Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алтынай Әміренованың қатысуымен Ақмола облыстық әкімдігі мен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Мемлекет тарихы институтының бірігіп ұйымдастырған «Абылай ханның қара жолы» республикалық онлайн ғылыми-практикалық конференциясы болып өтті.
Конференцияға еліміздің ғалымдары, тарихшылары, саясаттанушылары, зерттеушілері, зиялы қауым, экспедиция мүшелері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Жалпы, Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» стратегиялық бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Қазақстанда тұңғыш құрылған «Абылай ханның қара жолы» экспедициясы өз жұмысын абыроймен орындап шықты. Құрамында республикаға белгілі географ, топограф, биолог, археолог, тарихшы, журналистер бар экспедиция мүшелері он күнде 4 мың шақырымнан артық жол жүріп, республиканың алты облысының аумағын аралап қайтты. Атап айтқанда, Петропавл, Көкшетау, Нұр-Сұлтан, Ұлытау, Сәтбаев, Жезқазған, Қызылорда, Түркістан, Шымкент қалаларында болды. Сондай-ақ, қара жолдың бойындағы елді мекендер мен қалаларға соғып, көнекөз қариялар мен мектеп оқушылары, тарихшылар мен студент жас-
тар, БАҚ өкілдері мен жоғары оқу орындарының ғалымдарымен және археологтерімен 40-тан астам кездесу өткізді. Оған төрт мыңдай адам белсене қатысып, экспедицияға зор қызығушылық танытты. Әкімдіктер мен музейлерге және оқу орындарына Мәлік Ғабдуллиннің 11 томдығы, Б.Әлімжановтың «Абылай и его Батыры», Қ.Әбуевтің «Абылай хан», «Ақмола – жер жәннаты» кітаптарымен қатар, басқа да сый-кәделер таратылды. Сонымен қатар, Абылай ханның қара жолы бойындағы қалалар мен елді мекендердің аттары қағаз бетіне жазылып, картасы, қасиетті орындар мен кесенелердің тізімі жасалып, суреттері түсірілді.
Міне, осыған орай өткен конференцияның ашылу рәсімінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, академик Жамбыл Артықбаев «Абылай хан – ерлік дәуірінің ерен тұлғасы» тақырыбында қысқаша әңгімелеп, «Абылай ханның қара жолы» экспедициясы туралы фильмнен үзінді көрсетілді. Одан әрі облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алтынай Әміренова құттықтау сөз сөйлеп, конференцияға қатысушыларға сәттілік тіледі.
Іс-шарада Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Серік Негимовтың «Абылай жолы – Тәуелсіз мемлекетіміздің жолы, Ұлттық рухымыздың рәмізі, символы» тақырыбында негізгі баяндамасы тыңдалды.
– Халық санасында, тарих сахнасында, зейін-зерде айнасында «Абылай ханның қара жолы» ескірмегені ақиқат. Елбасының «Тәуелсіздік толғауы» толғамында «Тәуелсіздіктің өмірлік философиясы – Мәңгілік Ел» деп атап көрсетілсе, Мәңгілік Елдің тарихына алты Алашқа аян Абылай тұлғасы, елшілдік-мемлекетшілдік қайраткерлігі, баһадүрлігі, қолбасшылығы, көсемдік көрегендігі кіреді. Осыны ел-жұртының «Абылай ханның қара жолы» дейтін этнофилософиялық пайымдауынан-ақ тануға болады, – деген баяндамашы «Абылай ханның қара жолы» экспедициясын ұйымдастырған Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев пен экспедиция жетекшісі, қоғам қайраткері, өлкетанушы Мұрат қажы Ыдырысұлына ризашылығын білдірді.
Одан кейін сөз алған Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған, тарих ғылымдарының докторы, профессор Марат Әбсеметов, Петропавл қаласынан профессор Зарқын Тайшыбай, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Мақсат Алпысбес, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Сәбит Жәмбек, Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, экспедиция мүшесі Қанат Еңсенов, Маңғыстау облысынан өлкетанушы, экспедиция мүшесі Раббым Борашев, Мемлекет тарихы институтының ғылыми-ақпарат бөлімінің басшысы, педагогика ғылымдарының кандидаты, экспедиция мүшесі Жабай Қалиевтар «Қазақ ру-тайпалары атамекенге қалай оралды?», «Абылайтанудың көкейкесті мәселелері», «Халық шежіресіндегі Абылай хан және оның тарихи дәуірі», «Жыраулар поэзиясындағы Абылай хан», «Абылай ханның ел басқарудағы кемеңгерлігі», «Абылай ханның қара жолы» экспедициясы жайлы», «Абылай хан және оның заманы» тақырыптары бойынша тұщымды баяндамалар жасады.
Ғалымдардың еңбектері мен Абылай бейнесін аша түсетін тың деректер мен оқиғалар топтастырылған «Абылай ханның қара жолы» атты құнды басылым жақында Көкшетау қаласындағы «Мир печати» баспасынан 500 данамен басылып шықты. Оған Нұрсұлтан Назарбаевтың «Абылай аңсаған азаттық», Шоқан Уәлихановтың «Абылай дәуірі – қазақтардың ерлігі мен серілігінің дәуірі», Манаш Қозыбаевтың «Қазақтың даңқын асырған», Ақселеу Сейдімбектің «Абылай ханның күйлері», сондай-ақ, Мемлекет тарихы институтының, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ғалымдары және басқа да ғылыми қызметкерлері мен көптеген зиялы қауым өкілдерінің, этнографтар мен археологтардың, халық мұраларын зерттеушілер мен әдебиеттанушылардың Ұлы даланың ұлы ханы Абылайдың өмірі мен қазақ батырларының елді, жерді қорғау мен сақтап қалудағы ерен ерліктері жайлы елді елең еткізер зерттеулері мен ғылыми еңбектері енгізілді. Республикалық онлайн ғылыми-практикалық конференциясында қорытынды сөз алған «Абылай ханның қара жолы» экспедициясының жетекшісі Мұрат қажы Ыдырысұлы осы жайында баяндай келіп, өзі құрастырған кітапқа және экспедиция мен бүгінгі конференцияға ат салысқан барлық азаматтарға алғысын жеткізді.
Осылайша республикалық онлайн ғылыми-практикалық конференциясынан өскелең ұрпақтың санасына тағдырлы тарихымыз бен Мәңлігік ел мұратын тағы бір жете сіңіріле түскен танымдық зор әсер алдық.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.