Жуырда Ақмола облыстық мемлекеттік архивінің ұжымы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай, «Соғыс. Жеңіс. Естелік» және «Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды» атты екі жинақты жарыққа шығарды.
Бұл жинақтарға Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі мәліметтер, архив құжаттары мен фотосуреттер, Кеңес Одағының Батырлары туралы ақпараттар енгізілген. Жаңа кітаптарды архив мамандары екі жыл ішінде жинақтап шығарған. Бұл жөнінде бөлім жетекшісі Гүлім Рахымжанова:
– Осы кітаптарды шығарудағы мақсатымыз – елімізді, жерімізді қорғаған аталарымыз туралы мағлұматтардан жас ұрпақты хабардар ету болатын. Сондықтан, бұл кітаптарға мәліметтер жинақтауға архив қызметкерлері түгел ат салысып, үлкен жұмыс атқарылды. Кітапқа тек қана архив қорынан алынған мәліметтер емес, Ресей елінен алынған, Қазақстан бойынша жинақталған құжаттар да енгізілді, – деп түйіндеді.
Бұл жаңа басылымдар облысымыздың архивтері мен кітапханаларына таратылады. Сондай-ақ, кітаптардың электрондық нұсқалары да бір аптадан кейін ғаламтор беттерінде жарияланбақшы.
Өңірімізден шыққан ардагерлеріміздің ерлігін паш еткен, ұрпаққа өнеге болар басылымдарды мемлекеттік архив сайтынан, ютуб, фейсбук, инстаграмм беттерінен көріп, оқуыңызға болады.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.