Бизнесті қолдау және еңбек нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шұғыл шаралар топтамасы қаржыландырудың қолжетімділігін арттыруды, кепілдіктер беруді, салықтық ынталандыруды, бизнесті тексеруді азайтуды және жұмыспен қамтамасыз етуді қамтиды. Мұнда төмендегідей мәселелер қамтылған.
Біріншіден – ірі сауда нысандары, кинотеатрлар, театрлар, көрмелер, спорт нысандары заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер мүлік салығынан бір жыл мерзімге босатылатын болады.
Екіншіден – бір тоқсанға өсімақы есептеу тоқтатылады, 3 тоқсан үшін салық есептілігінің мерзімі кейінге ауыстырылады. Ал, белгіленген тәртіпте жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер салықтардан босатылады.
Үшіншіден – «Қазақстан Республикасында төтенше жағдай енгізу туралы» 2020 жылғы 15 наурыздағы №285 Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығын іске асыру үшін «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 19, 212-баптарын басшылыққа ала отырып, салықтық есептілікті электрондық нысанда ұсынған кезде, келесі нысандардың ұсыну мерзімі 2020 жылдың 30 сәуіріне дейін ұзартылды:
1.Корпоративтік табыс салығы бойынша декларация (100.00, 11000, 15000, 18000 нысандар);
2.Жеке табыс салығы бойынша декларация (22000, 24000 нысандар);
3.Жеке табыс салығы және мүлік бойынша декларация (23000 нысан);
4. Көлік құралдары салығы, жер салығы және мүлік салығы бойынша декларация (70000 нысан);
5.Қоршаған ортаға эмиссия үшін төлемақы бойынша декларация (87000 нысан);
6. Жалға беру (пайдалану) шарттарының тізілімі (87100 нысан);
7. Тіркелген шегерім пайдаланылатын арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер үшін декларация (91200 нысан);
8.Бірыңғай жер салығын төлеушілерге арналған декларация (92000 нысан).
9. Төртіншіден – жалпыға бірдей белгіленген тәртіп бойынша жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер жеке табыс салығын төлеуден босатылады.
10. Бесіншіден – төтенше жағдай кезінде камералды бақылау қорытындысы бойынша хабарламалар жіберу тоқтатылады.
Сондай-ақ, нысандарға барып, кедендік және салықтық тексерістер жүргізу азайтылады. Әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі төтенше жағдай мерзімі аяқталғаннан кейін қарастырылады. Бұған қоса, салық кодексінде төтенше жағдай кезінде қарыз кейінге шегерілсе, оған өсімпұл есептелмейді. Алайда, ондай жеңілдікті алу үшін кепілзат немесе банктік кепілдік қажет. Осыған орай, төтенше жағдай кезінде салықтық міндеттемелер бойынша қарыз бен өсімпұлды кейінге шегеруді оңтайландыратын тетіктер қарастырылуда.
Құрметті салық төлеушілер мен сыртқы экономикалық қызметінің қатысушылары!
Біздің елімізде коронавирус инфекциясы анықталуына және осыған байланысты төтенше жағдай енгізілуіне байланысты, тікелей байланыстарды азайту мақсатында, Сізді қашықтықтан салық төлеушілердің кабинетіндегі және басқа да ақпарат жүйелеріндегі электрондық тәсілдерді қолданып жұмыс істеуге шақырамыз.
Туындаған сұрақтар бойынша кеңес беру мақсатында Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің барлық мемлекеттік кірістер басқармаларында, сонымен қатар, кеден бекеттерінде контакт-орталықтары ашылған.
Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде – Колл-орталықтың (87162)
72-34-82 телефоны жұмыс істейді және аудандардағы Колл-орталықтарының телефон нөмірлерін алуға болады. Сондай-ақ, «WhatsApp» нөмірлеріне хабарласа аласыздар.
Ал, «Көкшетау-КРО» кеден бекетіне – 8(7162)
25-15-96.
«Бурабай» кеден бекетіне – 8(71636)23960.
«Атбасар» кеден бекетіне – 8(71643)544-15 нөмірлеріне хабарласыңыздар.
Жеке тұлғалар Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменттеріне салықтың есептелуі, төленуі, пайда болған қарыздары бөлігінде жеке тұлғалардың жер, мүлік және көлік салықтары бойынша сұрақтарды «WhatsApp» мессенджері арқылы 8-747-345-51-83 нөмірі бойынша қоя алады.
Жеке тұлғаларға тұрғылықты жері бойынша (көлік салығы бойынша) немесе жылжымайтын мүліктің орналасқан жері бойынша (мүлік, көлік) хабарласу қажет.
Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармаларының «WhatsApp» нөмерлері Мемлекеттік кірістер департаментінің сайтында орналастырылған.
Біз еліміздің барлық қиындықтарға төтеп беретініне сенімдіміз. Бұл эпидемиядан сақтану біздің ортақ міндетіміз екендігін естен шығармайық. Мемлекетіміздің коронавирусқа қарсы қолданып жатқан шараларын бірге жүзеге асырайық.
Шынар МУСИНА,
Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмыстары басқармасының басшысы.