Жұмыс толастамай, жүйелі жүргізіле береді

18 қараша – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдарының күні

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге және азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтуға бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Бұл жұмыста заңнаманы жетілдіру, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және азаматтардың жеке жауапкершілігін арттыру айрықша рөл атқарады.

Бүгінгі таңда Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алуға, осы жолда мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын арттыруға, ішкі бақылау механизмдерін жетілдіруге және қоғамда парасаттылық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған кешенді шараларды қарастырады. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жүйесінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу ерекше орын алады. Ол мемлекеттік органдар мен оларға бағынысты ұйымдардың қызметіндегі кемшіліктер мен олқылықтарды анықтауға, сыбайлас жемқорлық көріністерінің туындауына ықпал ететін факторларды айқындауға және оларды жою бойынша ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті бұл бағытта өздеріне қатысты жұмысты мемлекеттік басқарудың түрлі салаларын қамти отырып, жүйелі түрде жүргізіп келеді. Осы орайда, біздің басты міндетіміз – ықтимал сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау ғана емес, сонымен бірге, жұмыс процестерін жетілдіру, қабылданатын шешімдердің ашықтығын арттыру және сыбайлас жемқорлық көріністерінің туындауына ықпал ететін жағдайларды жою болып табылады.

Осыған сыртқы талдауды жүргізу кезінде нормативтік құқықтық актілерді қолдану практикасына, заңнамадағы құқықтық қайшылықтар мен олқылықтарды, сондай-ақ, лауазымды тұлғалардың өз қалауы бойынша шешім қабылдауына және әртүрлі түсіндірулеріне жол беретін нормаларды анықтауға ерекше назар аударылады. Бұдан бөлек, белгіленген процедуралардың сақталуы, ішкі бақылау механизмдері мен басқарушылық шешімдерді қабылдау тәртібі зерттеледі. Бұл жұмысты ұйымдастырудағы кемшіліктерді және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің туындауына ықпал етуі мүмкін жағдайларды айқындауға мүмкіндік береді. Әзірленген ұсыныстарды жүзеге асыру осы жұмыстың маңызды кезеңі болып табылады. Оларды өз уақытында орындау анықталған кемшіліктерді жоюға, жұмыс процестерін жетілдіруге және осыған ұқсас тәуекелдердің қайта туындауының алдын алуға ықпал етеді.

Сонымен, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында біздің тарапымыздан сыртқы талдау объектілерінің қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша 75 ұсыныс әзірленді, бүгінгі күнге дейін оның 52-сі орындалды, ал, 23 ұсыныс орындалу кезеңінде тұр.

Біздің жұмысымыздың осы міндеттерден кем түспейтін тағы бір маңызды бағыты – қоғамымызда сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұратын мәдениетті қалыптастыру. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы оң нәтижелерге осы сыбайлас жемқорлық көріністерін қабылдамау мемлекет пен азаматтық қоғамның ортақ ұстанымына айналған жағдайда ғана қол жеткізуге болады. Заңды сақтау, адал еңбек ету, әділдік пен жеке жауапкершілікті ұстану, тек белгіленген талаптар ретінде емес, сонымен бірге, ажырамас өмірлік құндылықтар ретінде де қабылдануы тиіс.

Осыған байланысты біздің департамент халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға және азаматтардың бойында парасаттылық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған профилактикалық және ақпараттық-түсіндіру шараларын тұрақты түрде жүргізіп келеді. Мәселен, ағымдағы жылы облыс бойынша 64 мыңнан астам адамды қамтитын 239 профилактикалық және ақпараттық-түсіндіру шарасы ұйымдастырылып, оларға алдымен мемлекеттік қызметшілер, білім беру ұйымдарының, квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері, жастар, кәсіпкерлік пен қоғамдық жұртшылық өкілдері және азаматтардың басқа да санаттары қатысты.

Аталған кездесулер барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың негізгі нормалары мен қызметтік әдеп нормалары, мүдделер қақтығысының алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтарға жол бермеу мәселелері түсіндірілді. Сондай-ақ, кәсіби қызметте де, күнделікті өмірде де адалдық, әділдік пен жауапкершілік қағидаттарын сақтау қажеттілігіне ерекше назар аударылды. Бұл жұмыс «Адал азамат» тұжырымдамасының құндылықтарын дәріптеу шеңберінде жүргізілуде әрі қоғамда заңға деген құрмет, парасаттылық пен адалдық қағидаттарын нығайтуға бағытталған.

Айта берсек, бүгінгі таңда өсіп келе жатқан жас ұрпақты сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік пен осыған қарсы мәдениетке тәрбиелеудің де орны бөлек. Жастардың бойында сыбайлас жемқорлықты қабылдамау, адал еңбекке және заңға деген құрмет қасиеттерін қалыптастыру – әділетті қоғам құрудың маңызды әрі басты шарты.

Қорыта келгенде, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және онымен күрес осы заңнаманы жетілдіру, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдап, анықталған кемшіліктерді жойып отыру, мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттырып, қоғамда парасаттылық мәдениетін қалыптастыру шараларын біріктіретін кешенді жұмыс болып табылады. Міне, осы бағытта департамент, соның ішінде біздің басқарма жұмысы алда да бәсеңсімей, қоғамға жат осы көріністермен күресте өзінің ықпалды іс-қимылын таныта беретіні сөзсіз.

Аманжол ҚҰСАЙЫНОВ,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы
бойынша департаменті сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар