НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекеттік қызметтің 80 пайыздан астамын egov.kz порталынан алуға болады. Бұл туралы «Хабар 24» телеарнасының тікелей эфирінен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Президенттің тапсырмасымен Қазақстанның барлық қалаларында халыққа қызмет көрсету орталықтары жабылды. Алайда, мемлекеттік қызметтің 80 пайыздан астамын egov.kz порталынан алуға болады. Сондай-ақ, бірқатар қызметтер мен сервистер мобильді қосымшада, Телеграм мен әлеуметтік желілерде қолжетімді. Жақын арада онлайн-қызметтер саны артады», — деді ол.
Министрдің айтуынша, мұнан бөлек, 1414 байланыс орталығы жұмыс істейді. Ол арқылы бір уақытта мыңнан астам адам кеңес ала алады. Кеңес беру бейне байланыс арқылы да қолжетімді
«Сонымен бірге, 21 наурызға дейін құжат тапсырған азаматтар құжаттарын сол тапсырған орталықтан 28 наурызға дейін ала алады. Одан кейін, әр қалада бір ғана орталық анықталып, құжаттар сол жерден беріледі. Арнайы орталықтар да өз қызметтерін онлайн режимде жасайды. Құжаттар қолма-қол беріледі», — деді Дәурен Абаев.