Бүгінде аймақ жұртшылығы тұрмыстық немесе тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына қатысты кез келген мәселені шешу үшін 109 нөмірін тереді. Жыл басынан бері Ақмола облысындағы осы «iKOMEK109» бірыңғай байланыс орталығына 40 мыңға жуық тұрғын хабарласқан көрінеді. Тәулік бойы үзіліссіз жұмыс істейтін бұл қызмет өңірдегі жедел әрі сапалы кері байланыс жүйесін қалыптастырып үлгерді.
iKOMEK109 операторлары халықтың әртүрлі сала бойынша өтінімдерін қабылдайды. Мәселелерді қарау мерзімі оның сипаты мен шұғылдығына тікелей байланысты. Мәселен, ашық қалған құдықтар, су құбырының жарылуы немесе электр энергиясының кенет өшіп қалуы сияқты апаттық жағдайларға қатысты шұғыл өтінімдер бірінші кезекте қабылданып, жедел жойылады. Ал, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына байланысты өтініштердің басым бөлігі, сонымен бірге, медицина саласына қатысты түскен шағымдар мен ұсыныстар тиісті мамандар тарапынан 15 жұмыс күні ішінде толық қаралады.
– iKOMEK-тің басты міндеті – өңір тұрғындарының өз мәселесі туралы хабарлауын және қажетті көмекті барынша жеңіл алуын қамтамасыз ету. Біз тек қоңырау қабылдап қана қоймаймыз, өтініштердің аяғына дейін сапалы орындалуын қатаң бақылауда ұстаймыз. Мәселен, экология мен абаттандыруға бағытталған «Таза Қазақстан» сервисі арқылы бүгінге дейін 513 өтініш тіркеліп, оның 424-і оң шешімін тапты, – дейді бірыңғай байланыс орталығының басшысы Оксана Кособокова.
Мамандардың мәлімдеуінше, облыс орталығындағы жағдай мен тәртіпті бақылау тек тұрғындардың хабарламасымен шектелмейді. Өңірде цифрлық технология мүмкіндіктері де кеңінен қолданысқа енгізілуде. Солардың бірі әуеден мониторинг жүргізетін заманауи дрондар. Былтырдан бері «Қазақтелеком» акционерлік қоғамымен бірлесіп іске қосылған «Дрондардың бірыңғай инфрақұрылымы» пилоттық жобасы биыл ауқымын одан әрі кеңейткен көрінеді. Қазіргі таңда аймақта 22 ұшу аппараты, атап айтқанда, 21 стационарлық дрон және 1 мобильді кешен жұмыс істеп тұр. Ақмола облыстық цифрландыру және архивтер басқармасының маманы Сәуле Сембаеваның айтуынша, бұл аппараттардың негізгі мақсаты өңірдегі экологиялық жағдайға тұрақты бақылау жүргізу болып табылады.
Көкшетаулықтар мен облыс тұрғындары үшін инфрақұрылымдық ақауларды хабарлау өте оңай. Тұрғындар қолындағы смартфоны арқылы бірнеше секундта өтінім жолдап, өз ұсыныстарын жеткізе алады. Ол үшін 109 қысқа нөміріне қоңырау шалуға, Instagram-дағы ресми парақшасына жазуға, Telegram-бот сервисін пайдалануларына болады.
Бұл ретте, мамандар тұрғындарға цифрлық қызметтерді пайдалану кезінде жеке деректерінің құпиялылығын сақтау қажеттігін ескертеді. Тұрғын үй немесе жол мәселесі бойынша өтінім қалдыру үшін артық құжаттың қажеті жоқ, тек мекенжайды, қаланы және мәселенің мәнін нақты көрсету жеткілікті екендігін айтады.
Ы.ШАМШИЕВА.
![]()

