Біржан сал ауданындағы Жөкей ауылының тұрғыны, зейнеткер Айбатыр Батталов редакциямызға арнайы хабарласып, жағымды жаңалығымен бөлісті.
Еліміздің жалынды жастарының бастарын бәйгеге тігіп, жарқын болашаққа ұмтылған ерліктері бүгінгі тәуелсіз еліміздің мақсат-мүддесімен жалғасын табуда. Соның нақты дәлеліндей, жаңадан тағайындалған аудан әкімі Достанбек Есжанов Жөкей ауылын жарықтандыру жұмыстарын қолға алып, аз уақыттың ішінде мәселені шешіп бергені ауыл тұрғындарын бір марқайтып тастаған көрінеді.
– Бұрын осы ауылдан үй салуға жер беріліп, екі жылда сол үйді салып, кірдік. Алайда, үйге электр жарығын тарту мұң болды. Осыған орай, жуырда жұмысқа кіріскен жаңа әкім Достанбек Берікұлының қабылдауында болып, осы мәселені алдына тартқанбыз. Ол кісі алғашқы қабылдауынан-ақ, мәселенің оң шешілетініне ықпал етті, – деген зейнеткер Айбатыр Қадырұлы. Соңғы жылдары Жөкей ауылында үй салған тұрғындардың көбейе түскені байқалады. Түптеп келгенде, энергия жетіспеушілік трансформаторлардың аздығынан, негізінен оның тек қана аудан орталығында болуынан орын алған екен. Мәселені шешу үшін тұрғындар ауылға жаңа желі тартып, трансформатор қоюды өтінген. Бұл өтініштері аяқсыз қалмады. Бір аптадан кейін аудан әкімі өзі келіп, жағдаймен танысып, мәселенің шешімін табуы үшін қаражат бөліп, трансформатор қоятынын айтқан.
Нәтижесінде Жөкей ауылы шамдары самаладай жарқыраған ақ мекенге айналған. Ауыл көшелеріне жаңа желі тартылып, көшелер жарықтандырылып, трансформатор қойылған. Оған тұрғындардың ризашылығы шексіз.
– Әрине, ұзақ уақыт жарықсыз отыру оңай емес. Сол мұқтажымызды аудан әкімі жұмысқа кірісе сала орындап бергені бізді қатты қуантты. Осы қуанышымызды тәуелсіздік мерекесі қарсаңында газет арқылы жеткізуді жөн көрдік. Сондықтан, аудан әкіміне деген риясыз көңілден шыққан шынайы ниетімізді білдіріп, Тәуелсіздік күні қарсаңындағы ізгілікті жұмыстарына береке тілеп, ауылымызға жауапкершілігі мол, еңбекқор, болашағы зор, осындай істің адамын әкім етіп тағайындаған облыс әкімі Ермек Маржықпаевқа алғыс айтқымыз келді, – дейді зейнеткер Айбатыр Батталов.
Міне, «Жас келсе – іске!» деген осы болса керек. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болып, баршаңызға еліміздің егемендігі жолындағы еңбектеріңіз жана берсін демекпіз.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.