Туған Жер, айналайын келбетіңнен!

ТЕКЕКӨЛІМ – ЖЕКЕ КӨЛІМ

(Эссе)

Жер бетінде бір ғажайып көл бар. Ол – Сәкен ақынның жырына арқау болған Көкшенің сексен көлдерінің бірі Текекөл. Бурабай өңірінің картасына көбіне-көп түсе бермейтін, тіптен Қазақстан Швейцариясы туралы осы күнге дейін жарық көрген жүздеген кітап пен фототальбом беттерінен де тыс қалған, ешбір ақын-жазушының қаламының ұшына да ілікпеген, қалың көпшілікке беймәлім, бар қасиеті мен сұлу көркін сыртқа жайып сала бермей, өз бойына жасырып, көзден тасада жатқан ерекше көркем жаратылыс.

Арқа төсіндегі жер жаннаты – Бурабай аймағының, Көкше тауы баурайының көрік-келбеті қай тарап-тұсынан да ғажап-ақ. Ал, Көкшенің солтүстік-шығыс баурайы – өзгеше бір сұлулық әлемі. Бұл тұста бір-біріне иық сүйеген Көкшенің үш сілемі, «Апалы-сіңлілі арулар» атанған үш шоқы, көкке оқтай шаншылған Оқжетпес шыңы, одан беріде шалқып жатқан Айнакөл (Үлкен Шабақты) мен Текекөл көлдері біртұтас ансамбль сынды көркем мүйіс құрайды. Айнакөл мен Текекөлдің арасы – бір-бірінен таяқ тастам жер, арасын қара жол ғана бөліп жатыр. Ал, сол тұстағы жыпырлаған төбе-шоқылардың басына көтерілсеңіз, көз алдыңызда тұтас бір көгілдір кеңістік көсіліп жатады. Текекөл мен Айнакөлге жапсарлас, Көкше тауының терістік беткейінен мұнартып көзге шалынатын Майбалық, Кіші Шабақты көлдері бұл көріністің бояуын одан бетер құлпыртып, сұлулығын асыра түседі. Оған Текекөлден сәл төменіректегі, айдынын шоқ-шоқ қамыс жапқан Қамыскөлді қосыңыз. Бұл енді сипаттап айтуға тіл жетпейтін ғажайып панорама.
Менің балалық шағым осы жерде, дәлірек айтсам, Текекөлдің жағасындағы көгілдір әлемде өтті. Атам жылқы өсіруді кәсіп еткендіктен, жаз шыға ауылдастарымен бірге осы жұмақ мекенді жайлап, «Бурабай» курортына қымыз жөнелтіп тұратын. Бұл жайлау көл атауымен «Текекөл» деп аталушы еді. Арқаның ақшұнақ аязды қысының қыспағынан құтылып, арқасы кеңіген біз сияқты қарасирақ балалар үшін жайлау өмірі нағыз қызық дәурен еді. Шомылып, күнге күйіп, су астында шоршыған балықтарын қуалап, жағасында асыр салып ойнайтын мөлдір көл іргеде тиіп тұр, қарақат, таңқурай, долана дейсіз бе, иісі сілекей шұбыртатын жеміс-жидектің түр-түрі жетіп артылатын сай-саласы тағы бар. Бала атаулыға бұдан артық не қызық керек!
Әу бастағы табиғи бояу-реңкін жоғалтпаған бұла табиғат аясында саба пісіп, сары қымыз сапырған жайлаудың тыныс-тіршілігі мен өмір ырғағы да бөлекше еді. Адамның қам-қарекеті ғана емес, жан дүниесі, бүткіл болмысы жаратылыспен біте қайнаса жарасым тауып, табиғат пен адам бір-бірімен үйлесімділікте күн кешетін.
Ата-бабаларымыздың «Қырық мың жылқы су ішсе де лайланбайды» дейтін күміс көлдерінің бірі бұл Текекөл. Бетінде күн сәулесі құбыла ойнап, саф таза айдыны айнаша жарқырап, мөлдірейді де жатады. Желді күні буырқанып, ақ бас толқынын жағаға тынымсыз ұрғыласа, тымықта тып-тыныш күйге еніп, бетінен бір діріл жүрмейді. Ең бір ғажап сәті – тынық күнде айдын бетіне Көкше тауының көлеңкесі құлаған шағы. Бұл – шебер табиғаттың өз қолынан туған, көзді тояттатып, көкіректі толқытар ерен құбылыс.
Бала күнімізде суының кіршіксіз таза және тұщы болғаны соншалық, жайлауды қоныстанғандар оны кәдімгі ауыз суға да пайдалана беретін. Өйткені, ол кезде техника жағы мардымсыз болғандықтан, жылқышыларға ауыз су жеткізіліп берілмейтін. Сөйтіп, біз Текекөлдің кәусар суын қанып ішіп ержеттік. Текекөл осылайша сұлулықтың, көркемдіктің, бекзаттықтың өлшемі, символы болып, бала күнімнен көкейіме берік ұялады. Ол мен үшін балалық бал дәурендегі шуақты күндерімнің мекені ғана емес, дүниетанымыма бастау болған әсемдік пен тазалық әлемінің өзіндік үлгісі, моделі еді.
Текекөлді сөз еткенде, Қамыскөл туралы айтпай кету мүмкін емес. Олар бір-біріне ұқсамайтын екі бөлек жаратылыс болғанымен, бөліп-жаруға келмейтін егіз дүние еді. Қамыскөл деп аты айтып тұрғандай, қамысына ұя салып, балапан өргізетін құс біткен жыртылып айырылады. Жаз шыға үстінен құс қиқуы үзілмей, жағасында тіршілік қыз-қыз қайнап жататын. Тайдай тулаған балығы өз алдына, емге дәру, денедегі кейбір кеселді сорып алатын сүлік те осынан табылады. Суының да қасиеті ерекше. Ішуге жарамсыз болғанымен, жуған кірді шайдай ашады. Әжелеріміз кір жууға су ысытып әуреленіп жатпай-ақ, ыстық күндері көл басында кір шайқап алып, шетіндегі көк майсаға жайып қоюшы еді. Түпсіз тұңғиыққа белшесінен батып, босанып шыға алмай, болмаса әлдебір зілмауыр затты көтеруге әлі жетпей, күшене, «әуп-әуп» деп әуенге басатын әупілдегін айтсаңызшы! Әупілдек «әнін» әдетте кешқұрым бастайтын. Оның үні желіден босап, енелерімен шұрқырап табысқан құлын мен емірене кісінеген бие дауыстарына ұласа, кешкі тұнық ауаны жаңғырыққа толтырып, жайлау «симфониясы» алысқа тарап жататын.
Әрине, адам баласының бойындағы қасиеттер ата-ана қанымен, ген, яғни, тек арқылы берілетіні әлмисақтан белгілі ақиқат. Алайда, адамның дүниетанымының, өмірге деген көзқарасының қалыптасып, орнығуына табиғаттың тигізер әсер-ықпалы да мол екені даусыз. Халқымыздың «Адам топырағына тартып туады» дейтін даналық сөзінің жаны бар. Өйткені, табиғат – сұлулықты сезінудің бастауы, қайнар көзі. Менің әсемдікке, көркемдікке құштар болуым осы Текекөлге деген іңкәрліктен басталды. Сұлулық, тазалық атаулыны осы көл арқылы танып-өстім. Қазір ойлап қарасам, ол мен үшін зәмзәмдай сезілетін суы арқылы адалдық, тазалық сияқты қасиеттерді бойымызға дарытқан екен-ау. Содан бері арада сан жыл жылжып өткенімен, Текекөлге деген ынтызарлық сезім көкейден әлі де өшкен жоқ. Жүрекке мәңгілік орныққан Текекөл бейнесі жан дүниемді ауық-ауық тазартып, күш-қуат, рух беріп қояды. Ал, бала шақтан бойға сіңген кәусар тамшылары тазалыққа құштар көңілімді әлсін-әлі сусындатып, шөлін басып отырады. Басым ауырып, балтырым сыздай қалғанда, тіптен көңілім жабырқаған сәттерде де дем беретін – Текекөл. «Текекөлім не күйде екен?» деп ұдайы ойлап жүремін. Кейде түсіме енеді. Жалғыз менің емес, Алматыдағы інім мен сіңлімнің де түсіне жиі кіретін көрінеді. Бұдан кейін Тәңірдің адам мен табиғатты кіндіктес, егіз етіп жаратқанына қалайша сенбессің?! Асылы, маған
Көкшенің қай көлі болсын ыстық, бәрі де аялап, әспеттеуге тұрарлық. Бірақ, бала күнімнен ынтық етіп, қиялымды тербетіп, арманымды өрлеткен Текекөлді өзіме іштей меншіктеп алғанмын. Текекөл – менің жеке көлім.
Мен Текекөлді адам табиғатына, бітім-болмысына ұқсатамын. Өмірде ел назарына жарқырап іліге бермей-ақ, пешенесіне жазылған тағдыр-талайына сай ақырын жүріп, анық басатын, қоңыр тірлігінен жазбайтын қарапайым адамдар баршылық. Жаратылысы осындай жандар бес күн жалғанның ырду-дыру өткінші қызығынан бойын аулақ ұстап, арына, жан тазалығына өмір бойы қылаудай кіршік түсірмей өтеді. Ол қызыл-жасыл бояма, әлеміш, алдамшы әлемге мұқтаж емес, жалғандыққа, аярлыққа, қасиетсіздік атаулыға жаны қас. Өйткені, оның болмысы кемел, діңі мықты, ұстанымы берік. Дүниенің бір нүктесінде табиғи таза қалпында тірлік кешіп жатқан Текекөл сондай адамдардың образы, табиғи сыңары іспетті көрінеді маған.
Мәңгілік уақытпен салыстырғанда адам өмірі көзді ашып-жұмғандай қас-қағым сәт қана. Пенденің жарық дүниедегі күні өлшеулі. Жаратылыста бір қалыпта тұратын ештеңе жоқ. Тіптен ғасырлар алмаса келе, жер-жаһанның бет-бедері өзгеріп, табиғат басқа кейіп-кескінге енуі де ғажап емес. Жер бетінде арнасы кеуіп, айдыны тартылып кеткен көл мен теңіз қаншама. Алысқа ұзамай-ақ, кешегі сексен емес-ау, мыңнан асып жығылады дейтін Көкшенің ірілі-ұсақты көлдері ше?! Солардың бірі – Текекөлге іргелес жатқан Ақкөл болатын. Атам қазақ жер атауын тегіннен-тегін қойған ба?! Ақкөл десе – ақ көл еді-ау жарықтық. Жетпісінші жылдардың соңында жағасында Ғабит Мүсіреповтің «Кездеспей кеткен бір бейне» повесінің желісімен сол аттас фильм түсірілген-ді. Бүгінде Ақкөлді сағынып, аңсасақ, тек сол фильмнен ғана көреміз енді. Былтырлары інім екеуміз Текекөлге бара жатып, жолай жанынан өттік. Кешегі айдыны ақ мұнарға бөккен ару Ақкөлдің арнасы қаңсып, сорға айналған, кезеріп жатқан кейпін көргенде, жүрегіміз сыздап, көзімізге жас үйірілді… Ол да қасындағы сыңары – тілім-тілім қарақошқыл топырақ жамылған Қаракөлдің кебін киіпті. Інім осы орайда баяғы бір жәйтті еске алды. Әкеміздің торы қасқа атының кей кездері үйірінен бөлектеніп, жырақ кетіп қалатын әдеті бар екен. Сондай кезде әкеміз: «Ол дәу де болса Ақкөлге кетті, содан табасыңдар», – деп, атты іздеуге ұлдарын сол жаққа жіберетін көрінеді. Шынында да, барса, ат Ақкөлдің суына аяғын малып, рақатқа батып тұрады дейді. Сөйтсе, көл суы торы қасқаның аяғына жиналған сары су ма, әлде басқа бір кесел ме, әйтеуір ауырғанын басып, бетін қайтаратын болса керек. Ақкөл суының емдік қасиетін мал екеш мал да білген-ау. Жануар-ай, дерті жанына батқанда дауа іздеп, Ақкөлді сағалайтыны сондықтан екен ғой.
Берсе де Гейне Рейнін, Гомер – Парнас,
Көкшемді мен айырбас етем бе екем?! –
деп ақын Қасым Аманжолов жырлағандай, мен үшін кіндік қаным тамған Көкшетаудың орны бөлек. Тағдырдың жазуымен туған топырақтан жырақта жүргеніммен, Көкшем үнемі жүректің бір түкпірінде жатады. Елден жақсы жаңалықтар келіп жетсе, жаным сүйінеді, кейде жағымсыз хабарлар құлағыма шалына қалса, көңілімді мұң жайлайды. Әйтеуір, көкшелік ағайынның күндері көркем, көңілдері жайлы, мерей-мәртебелері биік болса екен дейсің, амандық-саулығын іштей тілейсің. Содан кейінгі алаңдатып, көңілді мазалайтын тағы бір жәйт – Көкше табиғатының бүгінгі жай-күйі мен болашағы. Соңғы жылдары климаттың жаппай өзгеріске ұшырап, ауа райының жылына түсуіне байланысты кербез Көкшенің ажары солғын тартып, тыныс-демі тарыла бастады. Бұған әсер етіп жатқан басты фактор – адамдардың табиғатқа тек дәулет пен байлық көзі ретінде, таза тұтынушылық тұрғыдан қарауы, турасын айтқанда, жаны ауырмайтын тоғышарлық көзқарасы мен қарым-қатынасы. Әрине, табиғаттың байлық екені рас, бірақ оған материалдық емес, ең алдымен жан байлығы деп қараған ләзім. Табиғат адам баласына бар игілігін аямай ұсынады, ал адам тарапынан оған керегі – бар-жоғы аялы көзқарас, қамқорлық пен күтім ғана. «Судың да сұрауы бар» деп қазақ тегін айтпаған, табиғат байлығын пайдаланудың да қарым-қайтарымы болуы тиіс емес пе?! Соңғы жылдары Бурабайда демалушылар қарасы тым көбейіп кетті. Бүгінде ол демалыс пен саяхаттың ордасы ғана емес, бизнес пен табыстың да көзіне айналды. Бурабайдың оймақтай ғана аумағында саңырауқұлақтай қаптаған демалыс орындары, жекеменшік коттедждер, дәмхана, мейрамханалардан көз сүрінеді. Жеке демалыс үйлерінің көптігін айтпағанның өзінде, көл жағалауын да атасынан қалған байлықтай ебін тауып иемденіп алып, аяқ аттауды ақылы етіп қойған пайдакүнем пысықайлардың тірлігін қайда қоясыз?! Осындай келеңсіз жәйттерге тосқауыл болатын күш бар ма, туған жердің табиғатына жанашырлық танытатын ел ағалары, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар қайда?! Көкшетау халқымызға Алла сыйға тартқан, аманат етіп тапсырған табиғаттың қайталанбас, баға жетпес асылы, Арқаның жақұт-жауһары емес пе?! Оның жайын тек көкшетаулықтар ғана емес, бар қазақ ойласа несі бар?! Бұл орайда, айтылып жүргендей, Бурабай өңірінің табиғатын сақтау, қалпына келтіру жөніндегі бірқатар шаралардың нақтылы қолға алынбай, аяқсыз қала беруі де қынжылтады.
Сексенінші жылдардың соңында Текекөлдің жағасында «Щучье» құс фабрикасының жұмысшыларына арналған «Майбалық» демалыс орны бой көтерді. Заман өзгеріп, бұрынғы миллионер шаруашылық күйрегеннен кейін ол жеке меншік қолға өтіп, аумағы кеңейіп, тынығушылар нөпірі арта бас-тады. Оның да көл тағдырына кері әсері бары даусыз. Қыста елге барғанда, Текекөл жағалауында тағы бір демалыс аймағы салына бастапты деген жағымсыз жаңалықты естідім. Ойпырмай, аумағы алақандай ғана көл осынша жүкті көтере ала ма?! Ойымнан шықпай, жанымды жегідей жеп жүрген қазіргі уайымым осы. Алайда, «іш қазандай қайнайды, күресерге дәрмен жоқ», – дегендей, қолдан келер қауқар шамалы. Бар бітірерім – Жаратқанға жалбарынып, Текекөлдің ғұмырын шексіздікке ұластыра көр деп тілеу ғана. Оны мендей сүйер, соншама ынтық болып, жүрегінде аялап жүрер жан өмірге иә келер, иә келмес, алайда, осынау ғажайып су падишасының күміс айдынын күн аймалап, ескек жел тентек толқындарын еркелете құшып, сұлулық пен тазалықтың күйін мәңгілік шертіп жатса деймін. Бурабай келер күнге, болашақ ұрпаққа барша сән-салтанатымен, көрік-келбетімен жетсе екен! Бұл жалғыз менің емес, Көкшені сүйетін көптің ойы мен тілегі екеніне күмән жоқ.
Балжан ХАБДИНА,
журналист-баспагер.
Алматы қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар