Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Құндылықтарымыздың кепілі - АРҚА АЖАРЫ

Құндылықтарымыздың кепілі

Мен жаймашуақ Қазақстан­да, Алматы облысының Шелек ауданында, қарапайым дүнген отбасында дүниеге келдім. Үй-ішімізбен қазақ мектебінде оқы­дық. Мұны Қазақ елінің ұл­ы­лығына балай­мын. Ұлық Отаныма мәңгі қарыздармын. Осы парыз біздің әулетіміздің басты құндылығы және үнемі алға бастайтын қуат қайнары деп білемін.

Жалпы, дүнгендер туысқандық қарым-қатынастарға мығым, жи­нақы тұрады. Өте еңбекқор. Мар­құм әкем Хәкім мен анам Софиа қара­пайым еңбек адамдары. Әпкем Хадиша Қазақ ұлттық техникалық университетінде қазақ және француз тілдерінен сабақ береді. Інім Хасан құқық қорғау органында қызмет істесе, қарындасым Лада дәрігер. Анамыз ауылдастарынан аса алмай, алақандай жерінің жемісін теріп отыр. Қалаға, қолымызға келіңіз десек, көнбейді. Көнбейді емес, өсіп-өнген жерін қимайды. Осы қимастық біздің де жанымыздағы қастерлі қасиет.
– Қазақта «Қара ормандай қалың елім» деген сөз бар. Біз де сол қалың орманның бір бөлшегіміз. Институттың орман факультетіне жетелеген сол даналық деп ойлаймын. Көкшетауға жолдама берілгенде қуандым. Жалпы, орман ұғымы біздің әулеттің тағдырын айқындайтын сияқты. Құдай қосқан қосағым Шынар Алматыдағы мен оқыған ауыл шаруашылығы институтының орман факультетін бітірген. Облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық басқармасында жауапты қызметтерді атқарды. Үлкен қызым Гүлнәр Көкшетау­дағы «Бұқпа» орман шаруашылығын­да есепші-экономист, Динарам «Қала­лар­ды көгалдандыру, сая­бақтар құру» грантымен Түр­кияда білім алды, ұлым Исхар (қазақша Асқар дейміз) Ақкөл ауданында орман өртінен қорғау жөніндегі топ бастығы. Күйеу балам Руслан орман шаруашылығының инженер-жобалаушысы. Оның атасы Хамза Күншуақұлы Це­линоград өлкелік орман шаруашылығы басқармасының бастығы болған танымал азамат еді. Немерем Мерей­дің де тал-шыбыққа құмарлығын байқаймын. Мұқағали ағамыз: «Сен адам бола бастасаң, мен қайың бола бастай­ын» деп ағаш­­тың жүрегін дірілдетпеуші ме еді? Менің пайымымда, мұның астарында адамдарды ізгілендіру әфсанасы жатқандай.
Осынау телегей толғаныстар жүрегімнің бір бөлшегі болып кеткен қазақ халқына деген мың алғысымды айқындайды. Адам баласы өз ұлтын биік қоятыны белгілі. Бірақ, біз сияқты аз халықтарды біріктіріп отырған қазақ елінің кеңбауыр данышпандығы, алаламайтын ағайыншылығы баршамызды бұдан да биіктете түседі. Үрім-бұтағымның алаңсыз жапырақ жаюы осының арқасы.
Ақпанның алғашқы күндеріндегі Қордайдағы жағдай үш ұйықтасам түсіме кірмейтіндей теңселтіп кетті. Мұның ақ-қарасы айқындалып, тиісті бағасы беріліп жатыр. Қалай десек те, бауырларымның атынан өкініш кернеген жүрегіммен ұлы қазақ халқынан кешірім сұраймын. Біздің ғасырлар бойғы бейбіт қатар тіршілігімізге, әуесің келер аралас-құраластығымызға ешқашан сызат түспейді. Жасампаздықты бірге жасасып, алдағы күндерге жұбын жазбай келе жатқан Қазақстан халқының тұтастығы мәңгілік мызғымайды.
Бүгінгі мерейлі күні осынау құндылықтарымыздың кепілі болып отырған Ұлы қазақ халқына шексіз алғысымды айтамын.
Хұсайын Савазов,
«Көкшетау аумақтық тұқым инспекциясы»
мемлекеттік кәсіпорнының директоры.
Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар