Астрахан кентінде «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде бірқатар көшелер күрделі жөндеуден өткізілді.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, аудан «Ауыл – ел бесігі» жобасының пилоттық кезеңіне қатысқан облыстағы үш ауданның бірі. Өткен жылы мұнда аталмыш жоба шеңберінде жалпы құны 803 миллион теңгені құрайтын 13 жоба жүзеге асырылыпты. Бүгінгі таңда Астрахан кентіндегі Абылай хан көшесінің бойында суағарлар орнату жұмыстары аяқталған. Бұл көктемгі су тасқыны және жауын-шашын кезінде үйлер мен көшені су шәйіп кетуден сақтайтын болады.
Сонымен бірге, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту бағытында Астрахан кентінде бірқатар көшелер жөнделді. Орталықтағы Бейбітшілік, Мұхтар Әуезов, Достық және 9 Мамыр көшелерінің бойына жаяу жүргіншілер жолы салынды. Абылай хан мен Әл-Фараби көшелерінің қиылысы жаңартылды. Жеңістің 75 жылдығына орай, соғыс ардагерлеріне арналған ескерткішке жөндеу жүргізілді. Орталық алаңға Ту тұғыр орнатылды.
Жалпы, биылғы жылы облысымызда «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде 35 жоба жүзеге асырылып, 2000 жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Оның 17-сі ауылдық елді мекендерде жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек, 54 шақырым автокөлік жолын жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Астрахан ауданы.