Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тәуелсіздік жолында - АРҚА АЖАРЫ

Тәуелсіздік жолында

1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі «Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылдап, республика конституциясының және оның заңдарының пәрменділігін мәлімдеді. Қазақстан – халықаралық құқық субъектісі, ал Қазақстан халқы – мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі деп жарияланды.

Шынтуайтына келгенде, декларация құқықтық емес, саяси құжат болды. Оның ережелерінің ешқандай заңдық күші болған жоқ. Қазақстанның егемендігіне тек конституциялық акт ғана заңды негіз бола алатын еді. Десе де, декларацияның баға жетпес символдық мәні бар болатын, ол бізге тәуелсіздікке бастайтын жолды ашып берді.
Мен Қазақстанның дербестікке жетуін мақсат ете отырып, шешімқорлық пен көзсіздіктің арасындағы айырманы айқын түсіндім және кеңестік экономиканың құрылымын жақсы білгендіктен, КСРО-дан бөлінуге асықпадым әрі одақтас респуб-ликалар арасында ондаған жылдар бойы қалыптасқан экономикалық байланысты бірден үзу жоспарына қарсы әрекет жасадым.
Энергожүйелер, темір және автомобиль жолдарының тораптары, алып Одақтың әр қиырындағы бір-біріне тәуелді кәсіпорындар – осының бәрінің кеңес үкіметі жылдарында өзара байланғаны соншалық, олардың қатынасын бірден үзудің зардабы орасан болар еді. Оның үстіне бір де бір республика қысқы мерзімнің ішінде өзінің әскери қауіпсіздігі мәселесін шеше алмайтын. Бұл жағдай оларды сыртқы қателердің алдында дәрменсіз ететін. Оны айтпағанда, біртұтас елдің әртүрлі респуб-ликасында тұратын жақын туысқандар мен достар мемлекеттік шекараның екі жағында қалуға мүлдем әзір емес еді.
Жаңа Одақтың келісімнің жобасын қолдағанда мен осындай дәйектерді басшылыққа алдым. Жоба қабылданған жағдайда, КСРО – Тәуелсіздік Мемлекеттер Одағы (ТМО) болып қайта құрылар еді. Бұрынғы кеңестік республикалар экономикалық дербестікке қол жеткізіп, өздерінің саяси өкілеттілігін айтарлықтай кеңейтетін, ал жалпыодақтық орталық бірыңғай сыртқы саясат пен ортақ қауіпсіздікке жауап беретін еді.
1991 жылы басталып, жұмысы бірнеше айға созылған Одақтың келісім жобасы жаңа тарихқа Ново-Огарево процесі деген атаумен енді (Ново-Огаревода КСРО президентінің Мәскеу түбіндегі резиденциясы орналасқан). 1991 жылы 29 шілдеде біз РСФСР президенті Борис Ельцинмен және КСРО президенті Михаил Горбачевпен кездесіп, ТМО-ны құру туралы келісімге 20 тамызда қол қоюға шешім қабылдадық. Бірақ, ол орындалған жоқ. Келісілген құжатқа қол қоюға бір күн қалғанда кеңестік басшылардан, оның ішінде елдің вице-президентінен, премьер-министр мен күштік құрылым басшыларынан құрылған төңкерісшілер жаңа әділетті келісімнің жасалуына қарсылық көрсетіп, мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды. Олар Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комитет (ТЖМК) құрып, Қырымда демалып жатқан Михаил Горбачевті сырқат деген жалған желеумен биліктен заңсыз шеттетті.
Сол күні мен Қазақстан азаматтарына үндеу жолдап, сабыр сақтауға, төзімділік танытуға шақырдым. Мәскеудегі билікті заңсыз басып алған төңкерісшілердің елеулі қысымына қарамастан, мен отандастарымды Қазақстан аумағында төтенше жағдай енгізілмейтініне берік түрде сендірдім.
1991 жылы 20 тамызда Мәскеу мен Ленинградтың көшелеріне ондаған мың адам қарсылық көрсетуге шықты, танктердің жолына баррикадалар құру басталды. Елдегі ахуал барынша ушыға түсті. Бүлікті бастаған ымыраластардың саяси таяздығы азаматтық текетірестер мен бұрын-соңды болмаған ауқымдағы қантөгіске бастауы мүмкін болатын. Оған жол беруге әсте болмайтын еді. Мен төңкерісшілердің басшыларымен телефон арқылы сөйлесіп, олардың әрекеттерін республиканың атынан ашық сынға алдым және қантөгіске жол бермеуді қатаң түрде талап еттім.
Бүлікшілер қайта құру жылдарының қиындықтарынан қажыған қоғам үнсіз келісе салады деп үміттенді және соншалықты бұқаралық сипаттағы қарсылықты күтпеді. 21 тамыз күні төңкерісшілер тізе бүкті. Михаил Горбачев Мәскеуге оралды. Төңкеріс жасау әрекеті жүзеге аспады. Одақтық келісімге қол қойылмауы және тамыз бүлігі орталық биліктің қоғам алдындағы беделін түбегейлі жойды. Кеңестер Одағының мемлекеттік-саяси тұрғыдан күйреу процесі ушығып, күшейе түсті.
1991 жылдың екінші жартысында орталық билік мүлдем дәрменсіз жағдайда болды. Бұл жағдайда маған Қазақстан тағдырының жауапкершілігін өз мойныма алуға және бірнеше принципті стратегиялық шешімдер қабылдауға тура келді. Мен алдымен, өз Жарлығыммен кеңестік әскери күш-қуаттың тірегі саналатын, әлемдегі аса ірі Семей ядролық сынақ полигонын жаптым. Егемен Қазақстанның тұңғыш мемлекеттік актісі бүкіл планетаға біздің еліміздің ядролық қатерден азат, бейбіт өмірге ұмтылысын паш етті.
Сол күндері мен «Қазақ КСР Қауіпсіздік Кеңесін құру туралы», «Одаққа бағынышты мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдарды Қазақ КСР үкіметінің басқаруына көшіру туралы», «Қазақ КСР-нің алтын қоры мен алмаз қорын құру туралы», «Қазақ КСР-інің сыртқы экономикалық қызметінің дербестігін қамтамасыз ету туралы» бірқатар тұғырлы Жарлықтарға қол қойдым.
Қазақстандықтар осынау саяси құжаттарды зор ықыласпен қабыл алды. Сол күндерде бізді қаншалықты қиын болса да жағдайды түбегейлі өзгертіп, қиындықтарды жеңе алатынымызға риясыз сенім біріктірді. Күллі әлемнің көз алдында өзінің жарқын болашағына сенімі нық жаңа мемлекет құрылды, тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің 1991жылы 2 қазанда Байқоңыр ғарыш айлағынан кеңестік-австриялық экипаж құрамында ғарышқа самғауы осы сенімнің символына айналды. «Союз ТМ-13» ғарыш кемесінің көк жүзіне аттануы Қазақстан үшін жалпыұлттық оқиғаға айналды әрі кеңестік космонавтика тарихына нүкте қойды. Адамзатты ғарыш көгіне алғашқы болып аттандырған елдің тарихы осыдан екі ай өткеннен кейін біржола аяқталды.
1991 жылы 8 желтоқсанда Беловежье орманында Ресей, Украина мен Беларусь президенттері Кеңес Одағының өмір сүруін тоқтату туралы келісімге қол қойды.
(Н.Назарбаев,
«Тәуелсіздік дәуірі» кітабынан).

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар