15 қараша – Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні
Құрметті сала қызметкерлері мен ардагерлері!
Сіздерді шын жүректен ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күнімен құттықтаймын!
Агроөнеркәсіп кешені облыс экономикасының басты салаларының бірі, аймақтың азық-түлік қауіпсіздігі мен жайлы тыныс-тіршілігінің негізі. Сіздердің күн сайынғы қажырлы еңбектеріңіз, кәсіби біліктіліктеріңіз және өз істеріңізге деген шынайы жанашырлықтарыңыздың арқасында егіншілік және мал шаруашылығы қалыпты дамып, салаға осы заманғы технологиялар енгізілуде, ауылдық жерлердің әлеуеті артуда.
Ақмола облысы еліміздің аграрлық секторында лайықты орын алады. Ауа райының кейбір қолайсыздықтарына қарамастан аймағымыз астықтың жалпы түсімінен елімізде бірінші орынға көтерілді. Биылғы егін орағының қорытындысы бойынша 6,3 миллион тонна астық бастырылып, барлық құт қамбаға құйылған бидайдың 90 пайыздан астамы үшінші сұрыпқа жатқызылды. Бұл астықтың басым дені белогы жоғары Hi-Pro санатын құрайды.
Облысымызда егіншілікпен қатар, мал шаруашылығы да дамып келеді. «СҚО тәжірибесі», «Береке», «Игілік» бағдарламаларының шеңберінде жыл аяғына дейін 10 мың бас ірі қара және 6 мың бас қой әкелу жоспарланып отыр. 15 миллиард теңгенің көлеміндегі бірінші транш есебінен алты инвестициялық жоба қаржыландырылды. Бүгінгі таңда облыста 9 құрама жем зауыты, 34 мың басқа арналған 7 ірі мал бордақылау алаңы және 23 ет өңдеу кәсіпорны жұмыс істеп тұр.
Әрбір қол жеткен осы табыстың тасасында мыңдаған адамдардың, егіншілердің, малшылардың, агрономдар мен шаруашылық басшыларының, басқа да сала мамандарының еселі еңбегі тұр.
Осы қолайлы мүмкіндікті пайдалана отырып, әсіресе, ауыл шаруашылығы саласы ардагерлеріне шынайы ризашылығымды білдіремін. Олардың көп жылғы тәжірибесі мен қажырлы еңбегі бүгінгі жетістіктеріміздің қайнар көзі болып табылады. Сіздердің өз істеріңізге адал көзқарастарыңыздың арқасында Ақмола облысының аграрлық секторы алдағы уақытта да өзінің қол жеткен жетістіктерін одан әрі баянды етіп, жоғары көрсеткіштердің жаңа мүмкіндіктерін қарастыратындығына сенім мол.
Осынау айтулы күні Сіздердің баршаңызға зор денсаулық, өмірдің барлық жақсылығын, мол еңбек жетістіктері мен шаруашылықтарыңыздың өсіп-өркендеуін тілеймін. Сіздердің ақадал маңдай терлеріңіз өзінің лайықты жемісін беріп, әрбір шаңырақта ынтымақ-береке мен мол ырыздық болсын!
![]()

