Оқу жылының алғашқы тоқсаны коронавирус пандемиясына байланысты Білім және ғылым министрлігінің бекіткен оқыту форматына сай аяқталды. Екінші тоқсанда облыстағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты 180 оқушысы бар шағын жинақты мектептер бұрынғыдай дәстүрлі форматта оқып, қашықтықтан жұмыс істеп жатқан білім мекемелерінде бастауыш сынып оқушылары ғана кезекшілік топтарда оқиды. Бұл жайында облыстық білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіпов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
– Қазіргі кезде еліміздің оқушылары күзгі демалысқа шықты. Өткен аптада Үкімет басшысы Асқар Маминнің төрағалығымен өткен ел аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында Денсаулық сақтау министрі оқушылар саны 300 балаға дейінгі қала және ауыл мектептерінің жұмысы дәстүрлі форматқа көшірілсін деген ұсыныс жасап, осыған оң шешім қабылданған болатын. Алайда, облыстағы эпидахуал күрделі болғандықтан, өңірдің бас санитарлық дәрігерінің 3 қарашада шыққан жаңа қаулысы негізінде біз 180 оқушысы бар мектептерді ғана дәстүрлі форматта оқытқалы отырмыз, – деп түсіндірді жағдайды басқарма басшысы оқу жылының бірінші тоқсанын қорытындылауға арналған брифинг барысында.
Ақмола облысында бірінші тоқсанда 387 мектеп дәстүрлі режимде, 168 мектеп қашықтықтан жұмыс істеді. Сол 168 мектептің ішінде оқушылардың саны 300-ге дейінгі 53 мектеп бар екен. Аталған мектептер жергілікті санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің тексерісінен өтуде, өйткені, олар Үкімет басшысының комиссия отырысындағы шешімі негізінде келесі тоқсаннан бастап жұмыстарын дәстүрлі форматта жалғастыруға дайындалып жатыр. Бірақ, тағы айта кетейік, барлығы эпидемиологиялық ахуалға байланысты болады. Егер коронавирус індеті бойынша жағдай тұрақталатын болса ғана жоғарыда аталған 53 мектеп дәстүрлі оқыту форматына ауысады.
Биылғы оқу жылының бірінші тоқсанында білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалауға бірқатар өзгерістер енгізілді. Қашықтықтан оқыту кезінде жиынтық бағалау қалай жүргізіледі? Яғни, 1-сыныпта тоқсандық және жылдық бағалар қойылмайды. Бірақ, педагогтар білім алушының жетістіктері бойынша ата-аналармен кері байланыс жүргізеді. Карантин, әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде 2-11 сынып оқушыларының оқу жетістіктері 1-ден 10 баллға дейінгі аралықтағы бағамен формативті бағаланады. Тоқсандық бағаны қою кезінде формативті бағалаудың орташа балы ескеріледі. Басқарма басшысы осы ретте тақырыптық және тоқсандық бағалардың қалай қойылатындығы жөнінде кеңінен баяндай келе, «Музыка», «Көркем еңбек», «Дене шынықтыру», «Өзін-өзі тану», «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері», «Кескіндеу және жобалау» сабақтары бойынша «сынақ» қойылатындығына назар аударды.
– Биыл оқушылардың күзгі каникулы 5 қарашадан басталып, 15-іне дейін созылады. Осыған байланысты каникул кезеңінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру тұжырымдамасы әзірленіп, әлеуметтік желілерде түрлі іс-шаралар мен байқаулар, челлендждер ұйымдастырылады, – деп атап көрсетілді бұл орайда.
Бұрынғыдай облыстағы оқушылардың үлгерімі бойынша тоқсандық қорытынды әзірге толық дайын емес көрінеді. Себебі, қазіргі жаңа оқу бағдарламасы мен бағалау жүйесіне байланысты оған әлі біраз талдау жасауға уақыт қажет көрінеді. Оның үстіне министрліктің бұйрығына сәйкес аудандардан бұрынғыдай ақпарат жинауға рұқсат жоқ. «Күнделік», «Дарын кз»
бағалау жүйелері бар болғандықтан, арнайы мамандар сондағы тоқсандық бағаларды қарап, жүйелеп, жинақтайды, соған орай, кейін қорытынды жасалады. Брифинг барысында бұл ақпараттар қарашаның 10 кезінде белгілі болатындығы айтылды.
Ырысалды АХМЕТҚАЛИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.