Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ізгілікке бастаған қауымдастық - АРҚА АЖАРЫ

Ізгілікке бастаған қауымдастық

Осы жылдың ақпан айының басында аудан орталығы Степняк қаласындағы «Әшім ата» мешітінде әйел-қыздар қауымдастығы құрылып, салтанатты түрде ашылу рәсімі өткен.

Қауымдастықты құрудағы мақсат – әйел адамдар арасында асыл дініміздің құндылықтарын жаңғырту, ата-дәстүр салтымызды ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыруға үлес қосу, дұрыс бағыт пен бағдар көрсету. Мұндай берекелі әрі игі қызметтің пайдасы діннің ғана емес, еліміздің ертеңгі болашағы үшін де зор болмақ. Осыған орай, әйел-қыздар қауымдастығының төрайымы Марал қажы адал тағамды арамнан ажырату бағыты бойынша екі семинар-тренинг өткізіп, адал өнімнің адам өміріне әсері жайында, қоғамға тигізер пайдасы туралы маңызды мағлұмат беріп қана қоймай, отандық таңбаланған халал өнімдерімен таныстырып өткен. Семинар жұмысының ең басты мәні – қоғамның әлеуметтік-мәдени және рухани өміріне әйелдердің атсалысуына жол ашу, өскелең ұрпаққа рухани-өнегелік тәрбие беру, діни және дінтанымдық сауатты арттыру, дін бағытындағы өзекті мәселелер бойынша кеңес беру жұмыстарын жүргізу.
Бұл шараның нәтижесі барша қатысушылардың көңілдерінен шыққанын айтқан Марал қажы ақпан айында қалалық көп балалы, мұқтаж отбасыларына қайырымдылық іс-шарасы жасалғанын және аталған мешітте исламдағы мейірім мен рахымдылық аясында салт-дәстүр мен діліміздің ұштасуы төңірегінде дәріс беріп, қауымдастық мүшелері арасында алғыс айтуға байланысты сұрақ-жауаптан бәйге ұйымдастырылғанын жеткізді. Жүлделі орынды иеленген Алма Сүлейменова Алғыс хат және тәттілермен марапатталған. Әйел-қыздар қауымдастығының одан кейінгі шарасы аудандық спорт кешенінде әйелдер қауымы мен мешіт шәкірттеріне арналған спорттық жарыстарға ұласқан.
Өзін «Мен осы «Әшім ата» мешіті жанынан құрылған әйел-қыздар қауымдастығының мүшесімін» деп таныстырған аудан тұрғыны Рәсима Сәрсенбекқызы Нұрмағамбетова:
– Біздің аудан имамы өткен жылдың қазан айынан жұмыс істейді. Білімді, иманды жан. Сол кісінің қолдауымен қауымдастық мүшелері көптеген ізгі шараларды өткізіп келеміз. Әсіресе, көп балалы, жалғызбасты аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға азық-түлік өнімдерімен көмек көрсеттік. Оған демеушілеріміз де ынталы. Біздің қауымдастық құрамында әр жастағы 30-ға тарта адам бар. Олардың үлкені 80-нің шамасында. Ұрпағына өнеге болатын ғибратты жандар. «Біз біргеміз!» акциясы бойынша меценаттарымыздың мешітке арнайы әкелген қаражаттарынан біраз отбасыларға көмек бердік. Сол меценаттардың демеуімен ірі қара мал сойылып, еті таратылды. Қашанда тұрмысы төмен отбасыларды аудан әкімі өзі қолдап, кәсіпкерлермен қатар, зейнеткерлерімізге дейін қолынан келген көмектерін ұсынып жатады. Сондықтан, қауымдастықтың бұл бастамасы жалғасын табады, – деген ол қайырымдылық жасау арқылы халықтың имандылығын оятып, қандай қиындықта қалған адам болса да олардың өмірге деген құлшынысын нығайтатынын да жеткізді.
Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты бірқатар жоспарлы шаралар тоқтатылса да, Ораза айт мерекесіне орай, аудан имамы Руслан Көбен мен ұстаз Марал қажының бірлесе ұйымдастыруымен қайырымды жандар демеушілік жасап, 27 отбасына азық-түлік себеттері таратылған. Сондай-ақ, «Әшім ата» мешітінің ұйымдастыруымен Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында да дәстүрлі шара жалғасын тауып, мүмкіндігі шектеулі отбасыларға, көп балалы аналарға азық-түлікпен қоса, жаңа киім-кешекпен көмек көрсетілді. Жастарымыздың иманды да саналы азамат болып қалыптасуына осындай ізгілікті істердің септігі тиері сөзсіз.
Бүгінде қоғамдастық мешіттің тазалық жұмыстарына да белсене қатысуда. Жалпы, барлық өткізілген іс-шаралар соңында шүкіршілік дастарханы жайылып, ақжаулықты аналар ақ батасын беріп отырады.
Қазақта «Ел боламын десең бесігіңді түзе» – деген сөз бекер айтылмаса керек. Ендеше, құрылған қауымдастық асыл аналарымыз бен аяулы қыздарымыздың салиқалы өмір кешуіне өз септігін тигізіп, үлкен мектепке айналар деген үміттеміз.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Біржан сал ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар