Целиноград ауданының орталығы Ақмол ауылында Нұрсұлтан Назарбаев қорының қолдауымен «Тепе-теңдік» әлеуметтік жобасының тұсаукесері болды. Аталмыш жобаның мақсаты – ауылдағы мүмкіндігі шектеулі жандарға еңбек және шығармашылық әлеуетін жүзеге асыру арқылы тең мүмкіндік жасау.
Жоба аясында «Батыр» қоғамдық бірлестігінің «Тұлғаны дамыту орталығы» базасы тұрақты түрде мүмкіндігі шектеулі жандарды кәсіби түрде даярлап, жұмысқа орналастырады. Орталық тігін машинасы, компьютер, шаштаразға арналған құралдармен жабдықталған. Мұнда ерекше қажеттілігі бар жастар, тігін ісі, шаштараз шеберлігі, дәстүрлі халықтық қолөнер, оның ішінде ағашпен және терімен жұмыс, компьютерлік сауаттылық, әлеуметтік кәсіпкерлік, өз кәсібін ашу сынды оқуларды меңгере алады.
Ауылдық жерлердегі басты проблемалардың бірі мүгедектігі бар жастар арасында кәсіптік бағдар беру болып табылады. Ауданның ауылдық округтерінде оқуға, мамандық алуға және жұмысқа орналасуға ниет білдірген мүмкіндігі шектеулі жастар өте көп. Бүгінгі таңда шалғай ауылдарда ерекше жандарды кәсіптік даярлайтын оқу орталықтары жоқ. Аталмыш жобаның басты мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сапасын жақсарту, шығармашылық мүмкіндігін шыңдау. Аталмыш орталықта білім алу арқылы жастар өзін-өзі дамытуға, қоғамдық өмірге бейімделуге үлкен мүмкіндік алмақшы.
Даурия ДАУЛЕТИЯР.
Целиноград ауданы