16 қазан – Дүниежүзілік нан күні
Бірсуат ауылында күн сайын жаңа піскен нанның хош иісі аңқитын шағын наубайхана бар. Мұнда әр отбасының дастарқанынан орын алатын, күнделікті тұтынатын ең қажетті тағамдардың бірі – нан пісіріледі.
Наубайхана ғимараты сонау 1967 жылы салынған. Бүгінде кәсіпорын «Бірсуат-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрамында жұмыс істеп, ауыл тұрғындарын күнделікті жаңа піскен нанмен қамтамасыз етіп келеді.
Ауыл әкімінің 2026 жылдың тоғыз айындағы есебіне сәйкес, наубайханада тәулігіне орта есеппен 140 бөлке нан пісіріледі. Бұл – өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын наубайшылардың күнделікті еңбегінің нәтижесі.
Наубайхана ұжымында Евгения Анатольевна Попик пен Алла Николаевна Бегимованың еңбегін ерекше атап өтуге болады. Екі маман да бұл салада он жылға жуық уақыт еңбек етіп келеді. Осы жылдар ішінде олар мол тәжірибе жинақтап, нан пісірудің қыр-сырын жете меңгеріп, өз ісінің шеберіне айналды.
Наубайшы мамандығы үлкен төзімділікті, ұқыптылықты және жауапкершілікті талап етеді. Қамыр дайындау, оны қалыпқа келтіру, пісіру үдерісін бақылау сияқты әр кезеңнің өзіндік маңызы бар. Себебі, дәмі тіл үйіретін, жұмсақ әрі қызарып піскен нан дайындау үшін әрбір іске мұқияттылық қажет.
Ауыл үшін мұндай наубайхананың маңызы зор. Себебі, бұл өндіріс орны ауыл тұрғындарының күнделікті тұрмысымен біте қайнасып, халықты сапалы өніммен қамтамасыз етіп отырған маңызды кәсіпорын.
Әрбір бөлке нанның артында тынымсыз еңбек, тәжірибе мен жауапкершілік жатыр. Осындай адал еңбектің арқасында ауыл дастарқанына күн сайын жаңа піскен нан қойылады. Ал, нанның қадірі мен қасиеті – туған жердің жылуын, береке мен бірлікті сезіндіретін ерекше құндылық.
Ы.ШАМШИЕВА.
Жарқайың ауданы.
![]()

