Мақсат – мемлекеттік қызметтің беделін арттыру

Мақсат – мемлекеттік қызметтің беделін арттыру

Әдеп жөніндегі уәкілдердің қызметі Президент Жарлығымен бекітілген Ережеге сәйкес, Әдеп жөніндегі уәкілдердің, Мемлекеттік қызмет ісі жөніндегі агенттіктің қызметін одан әрі жетілдіру бойынша жыл сайынғы белгіленген жоспар негізінде жүргізіледі.

Өткен жылы Ақмола облысы бойынша жергілікті атқарушы органдардың әдеп жөніндегі уәкілдері мемлекеттік қызмет саласындағы мәселелер бойынша 554 мемлекеттік қызметшіге сыбайлас жемқорлыққа қарсы және Әдеп кодексі нормалары жөнінде көмек көрсетті. 172 азамат жеке қабылдауда болды. 35 мәрте аудандарда болдық. Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормасын бұзу фактілері бойынша облыс әкімдігіне 78 өтініш, оның 49-ы жеке және заңды тұлғалардан, 6-уы мемлекеттік органдардан, 23-і мемлекеттік қызметшілерден келіп түсті. Келіп түскен ақпараттар бойынша 47 қызметтік зерттеу жүргізілді. Нәтижесінде 35 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде мемлекеттік қызметшінің атына кір келтіретін келеңсіз істер бар. Мемлекеттік қызметшінің құқын қорғау аясында 11 мемлекеттік қызметшінің бұзылған құқы мен заңды мүддесі қалпына келтірілді. Бұл көрсеткіштің негізі лауазымды тұлғаны тәртіптік жауапкершілікке заңсыз тартумен байланысты.
Әлеуметтік желі мониторингісінің нәтижесі бойынша мемлекеттік қызметшінің беделіне байланысты 125, оның 74-і оң, 45-і келеңсіз мақала жарық көргені анықталды. Жалпы, 2020 жылы қызметтік әдепті бұзғаны үшін 38 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Екеуінің заң бұзуына байланысты материалдар құқық қорғау органдарына жіберілді. Құқықтарын түсіндіру жұмысына ерекше назар аударылады. Бұл жұмыс көбіне онлайн режимінде өткізілді. Жергілікті атқарушы органдардың әдеп жөніндегі уәкілдері мұндай 470 шара, оның ішінде 245 лекция мен семинар өткізді. Әлеуметтік желіге 145 ақпарат, 52 бейне материал орналастырылды. Бұқаралық ақпарат құралдарында 45 мақала жарияланды. Телевидениеде 15 мәрте сөйледік. Мемлекеттік қызметшілермен кездесіп, арыз-шағымдарын тыңдадық, мемлекеттік органдар ұжымының жұмысымен және мінез-құлық, психологиялық жағдайымен таныстық. Осы мақсатта әдеп жөніндегі уәкілдер аудан орталығы мен ауылдық округтарда 50 мәрте іс сапарда болды.
Моральдық-психологиялық жағдайды білу аясында ұжымдарда 5 мәрте 3 мың мемлекеттік қызметшіні қамтыған анонимдік анкеттеу өткізілді. Оның нәтижесі моральдық-психологиялық мәселелерді анықтауға мүмкіндік берді. Есептік кезеңдегі анкеттеуді талдау нәтижесінде мемлекеттік органдардың басшыларына 12 ұсыныс жасалды. Облыстық мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департамент, сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаментпен және «Nur Otan» партиясының филиалымен бірлескен шара тұрақты түрде жүргізіледі. Аталмыш органдармен бірлескен кеңестің күн тәртібінде әдеп жөніндегі уәкілдер жиі сөз сөйлейді. Проблемалық мәселелер мен оның шешу жолдары талқыланады. Мемлекеттік қызметшінің әдеп деңгейін арттыруға бағытталған ұсыныс жасалады.
Әдеп жөніндегі барлық уәкілдердің арасында жедел ақпарат алмасып, жұмысты үйлестіру үшін жергілікті атқарушы органдарда, облыстық басқармалар, қалалар мен аудандар үшін арнайы құрылған жұмыс чаты жұмыс істейді. Әдеп жөніндегі уәкіл Ережеде қарастырылған өз міндетімен шектелмей, өзі ұжымда қолайлы жағдай құруға ықпал етеді. Олардың көбі өз әріптестеріне ұстаз, психолог, медиатор болады.
Жұмыста мүдделердің қайшылығына жол бермеу, ұжымда тәуекелдік тобын уақытында анықтауға ерекше назар аударылады. Әр мемлекеттік қызметші өзінің лауазымдық міндетін орындау кезінде заңды қалай орындайтыны, адалдығы анықталады. Онда азаматтар, заңды тұлғалар, банктер алдында, айып санкциясын, алимент және өзге де қарыз міндеттемесін орындауы тәрізді маңызды мәселелер қаралады. Өйткені, осының бәрі белгілі жағдай кезінде қандай да бір келеңсіз жағдайға, сыбайлас жемқорлыққа алып келуі әбден мүмкін.
Өзіне тапсырылған міндеттерді адал орындағаны, мемлекеттік органның оң беделіне қосқан үлесі және ұжымдағы оң ахуал үшін өткен жылдың желтоқсанында республика Тәуелсіздігі күнін мерекелеу қарсаңында 6 ауданның әдеп жөніндегі уәкілі Ақмола облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Бүгінгі күні қала мен аудан әкімдігінің әдеп жөніндегі уәкілі қосымша міндеттері үшін еңбекақысына 15-30 пайыз мөлшерінде қосымша ақы алады. Негізінен бұл – аппарат, құрылым бөлімшелерінің басшылары, сондай-ақ, кейбір аудан әкімдерінің орынбасарлары. Әдеп жөніндегі уәкілдің міндеті облыстық басқармаларда басшының орынбасарына және құрылым бөлімшелерінің басшыларына жүктелген. Аталмыш уәкілдің қосымша еңбекақысы облыстық басқармаларда 40 пайызды құрайды.
2021 жылдың қаңтарында облыстық жергілікті атқарушы органның әдеп жөніндегі уәкілі үшін жұмыс жоспары бекітілген. Бұл жоспарға Ережеден туындайтын негізгі міндетті қамтамасыз етуге бағытталған 15 шара, «Өзгерісті өзіңнен баста», «Рухани жаңғыру» бағдарламалары кіреді. Сондай-ақ, өз тарапымнан азаматтарды қабылдау кестесі бекітілді. Түсіндіру және жеке ақыл-кеңес жұмыстарын мемлекеттік қызметшілермен бірге өткіземін. Бұл жөнінде нақты ақпарат жергілікті атқарушы органдардың ресми сайтында орналастырылған.
Әдеп жөніндегі уәкіл институты үшін алдағы уақыттағы негізгі міндет мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің нормаларын, жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Заң талаптарын қатаң сақтауға бағытталған алдын алу шараларының тиімділігін, сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілер және қоғам тарапынан осы институтқа деген сенім деңгейін арттыру болып табылады.

Айнагүл ЖАНӘДІЛОВА,
Ақмола облыстық әкімдігінің
әдеп жөніндегі уәкілі.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *