Елдің дамуы адамды құрметтеуден, оның құқықтарын қорғаудан және лайықты өмір сүруіне жағдай жасаудан басталады. Бұл қағидаттар Қазақстандағы конституциялық өзгерістердің негізінде жатыр. Аталған өзгерістер заңдылықты, әділеттілікті және мемлекеттік институттардың жауапкершілігін нығайтуға бағытталған.
Сандықтау ауданы үшін ауылдық аумақтарды дамыту, аграрлық секторды қолдау және халықтың өмір сүру сапасын арттыру маңызды міндеттер болып қала береді.
Экономика – аудан дамуының негізі
Сандықтау ауданы бес жылдан астам уақыт бойы Ақмола облысында дәнді дақылдардың өнімділігі бойынша жетекші орындарды сақтап келеді. 2026 жылдың алдын ала қорытындысы бойынша астықтың жалпы түсімі 600 мың тоннаға жетіп, орташа өнімділік гектарына 21,5 центнерді құрады.
Соңғы жеті жылда ауыл шаруашылығы саласына 100 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылып, 500-ге жуық заманауи техника сатып алынды және 60-тан астам инвестициялық жоба жүзеге асырылды.
Мал шаруашылығы да дамып келеді. «Свободное» ЖШС-де бұзаулары бар 340 сиырға арналған асыл тұқымды мал өсіру фермасы салынды, ал «Агро-Лейк» ЖШС-де мал шаруашылығы кешені қайта жаңғыртылды. «Максимовское» ЖШС-де құны 1,3 миллиард теңгені құрайтын жасымықты өңдеу цехын салу жобасы жүзеге асырылуда.
Бұл бастамалар жаңа жұмыс орындарын ашуға, аудан экономикасын нығайтуға және кәсіпкерлікті дамытуға тың мүмкіндіктер береді.
Инфрақұрылым және әлеуметтік әл-ауқат
Балқашино ауылында 2021–2022 жылдары 117 пәтерге арналған үш көпқабатты тұрғын үй салынды. Ал 2024–2025 жылдары халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтар үшін тағы 32 пәтер сатып алынды.
Сумен жабдықтау жүйесін жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Бірқатар елді мекенде су құбырларының желілерін салу және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Берлік ауылдық округінде ұзындығы 22,1 шақырымды құрайтын топтық су құбыры салынып, Красная Поляна, Петриковка және Арбузинка ауылдарының тұрғындары орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілді.
Балқашино ауылында құны 1,87 миллиард теңгені құрайтын қазандық пен жылу желілерін қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар жолдар мен су өткізу құрылыстарын жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бұл тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға және ауылдар арасындағы көлік қатынасын жақсартуға мүмкіндік беруде.
Білім беру мен денсаулық сақтау салаларына да ерекше көңіл бөлінуде. 2024–2025 жылдары төрт мектепке күрделі жөндеу жүргізілді. Петровка ауылында 80 орындық жаңа мектеп салынды. Балқашино ауылында Балалар шығармашылығы үйінің жаңа ғимараты ашылды.
Денсаулық сақтау саласында аудандық ауруханаға күрделі жөндеу жүргізіліп, Максимовка ауылында дәрігерлік амбулатория салынды. Лесное және Каменка ауылдарындағы амбулаториялардың, сондай-ақ Байдалы ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы аяқталуға жақын.
Бұл жұмыстар ауданның әл-ауқаты тек экономикалық көрсеткіштермен ғана емес, сонымен қатар әрбір тұрғын үшін сапалы қызметтердің қолжетімділігімен де өлшенетінін көрсетеді.
Конституциялық құндылықтар және қоғам жауапкершілігі
Конституция адам құқықтары мен бостандықтарын бекітеді, мемлекеттік құрылымның негіздерін айқындайды және қоғамның дамуына құқықтық жағдай жасайды. Заң үстемдігі, әділеттілік, адам қадір-қасиетін құрметтеу және азаматтық жауапкершілік негізгі бағдарлар болып қала береді.
Жергілікті деңгейде бұл қағидаттар қабылданатын шешімдердің ашықтығынан, бюджет қаражатын тиімді пайдаланудан және тұрғындардың өз елді мекендерін дамыту мәселелерін шешуге қатысуынан көрініс табады.
Сандықтау ауданында белсенді азаматтық ұстанымның үлгілері бар. Максимовка ауылында Александр Александрович Закусилов ауыл инфрақұрылымын, спортты және қоғамдық өмірді дамытуға қолдау көрсетіп келеді. Байдалы ауылында Уразалиндер отбасы елді мекенді абаттандыруға, жолдарды жөндеуге және мектепке қолдау көрсетуге атсалысуда. Спасское және Красная Поляна ауылдарында жергілікті бастамаларға Магомед Абуязитович Абуев қолдау білдіруде.
Мұндай мысалдар тұрақты дамуға билік, бизнес және тұрғындар бірлесе күш жұмылдырғанда ғана қол жеткізуге болатынын дәлелдейді.
Экология және қауіпсіздік
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру да аудан дамуының маңызды бөлігі болып табылады. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы табиғатты аялауға, тазалықты сақтауға және елді мекендерді абаттандыру жұмыстарына белсенді қатысуға үндейді.
Халықтың қауіпсіздігін арттыру бағытындағы жұмыстар да жалғасуда. Соңғы төрт жылда ауданда бес өрт сөндіру пункті ашылды. Ағымдағы жылы Белгород ауылында жаңа өрт сөндіру пункті жұмысын бастады.
Қоршаған ортаға қамқорлық жасау, қоғамдық мүлікті сақтау және бір-біріне көмектесуге дайын болу жауапты қоғам қалыптастырып, ауылдық аумақтарды өмір сүруге қолайлы етеді.
Ортақ мақсат – жарқын болашақ
Сандықтау ауданының алдында ауыл шаруашылығын одан әрі дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту, жолдарды жөндеу, әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру және инвестиция тарту міндеттері тұр. Жастарды қолдау және бастамашыл тұрғындарға өз идеяларын жүзеге асыруға жағдай жасау да маңызды бағыттардың бірі болып қала береді.
Конституциялық қағидаттар адамдардың мүддесін ескере отырып қабылданған шешімдер нақты істерде жүзеге асқанда ғана шынайы мәнге ие болады. Елдің болашағы әрбір аудан мен ауылдың жетістіктерінен, оның тұрғындарының еңбегі мен жауапкершілігінен қалыптасады.
Қуатты мемлекет заңға құрметпен қараудан, өзара қолдаудан және ортақ игілікке ұмтылудан басталады. Дәл осы ұстаным Сандықтау ауданына қол жеткізген нәтижелерін сақтап, жаңа жобаларды іске асыруға және Қазақстанның дамуына лайықты үлес қосуға мүмкіндік береді.
Қопобаев Мендібай Сайлаубайұлы,
Сандықтау ауданының ақсақалдар кеңесінің мүшесі
![]()

