Алдынан жұмыс жүріп отырады

Алдынан жұмыс жүріп отырады

Халық шаруашылығындағы аса маңызды салада 37 жылдан бері абыройлы қызмет етіп келе жатқан Юрий Кретовтың есімі өңірге кеңінен танымал. Ол желілік электр тарату мамандығын алысымен Көкшетаудағы орталық мекемеде электр монтері ретінде еңбек жолын бастады.

Көп ұзамай міндетті әскер қатарына шақырылып, абыройлы қызметі үшін ата-анасына полк командирінен Алғыс хат келгені Кретовтер отбасын ғана емес, өзі еңбек еткен ұжымын да мерейлендіре түскені анық.
Әскерден оралған Юрийге кәсіпорын басшылары үлкен сенім артып, 1983 жылы Краснояр селосындағы «Көкшетау Целин Энерго» желісіне диспетчер етіп тағайындады. Уақыт өте ол өз өтінішімен жауапты учаскелердің бірі – орталық жөндеу кешеніне электр слесары әрі автомобиль жүргізушісі болып ауысты. Шебер маман өзіне жүктелген жұмысты жауапты атқарумен қатар, бір топ жас электршілер тобын тәрбиелеп шығарды. Юрий Егорович соңғы он екі жылда трансформаторларды жөндеу шебері болып, ұжым энергетиктерінің еңбек табысын еселей түсуде.
Әріптестері Юрий Кретовтың мамандығына адалдығы мен жан-жақтылығын, техникалық білімін, мол тәжірибесін, ұйымдастыру қабілеттері мен өз ортасын баурап алатын адамгершілік қасиеттерін жоғары бағалайды. Оның тікелей қатысуымен энергонысандарды жыл сайынғы жаңғыртулар мен қуаттандыру, заманауи электр жабдықтары мен тетіктерді алмастыру, қолданыстағы желілік аппараттарды күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізу табысты атқарылуда. Сондай-ақ, үстіміздегі жылы «Қызылту», Майский», «Дуброво» және «Келлеровка» подстанциялары жос-парлы оңтайландырудан өткізілген. Биылдың өзінде Юрий Егорович әріптестерімен бірге 35 кВ қуаттағы 4 подстанциясының модернизациялау ісінің табысты атқарылуына ықпал жасады. Мұндай жұмыс былтыр атқарылмағанын ескерсек, білікті маманға жүктелген
істің маңыздылығы арта түсетіндігін аңғару қиын емес.
Бұған қоса, ол трансформаторларды жөндеудің нағыз шебері екендігін айтқан жөн. Бұл жүйеде қуат трансформаторлары тұтынушыларды электрмен қамтудағы басты буын саналады. «Көкшетау Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 2 мың мегавольтампер қуаттағы үш мыңнан астам трансформаторы бар. Бұлардың уақытылы әрі сапалы жұмыс істеуі өңірдегі бүкіл электр желілері кешенінің сенімді қызметін қамтамасыз етеді. Осынау маңызды да жауапты істе 37 жылдан бері мінсіз қызметімен танылған Юрий Кретов құрмет пен беделге ие жан екендігі анық.
Бақберген Амалбек,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *