен тарайтын тектілігі бар.

Неміс ұлтының өкілі Каспермен колхозда бірге ұста болып істеген атамыз өзінің шаруақорлығымен де ауыл адамдарының ілтипатына бөленді. Қолы бос уақытта қария аңшылық кәсіпшілігімен айналысып, алдына түскен аңды қалт жібермейтін. Тіпті қасқырды тірідей ұстап, ауылға алып келгені де бар.

Бегайдар ағаның тоғыз айынан Зейнолла атасы мен Ділдә әжесінің тәрбиесінде болуының басты себебі – Зеренді өңіріндегі атышулы Досқара ауылнайдың төрт ұлының бірі, яғни, әкесі Құмарланның ерте қайтыс болуы. Елі еркелетіп Құмаш деп атаған бұл азамат Зеренді аудандық оқу бөлімінде инспектор болып істеген-ді.

Қаршадайынан алғырлығымен танылған өршіл өрен Бегайдар 1942 жылдың күзінде ауыл мектебінің табалдырығын аттап, алғашқы ұстаздары Кәкім Қожантаев пен Көкенай Мақановадан тәлім-тәрбие алды. Атасының етегіне жармасып өскен талапкер жас қолынан домбырасын тастамай, әншілік пен күйшілік өнерді өміріне серік етті. Ал, шахмат ойнағанда алдына жан салмайтын.

Ауыл мектебін үздік бітірген Бегайдар Зейнуллин де Көкшетаудағы қазақ педагогикалық училищесінде оқып, 1953 жылы алғашқы ұстаздық қызметін Ермаковка сегізжылдық мектебінде бастап, одан әрі қызметін Қошқарбай, Кенөткел мектептерінде жалғастырды. Осылай жылдар жылжып өтіп жатты. Білім ошақтарының материалдық-техникалық базасы нығайып, кадрлардың кәсіби біліктілігі өсті. Теориялық білімін жетілдіру мақсатында Бегайдар мұғалім Қарағанды педагогикалық институтында сырттай оқыды.

Жетпісінші жылдары қазақ ауылдарының оңтайландырылуына байланысты мектептер жабыла бастады. Осындай сындарлы сәтте тәжірибелі ұстаз ретінде 1973 жылы Заборовка сегізжылдық мектебінің оқу ісінің меңгерушілігіне жоғарылатылып, тарих пәнінен сабақ берді.

Жас жеткіншектердің тағдырына қатты алаңдайтын ел ағасын ескірген мектептің мүшкіл халі қатты қапаландырды. Өйткені, жаңа білім ордасын салуға совхоздың қауқары жетпейтін. Осындай қысылтаяң сәтте Бегайдар ағаның өмірінде ұлағаты мол қуанышты оқиға болды.

Зеренді ауданына іссапармен келген Көкшетау обкомының бірінші хатшысы Еркін Әуелбеков шаруашылықтарды аралап, Заборовка ауылына да ат басын тіреді. Бөлімше кеңсесінде өткен әңгімеге қарт ұстаз Бегайдар да қатысып, жаңа мектеп салу жөнінде елдің өтінішін жеткізді. Ел тағдырына қатысты түйінді мәселені сөзбұйдаға салмай, тез шешетін әдетімен Еркін Нұржанұлы аудан, совхоз басшыларына келесі оқу жылына жаңа білім ордасын салу жөнінде нақты тапсырма берді.

Осылай заманымыздың заңғар тұлғасы Еркін ағаның шапағатымен уәделі уақытта ауыл балалары жаңа мектептің босағасын аттады. Ата-аналар Бегайдар мұғалімге көрегендігі, жанашырлығы үшін ризашылығын білдіріп жатты. Педагогика саласындағы көпжылғы жемісті еңбегі еленіп, ол «Қазақстан Республикасы оқу-ағарту ісінің үздігі» төсбелгісімен, «Еңбек ардагері», «Тыл еңбеккері» медальдарымен марапатталды.

Бегайдар аға мен Дәмеш тәтей Алтын, Кәдірбек, Мұратбек, Күміс, Еркінбек, Ерландай ұлағатты ұл-қыз өсіріп, 9 немере, 6 шөберенің ілтипатына бөленген бақытты әке-ана, ата-әже. Құдайға шүкір, балалары да ата-ананың үмітін абыроймен ақтап, бас-басына іргелі отау құрды. Сауда, ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша жоғары оқу орындарын бітіріп алды. Зейнетке шықса да, қызмет істеп жүргендері де бар. Зейнолла атасының абыройын асқақтатқан алты немеренің ішінде Мұратбектің ғана мамандығы өзгешелеу. Новосибирск әскери училищесін бітірген ұланымыз – Қазақстан Қарулы Күштерінің полковнигі.

Қос қария жастары шарғайса да, шақырған жерден қалмайды. Қазіргі таңда Көкшетау қаласындағы «Бірлік» ықшам ауданының Жазира көшесі, 32-мекен-жайындағы атшаптырым үйде кенже ұлы, құрылыс-технологиялық колледждің директоры Ерлан мен Алтайдың ару қызы, облыстық архив директорының орынбасары Ділдардің отбасымен бірге тұрып жатыр.

– Ерлан баламыз Халықаралық білім беру және инновация орталығы ұйымдастырған «WorldSkills Shanghai 2026 және ШЫҰ елдерінің I халықаралық Саммиті: ТжКБ жүйесіндегі жаһандық бенчмаркинг» тақырыбында 21–28 қыркүйек аралығында Қытай Халық Республикасының Шанхай, Сучжоу және Нанкин қалаларында өткен тәжірибе алмасу бағдарламасына қатысып келді. Ұлымызға көрсетілген бұл құрметке бір жағынан қуансақ та, алыс жолдан аман-есен келгенінше алаңдап отырдық. Біздің ендігі тағдырымыз осы ұрпақтарымыздың қолында болғандықтан, Жаратқан иемнен амандықтарын тілеп отырамыз, – дейді қарт ұстаз Бегайдар аға  мен Дәмеш  тәтей.

Иә, Зеренді өңірінің қазыналы қариялары, ел ардақтылары Қажықан мен Күлжамал әке-шешенің, Зейнолла мен Ділдар ата-әженің тәлім-тәрбиесін көріп, шаңырақты шаттыққа бөлеп, мерейлі тоқсан жастың белесіне шығып отырған Дәмеш апамызға біз де әрі қарай мына өмірдің  шаттығы мен қуанышын тілейміз.

Балталы СӘРСЕНБАЕВ,
ақпарат саласының үздігі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар