Жасанды интеллект
Жуырда Көкшетау қаласында өткен аграрлық саладағы IT-байқауына қатысушылар жасанды интеллектінің негізінде құрастырған өз жобаларын саланың білікті сарапшылары мен жиынға келушілерге таныстырды.
Іс-шарада сала мамандары, бағдарламалық жасақтаманы әзірлеушілер, кәсіпкерлер мен аграрлық сала өкілдері бас қосты. Өз жұмысын 2023 жылы бастаған хаб осы уақыт ішінде, әсіресе, жас буынға жасанды интеллектіні меңгеріп, стартаптарды қолданысқа енгізуге ықпал ететін алаңға айналды. Хакатонның шешуші кезеңі өңірлік Aqmola Hub IT-хабының үш жылдығымен бірге аталып өтті. Мерейтой қарсаңындағы іс-шарада кәсіпкерлік саладағы технологиялық тың шешімдер, жасанды интеллекті мен ауыл шаруашылығындағы тәжірибелік шешімдер ұсынылды.
– Агроөнеркәсіп кешені өңіріміз үшін стратегиялық маңызы бар басты сала. Бастамаларымызды жүзеге асыруда «Digital Aqmola» ұйымы мен серіктестіктің орны бөлек. Озық IT-шешімдер мен жасанды интеллектіні енгізу дәстүрлі ауыл шаруашылығын мүлдем жаңа тиімділік деңгейіне көтеруге, шығындарды азайтуға және өнімділікті арттыруға жол ашады. Бұл хакатон жастарымыздың ауқымды міндеттерді шешуде тың көзқарастары мен техникалық құзыреттерінің зор екенін көрсетіп отыр, – деді Aqmola Hub өңірлік IT хабының басшысы Әсел Әбдірахманова осы байқауда.
Бағдарламашылар додасы аясында қатысушылар алдымен технологиялық шешімді қажет ететін мәселелерді саралады. Сөйтіп, байқауда өз өнертабыстарын таныстырып, шешуші күні қазылар алқасының алдында жобаларын қорғауы тиіс болды. Олар осы жолда өз жобаларын таныстырып қана қоймай, негізгі тұтынушыларының кім екенін айқын көрсетіп, өнімдерін әрі қарай жетілдіру жолын баяндады.
Нәтижесінде «Qagro» жобасының авторлары Аңсар Қайырбек пен Абылайхан Самат байқаудың ІІІ орын иегерлері атанды. Көкшетау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі оқушыларының бұл жобасы егін шығымдылығын алдын ала болжауға және егістіктерді сақтандыруға бағытталған. Басты мақсат – аграрлық саладағы түрлі тәуекелдердің алдын алу. Жобаны әзірлеуге бар болғаны 4 күн уақыт берілді. Осы аралықта міндеттерді өзара бөлісіп, Аңсар ML-әзірлеу мен Telegram-бот жасауға жауапты болса, Абылайхан веб-қосымшаны құрастырумен айналысты.
– Жобамыздың басты артықшылығы – егістік алқаптарын сақтандыру тетіктеріне басымдық берілуінде және дақылдардың бірнеше түріне арналған кешенді шешім ұсынуында. Бұл жүлде біздің дұрыс бағытта келе жатқанымызды және уақытымызды босқа өткізбей, нәтижелі еңбектеніп жүргенімізді көрсетті. Онлайн кездесу мен дұрыс қойылған техникалық тапсырманың арқасында жұмысты уақытылы, шығармашылықпен орындап шығуды үйрендік, – дейді бұл ретте, жоба авторлары.
Ал, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенті Мирас Шамшидов жүлделі ІІ орынды иеленді. Мирастың жобасы – ауыл шаруашылығындағы кескіндер мен суреттерді өңдеп, қажетті нысандар мен белгілерді автоматты түрде тану үшін жасанды интеллектіні пайдалану.
–Уақыт шектеулі болғандықтан, жұмыс өте қарқынды жүрді. Меніңше, техникалық күрделі әдісті күнделікті өмірде қолдануға жарата білуім жүлделі екінші орынға жеткізді. Бұл нәтиже – деректертану, машиналық оқыту мен компьютерлік көру бағытындағы білімімді іс жүзінде қолдануға болатынын дәлелдеді. Әсіресе, таныстырылымнан кейін жобаға бизнес өкілдерінің қызығушылық танытуы мен үшін өте құнды болды, – дейді бұл жүлдегер де.
Хакатон жеңімпазы, Польшадағы бизнес және ұлттық луис университетінің студенті Данил Мирошниченко ауыл шаруашылығы мамандарына таптырмас жоба ұсынды. Данилдың ойлап тапқан жүйесі өсімдіктің ауруын фотосурет арқылы анықтап, шешу жолын да ұсынады. Сондай-ақ, дрон арқылы мал басын түгендеп, қайсысы сырқаттанғанын анықтай алады. Ондағы жасанды интеллект жүйесі егіс алқабына дербес баға беруге мүмкіндік береді.
– Жобаны әзірлеуде командасыз, жалғыз жұмыс істедім. Осы идеяны қолданысқа енгізу үшін күні-түні тыным таппай, бар күш-жігерімді салдым. Жобам жасанды интеллектінің терең интеграциялануымен және функционалдық мүмкіндіктерінің кеңдігімен ерекшеленді. Жеңіске жетуіме де осы артықшылықтар түрткі болды. Бұл нәтиже үздіксіз жетіліп, қатарластарымнан қалмай келе жатқанымның айқын дәлелі. Байқаудың ұйымдастырылу деңгейі өте жоғары. Сондықтан, осы істің басы-қасындағыларға алғысым шексіз, – дейді жеңімпаз.
Бүгінде Aqmola Hub білім мен ақпараттық технологиялардың, жасанды интеллекті мен стартаптарды дамыту және кәсіпкерлік алаңына айналды. Мұнда әрбір талапты маман мен жас кәсіпкердің өз әлеуетін жетілдіруіне жан-жақты қолдау көрсетіледі. Мұны өз сөзінде өңірлік IT хабының басшысы Әсел Әбдірахманова да атап өтті. Ұжымның өнімді жұмысының арқасында Ақмоланың мыңдаған тұрғыны цифрлық дағдыларға бейімделді және бейімделе түсуде.
Өңірдегі заманауи ұжым қол жеткізілген нәтижелермен тоқтап қалмай, жаңа білім беру курстарын, яғни, интенсивтер мен салалық бағдарламаларды үйретуді жалғастыра бермекші.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

