Ел мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының игілігін көруде

Баспана мәселесі қашанда өзекті. «Өз үйім – өлең төсегім» демекші, әрбір жан баласы өз отбасының жекеменшік шаңырағы болса екен деп армандайды. Жасырары жоқ, қалың қалада өзге біреудің пәтерін жалға алып, айлықтан айлыққа әзер күнелтіп жатқан жандар көп. Соңғы жылдары осы мәселені шешу мақсатында біршама мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырыла бастады. Жалпы өңірімізде тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі қалай шешілуде? Біз осы сұраққа жауап іздеп көрдік.

Қазіргі таңда Ақмола облысы пайдалануға берілген тұрғын үй ғимараттарының жалпы көлемі бойынша республикада 7-ші орында. Ақмола облыстық құрылыс басқармасының берген мәліметтеріне сүйенетін болсақ, ағымдағы жылы Ақмола облысында барлығы 570 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілмек.
Соңғы үш жылда облыста тұрғын үйді пайдалануға берудің оң динамикасы байқалады. Сәуір айында іске қосу жоспары 570 мың шаршы метрге дейін ұлғайтылды, оның ішінде 38 көп пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Атап айтсақ, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 20 жалға берілетін тұрғын үй, 13 несиелік, «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 4 тұрғын үй және «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 1 үй. Қазіргі таңда несиелік тұрғын үй құрылысы тек қана облыс орталығында ғана емес, аудандарда да қарқынды жүргізілуде. Мәселен, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысы Ақкөл, Бұланды, Ерейментау, Атбасар, Бурабай, Есіл аудандарында да мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асуда.
Жалпы өңірімізде 2020 жылы мемлекеттік бағдарлама аясында несиеге берілетін 6 үй қолданысқа берілген. Пәтерге ие болғандар арасында көп балалы отбасылар, халықтың әлеуметтік әлсіз тобының өкілдері, мемлекеттік, бюджет қызметкерлері мен әскерилер бар.
Ал, енді елімізде тұрғын үй жинақ банкі арқылы несиелендіріліп жатқан тұрғын үй бағдарламалары туралы тарқатып айтып берсек. Осы орайда, «Нұрлы жер», «Өз үйім», «Бақытты отбасы», «Әскери өнім» және 5-10-20 бағдарламаларын тілге тиек етсек дейміз.
Ең әуелі іске қосылған «Шаңырақ» (5-10-20) бағдарламасына тоқталсақ. Бұл бағдарлама бойынша бастапқы жарна – тұрғын үй құнының 10 пайызын құрайды. Қарыз беру мерзімі – 20 жылға дейін. Қарыз бойынша мөлшерлеме – жылдық 5 пайызды құрайды. Күні кеше жағымды жаңалық орын алды. Ендігі арада жергілікті жерде 1986 жылдан 2020 жылға дейін әкімдікте тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар бағдарламаға қатыса алады. Отандастарымыздың көбі осы бағдарламаға үміт артатыны да жасырын емес.
Ел тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету бағытында жүргізіліп отырған мемлекеттік кешенді бағдарламалардың бірі – «Нұрлы жер». Аталған мемлекеттік бағдарлама қабылданған сәттен бері қарқынды түрде жүзеге асырылып келеді. Осы бағдарлама аясында көптеген тұрғын үй салынып, қаншама отбасы пәтер кілтіне қол жеткізді. «Нұрлы жер» бағдарламасы салымшыларға нарықтағыдан төмен бағамен жаңа пәтер мен жер үйді сатып алуға мүмкіндік береді. Бір атап өтерлігі, тұрғын үй таза әрлеу күйінде тапсырылады. Бастапқы жарнасы тұрғын үй бағасының 20 пайызын құрайды. Несиелендіру мерзімі 6 айдан 25 жылға дейін.
Бір ғана мысал былтырғы жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 13,1 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген екен. Бұл көрсеткіш 2018 жылғы нәтижемен салыстырғанда 4,9 пайызға артық.
«Бақытты отбасы» – табысы төмен отбасыларға тұрғын үй сатып алу үшін несие беру бағдарламасы. Бағдарламаға кәмелетке толмаған 4 және одан да көп балалары бар отбасылар, кәмелетке толмаған балалары бар толық емес отбасылар, сондай-ақ, мүмкіндіктері шектеулі балалары бар отбасылар қатыса алады. Аталмыш бағдарлама бойынша несие 19 жылға дейінгі мерзімге жылдық 2 пайыз мөлшерлемемен беріледі. Бастапқы жарна 10 пайыздан басталады. Әкімдік берген 1 миллион теңгеге дейінгі тұрғын үй сертификатын пайдалануға болады. Тағы бір атап өтерлігі, сатып алатын пәтерді жаңа және қолданыстағы үйден сатып алуға болады.
«Әскери өнім» бағдарламасы әскери қызметкерлерге және арнайы мемлекеттік ұйым қызметкерлеріне тиімді талаптар бойынша тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік береді. Алғашқы жарна тұрғын үй құнының 15 пайызынан бастап 50 пайызына дейін құрайды.
Қазіргі таңда өңірімізде құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Осыдан жарты жыл бұрын тұрғын үй кезегінде тұрған Көкшетау қаласының тұрғыны Назгүл Жиенбайқызының айтуынша, тұрғын үй кезегі жарты жыл ішінде 500 адамға алға ілгерілеген. Естеріңізде болса, бұрнағы жылдары баспана зардабын тартып, жиырма жылдан астам бас-пана кезегінде тұратындар көптеп кездесетін. Құрылыс осылай қарқынды жүретін болса, алдағы уақытта баспанасыз жүрген жандар саны да азаятын болар.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар