ЖАҢА ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАҢА БЕЛЕСІ: БІРЛІК, ЖАСАМПАЗДЫҚ ЖӘНЕ ДАМУ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңдегі өзекті міндеттері» атты Жолдауы еліміздің алдағы даму бағыттарын айқындап, қоғам алдына жаңа міндеттер қойды. Бұл маңызды саяси құжатта мемлекеттілікті нығайту, экономиканы жаңғырту, халықтың әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік саланы дамыту және заманауи технологияларды кеңінен енгізу мәселелері кеңінен қамтылды.

Биыл Қазақстан үшін тарихи маңызы зор жыл. Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығы мен жаңа Конституцияның қабылдануы еліміздің даму тарихындағы жаңа кезеңнің басталғанын айқындайды. Осы уақыт ішінде Қазақстан өзіндік даму жолын қалыптастырып, халықаралық аренада беделді мемлекетке айналды. Ендігі мақсат – қол жеткізген жетістіктерді еселей отырып, қуатты экономикасы, тұрақты қоғамы және жоғары өмір сапасы бар мемлекет құру.

Президент өз Жолдауында ел болашағы ең алдымен халықтың бірлігіне, қоғамдық келісімге және әр азаматтың жауапкершілігіне байланысты екенін атап өтті. Қазіргі күрделі әлемдік жағдайда еліміздің егемендігін нығайту, ішкі тұрақтылықты сақтау және ұлттық мүддені қорғау – басты міндеттердің бірі.

Жолдаудың негізгі өзегі – халықтың тұрмыс сапасын жақсарту және ел экономикасын жаңа деңгейге көтеру. Осы мақсатта алдағы кезеңде Қазақстанда ауқымды құрылыс жұмыстары қолға алынбақ. Жолдар мен көпірлер, мектептер мен ауруханалар, тұрғын үйлер, мәдениет және спорт нысандары, өндірістік және энергетикалық кешендер салынып, инфрақұрылым жаңғыртылады. Бұл бастамалар елді мекендердің дамуына серпін беріп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, кәсіпкерліктің өркендеуіне және өңірлер арасындағы теңгерімді дамуға жол ашады.

Мемлекет басшысы ұсынған «Халықтық құрылыс» бастамасының мәні де осында. Бұл – тек құрылыс салу емес, елдің ертеңіне негіз қалау, халыққа қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру және болашақ ұрпаққа сапалы инфрақұрылым қалдыру. Әсіресе ауылдар мен шалғай елді мекендердегі әлеуметтік нысандарды дамытуға басымдық берілуі – өңір тұрғындары үшін маңызды қадам.

Сонымен қатар экономиканы әртараптандыру, отандық өндірісті дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау, ауыл шаруашылығының әлеуетін арттыру мәселелері де ерекше маңызға ие. Еліміздің табиғи байлығы мен экономикалық мүмкіндіктерін тиімді пайдалану арқылы жаңа өндірістер ашып, өнімді терең өңдеуге және экспорттық әлеуетті арттыруға басымдық беру қажет. Бұл ретте кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау, инвестиция тарту және әділ бәсекелестікті қалыптастыру экономикалық өсудің маңызды тетігі болмақ.

Бүгінгі заман – технология мен инновацияның дәуірі. Сондықтан цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу еліміздің барлық саласының дамуына ықпал етуі тиіс. Мемлекеттік басқарудан бастап білім беру, медицина, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығына дейін жаңа технологияларды тиімді пайдалану уақыт талабына айналды. Цифрлық экономиканы дамыту халықтың мүмкіндіктерін кеңейтіп, жаңа кәсіп түрлерінің қалыптасуына жол ашады.

 

Әлеуметтік саланы дамыту да Жолдаудың маңызды бағыттарының бірі болып отыр. Халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету, қолжетімді білім беру, мұғалімдер мен медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеру, жастарға мүмкіндік жасау және әлеуметтік қолдауды нақты мұқтаж азаматтарға бағыттау – мемлекеттің басты міндеттері. Өйткені елдің басты байлығы – оның адамдары. Адам капиталына салынған инвестиция – болашаққа салынған инвестиция.

Президент көтерген тағы бір маңызды мәселе – табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану, әсіресе су қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Су тапшылығының алдын алу, су үнемдеу технологияларын енгізу және қоршаған ортаны қорғау баршаға ортақ жауапкершілік болуы керек. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясының маңызы да осында. Тазалық пен тәртіп, туған жерге жанашырлық таныту және қоршаған ортаға қамқорлық жасау әр азаматтың күнделікті өмірлік ұстанымына айналуы қажет.

Жолдауда айтылған «Адал азамат», «Заң мен тәртіп» қағидаттары да қоғамның рухани жаңғыруына негіз болады. Әділетті қоғам құру үшін заңға құрмет, адал еңбек, жауапкершілік пен өзара сенім берік орнығуы тиіс. Әр адам өз ісіне жауапкершілікпен қарап, елдің дамуына үлес қосқанда ғана ортақ мақсаттарға қол жеткіземіз.

Жалпы алғанда, Мемлекет басшысының Жолдауы – Қазақстанның жаңа тарихи кезеңдегі даму бағдарын айқындайтын маңызды құжат. Онда белгіленген міндеттерді жүзеге асыру мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның бірлескен еңбегін талап етеді. Әр өңірдің дамуы, әрбір азаматтың әл-ауқаты, жас ұрпақтың жарқын болашағы – ортақ мақсатымыз.

Тәуелсіздіктің 35 жылдығы қарсаңында еліміздің алдында жаңа мүмкіндіктер мен үлкен жауапкершілік тұр.

Ең бастысы – бірлігімізді бекемдеп, жасампаз еңбекке жұмылу. Себебі қуатты мемлекет құру – бір күндік жұмыс емес, ол әр азаматтың адал еңбегі мен ортақ жауапкершілігінен басталады.

Асаинов Қайрат Қайырбайұлы,
Сандықтау ауданының құрметті азаматы, Қоғамдық Кеңестің мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар