Дамудың басты басымдықтары анықталды

Кеше (29 қазан, 2026 жыл) Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылдың 28 қазанында Қазақстан халқына арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауы Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен өткен облыс активінің жиынында талқыланып, өңірдің алдында тұрған міндеттер сараланды.

Аймақ басшысы атап өткендей, биылғы жылы өңір экономикасы тұрақты оң динамика көрсетуде. Мәселен, облыстың жалпы өңірлік өнімі 2023 жылы 3,7 триллион теңгені құраған болса, биылғы жылдың қорытындысы бойынша 6,6 триллион теңгеге жетеді деп күтілуде. Бұл көрсеткіш Президент қойған экономиканы 2029 жылға қарай екі есеге ұлғайту мақсатына сенімді түрде жеткізіп отырғанымызды айғақтайды. Сонымен қатар, Елордаға жақын орналасуымыз жаңа өндірістер ашуға, логистиканы дамытуға және инвестиция тартуға үлкен мүмкіндік береді.

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алға қойған макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, инвестициялық саясатты жақсарту және заң мен тәртіп идеологиясын бекіту бағыттары – баршамызға ортақ бағдар. Біздің басты міндетіміз – аймақ экономикасын нығайтып, тұрғындардың тұрмыс сапасын нақты істермен арттыру, – деді бұл орайда өңір басшысы Жолдаудың елімізді жан-жақты жаңғыртудың басты қозғаушы күші екенін атай келе.

Президенттің 2027 жылды «Жалпыұлттық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялауы өңір үшін жаңа белестерді ашпақ. Соңғы жылдары облыста тұрғын үй құрылысы қарқын алып, 2023–2025 жылдары 2 миллион шаршы метрден астам баспана пайдалануға берілді. Инфраструктуралық жобалар мен инженерлік жүйелерді жаңғырту, әсіресе, Көкшетау қаласында жаңа Жылу электр орталығы құрылысын жүргізу және өңірді газдандыру жұмыстары қарқынды жүзеге асырылуда. Бүгінде облыстың газдандыру деңгейі 29 пайызға жетсе, алдағы уақытта бұл көрсеткішті 85 пайызға дейін жеткізу көзделген.

Шағын және орта бизнесті қолдау да басты назарда. Бүгінде өңірде 61 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істеп, 132 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Облыс әкімі өз сөзінде кәсіпкерлікке кедергі келтіретін әкімшілік бағдарларды азайтып, жаңа өндірістер ашатын мықты басшылардың жұмысына ерекше тоқталды.

– Күшті әкім себеп іздемейді, шешім табады. Біз тек бюджет қаражатын игеріп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашып, кіріс көздерін арттыруға тиіспіз, – деді облыс басшысы.

Ауыл шаруашылығы саласы мен агроөнеркәсіптік кешенді дамыту – аймақтың басты басымдықтарының бірі. Биыл аграрлық секторды қолдауға шамамен 325 миллиард теңге бағытталып, нәтижесінде 6,2 миллион тоннадан астам сапалы астық (оның ішінде 70 пайыз жоғары сапалы «Хай-про» бидайы) және 815 мың тоннадан астам маслосемян жиналды. «Кең Дала — 2» бағдарламасы бойынша жұмыстар жалғасуда. Сонымен қатар, өңірде халықаралық серіктестермен бірге ауқымды жобалар жүзеге асырылуда: Аршалы ауданында құны 823 миллиард теңгені құрайтын «Азия Алтын Дән» толық циклді кәсіпорны, сондай-ақ, Зеренді және Атбасар аудандарында екі ірі маслоэкстракциялық зауыт салынуда. Президенттің тапсырмасына сәйкес, облыста ет және сүт кластерлері белсенді түрде қалыптасуда. Ерейментау, Қорғалжын, Ақкөл және Біржан сал аудандарында ірі репродукторлар мен бордақылау алаңы іске қосылып, 2030 жылға қарай ірі қара мал басын 1,3 миллионға жеткізу және ет өндірісін 7 есеге арттыру көзделген. Су ресурстарын үнемдеу мақсатында Есіл су қоймасын салу жоспарлануда.

Әлеуметтік қолдау, білім беру және денсаулық сақтау салалары да назардан тыс қалған жоқ. Цифрлық карта арқылы әлеуметтік төлемдердің адрестілігі арттырылып, ағымдағы жылы 25 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды, ал, жұмыссыздық деңгейі 4,4 пайызға дейін төмендетілді. Медицина қызметкерлерінің әл-ауқатын арттыру мақсатында 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап алғашқы медико-санитарлық көмек көрсету қызметі мамандарының жалақысы 40 пайызға дейін өсетін болады.

Отырысты қорытындылай келе, облыс басшысы Мемлекет басшысының Жолдауы қоғамға арналған маңызды үндеу, әділеттілік пен дамудың негізі екенін ерекше атап өтті.

– Президенттің бұл Жолдауы – еліміздің жаңа даму кезеңіне бастайтын, жан-жақты жаңғыруға серпін беретін маңызды тұғырнама. Бар күш-жігерімізді Президент айқындаған кең ауқымды міндеттерді табысты іске асыруға бағыттауымыз қажет, – деп түйіндеді сөзін облыс әкімі.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар