Тәуелсіз еліміздің сенімді қорғаны

Әскер – егемен еліміздің берік қалқаны. Оны нық ұстап тұру қасиетті борыш қана емес, сонымен қатар, зор мәртебе әрі мол жауапкершілік. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін 1992 жылдың 7 мамырында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Қорғаныс комитетін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі етіп қайта құру туралы», «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлықтарына сәйкес, еліміздің қуатты әскерінің негізі қаланды. Содан бері 7 мамыр – Отан қорғаушы күні болып аталып келеді.

Дәл осы күні Кеңес Одағының Батыры, генерал-лейтенант Сағадат Нұрмағамбетовке генерал-полковник шені тапсырылып, ол еліміздің Қорғаныс министрі болып тағайындалды. Осыдан кейін жергілікті әскери басқару органдарымен қысқа мерзімде Қарулы Күштерді барлық деңгейдегі офицер кадрларымен жасақтау бойынша міндеттер қойылып, содан бергі аралықта ел әскерін қалыптастыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
Яғни, Қазақстан әскерін заманауи тұрғыда дамыту мәселесінде жаңа талаптарға ден қойылды. Ел егемендік алған сәттен әскері-мізді заманауи қару-жарақпен, озық үлгідегі әскери техникамен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қажетті жаңа қару-жарақтар мен техникалар сатып алынуда. Бұған қоса, бұрыннан қолданыста болған құрал-жабдықтар мен әскери техникалар жөндеуден өткізіліп, жаңартылды. Негізінде еліміздің Қарулы Күш-тері тәуелсіздік жылдарында өз деңгейінде қалыптасты дегенімізбен, оны одан әрі уақыт талабына сай жетілдіре түсу ісі тоқтамайды, жүйелі жұмыс қазір де өз нәтижесін беруде.
Осы орайда, Ел Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қол-басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс саласы қызметкерлерінің алдына үлкен міндеттер қойып отыр. Бұл міндеттер әскери жоспарлау жүйесін жетілдіруге, Қарулы Күштердегі әскерлер, қару-жарақ пен ресурстарды енгізуді ілгерілету және басқа өзекті жағдаяттарға бағытталған.
Жаңа қазақстандық патриотизм мен ұрпақтар сабақтастығы негізінде жеке құрамның моральдық-психологиялық рухын қалыптастыру Қарулы Күштердің басты міндеттерінің бірі. Ақмолалықтардың Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске қосқан үлесі, батыр жерлестеріміздің ерен ерліктері ұрпаққа үлгі-өнеге екендігі даусыз. Осы орайда хабар-ошарсыз кеткен ҰОС қатысушыларын іздестіру жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. Бұл орайда, жақын және алыс шет елдердің мұрағаттарымен, қоғамдық ұйымдарымен хат алмасып тұрамыз. Қазіргі таңда Ақмола облысында барлығы 23 көзі тірі Ұлы Отан соғысының ардагері бар. Олардың 9-ы Көкшетау қаласында тұрады. Кез-келген жас буын өзінің аға ұрпақтың ұлағатын, жасаған ерлік істерін мақтан етеді. Ұрпаққа өлмес өнеге, таусылмас ғибрат қалдыру – абыройлы іс. Біз қашанда ұрпақтар сабақтастығына аса мән береміз. Ақмола облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті қорғаныс саласының ардагерлерімен тығыз қарым-қатынаста бірлесіп, жұмыс істейді. Қазіргі таңда өңірімізде қорғаныс саласының 99 ардагері бар.
Жалпы патриотизм – кез-келген мемлекеттің алтын діңгегі. Бүгінгі күні өскелең ұрпақты қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу барысында елеулі жұмыстар жүргізіліп келеді. Патриотизмді дамыту, болашақ Отан қорғаушыларды тәрбиелеу мәселесі отбасынан бастау алады. Еліміздегі өскелең ұрпақтың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті арттыру мақсатында жалпы білім беретін мектептерде әскери-патриоттық клубтар құрылған. Жыл сайын еліміздің жас патриоттарының «Айбын» республикалық жиыны өткізіліп тұрады. Мәселен, 2019 жылы республикалық «Айбын» жиынында облыс командасы жүлделі үшінші орынды жеңіп алды. Сонымен қатар, мектептерде жас өрендерге арналған «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубтары мен «Smart-Sarbaz» үйірмелері бар. Ақмола облысында 388 білім беру мекемесінде осындай сыныптар мен үйірмелер ашылған. Онда барлығы 6556 бала тәлім-тәрбие алуда.
Қазақстан Ресубликасының «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңының 31-бабына сәйкес, 18 жастан бастап 27 жасқа дейінгі жігіттер әскерге, яғни, Қарулы Күштер қатарына шақырылады. Қазіргі таңда облыстық штаб бекітіп берген жоспарға сәйкес ақмолалық бір топ жас сарбаз Қорғаныс министрлігінің бөлімдеріне, ҰҚК-нің шекара әскери бөлімдері қатарына, сондай-ақ, мемлекеттік қорғаныс қызметтеріне Отан алдындағы өз борыштарын өтеуге аттанып та кетті. Осылайша бүгінге дейін барлығы 401 жас сарбаз әскер қатарына алынып отыр. Ендігі орайда, Ұлттық Ұлан әскери бөлімшелеріне қабылдау жүріп жатыр. Жалпы, өңірімізде көктемгі және күзгі әскерге шақырту науқанына барлығы 1600 жас сарбаз тартылады деп жоспарланған.
Айта берсек, коронавирус пандемиясы қорғаныс саласына да өзгеріс енгізді. Бұдан былай әскерге шақырылғандар міндетті түрде ПТР тест тапсыруы керек. Жас жауынгерлер әскери бөлімге келгеннен кейін де тест тапсырып, санитарлық талаптар бойынша жабдықталған казармада болады. Сарбаздардың туыстарымен, дос-тарымен байланыстары уақытша шектетілді. Алайда, әскерилердің жақындарымен сөйлесуі үшін заманауи гаджеттерді қолдану аясы кеңейтілді.
Біздегі басты мақсаттардың бірі – Қарулы Күштердің сапалы резервін құру. Біз әскери борышын атқарып келген жастарды келісім-шарт негізінде қызметін жалғастыруға шақырудамыз. Келісім-шарт негізінде жұмыс істейтін сарбаздардың айлық жалақысы штаттық лауазымына байланысты қарастырылған. Бұдан басқа коммуналдық қызмет, қосымша төлемақы төленеді. Баспанасы жоқ әскери қызметшілерге ай сайын қосымша пәтерақысы беріледі.
Ата-бабамыз «Елін қорғау – ердің ісі» деген. Өсіп келе жатқан көкөрім жастар ел қадірін жете ұғынатын, Отанын сүйетін қасиеттерімен ерекшеленсе екен дейміз. Қарулы Күштер – қашанда ел қорғаны, ел тірегі саналған. Себебі, әскері мықты елдің іргесі де бүтін. Олай болса, тәуелсіздігіміздің тұғыры бекем, айбынымыз асқақ болсын!
Руслан ҚАСЫМОВ,
Ақмола облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар