ЖОЛБАРЫС БИ

Асан қайғының «Ағашы тұнған жеміс екен, Адамзатқа жақсы қоныс екен» дегеніндей, мүбәрәк мекен Жетісу топырағында айбатынан ай бұққан баһадүрлер, халықтың, заманның сөзін сөйлеген кемеңгер ойшылдар Қадырғали Қосынұлы Жалайри, Ескелді, Балпық, Айту билер, Орақты батыр, айбарлы Қабан жырау (Қабылиса), Жалаңаш әулие, Құсшы Уәли Шора санатында жерінің жоқтаушысы, елінің қамқоршысы, ел билеу өнеріне даналық өнегесі ұштасқан, көрегендік-көсемдік білгірлігіне әулиелігі жалғасқан, батырлығына тәуекешілдігі жарасқан Жолбарыс би Жылқайдарұлының (1671-1761) болмысы мен тұлғасы бөлекше.

Жолбарыс бидің атақ-абыройы қандай дегенде Ұлы жүздің «ноқта ағасы» «Жетісудың жел жетпес жүйрігі» Бақтыбай Жолбарысұлының (1835-1903) мына бір күйлі-мағыналы лебізінде:
Ұлы жүзде – Төле би,
Орта жүзде – Қазыбек,
Кіші жүзде – Әйтеке,
Халқына болған бұлар сый.
Қырғызда Көкен би еді,
Қарақалпақ Сасық би,
Қарауында талай үй.
Бұлардан кейін шығыпты,
Сиыршыда Сиық, Ескелді,
Андаста шыққан Балпық та,
Қарымбай мен Дарабоз.
Күшіктен шыққан Жолбарыс,
Жүрген бұлар шалқып та… делінген.
Хан заманында тарих сахнасын дүбірлеткен дүлдүлдердің ішінде аталуы да тегін емес. Және де Мәулімбай Саяқбайұлының (1871-1918):
Сөзімді тыңдап отыр Бекбосын кеп,
Үшбу сөз кейінгіге мирас болсын.
Не керек өткен іске уайым жеп.
Атасы Жолбарыс би қасиетті,
Сиқым да болыс болды неше жылдай – дегенінде ел тізгінін ұстаған болыс болғаны көрсетілген.
Жоңғарлардың жойқын шабуылы Жетісу елінде өткені тарихтан мәлім. Негізінде, қазақ жерінде ХVІ ғасырдың 30-жылдарында қанқұйлы соғыстар тұтанып, 1690-шы жылдарда жоңғарлықтар Ертіс, Есіл, Ақмола, Қызылжар, сонау Еділ бойын қамтыды. Жоңғария Қазақ Елін жаулап алу мақсатында 1465-1466, 1635, 1643, 1652, 1681-1684, 1698, 1711-1712, 1714, 1717-1718, 1728-1730, 1739, 1741-1742, 1762 жылдарда алапат қанды жорықтар ұйымдастырған еді. «Халқымызды даласымен, еліміз данасымен» сақтасын дегендей, ел мен жердің киесі, құты «адамзаттың данасы» Әз Тәуке, Керей, Жәнібек, Абылай хан, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы қарт Бөгенбай, Қаз дауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек, Малайсары, Олжабай, Райымбек, Ханкелді батырлар қатарында өзі батыр, өзі би, өзі көріпкел, ту ұстап, тұлпар мінген Жолбарыс Жылқайдарұлы да бар еді. Оның қолбасшылық өнеріне ұйымдастырушылық, нар тәуекелшілдік, тәсілқойлық, қорғану амалдары, қоршауға алу шеберлігі тән. Бір қолын өзі басқарса, екіншісін жас ноян Ескелдіге басқартатын-ды. Бұл оның тәлімгерлігі. Сондай-ақ айрықша, ақыл-есімен, әділ ісімен айқындалған Жолбарыс бидің мәмілегерлігін айтар болсақ, бұған айғақ – Ресей мен Қытай елшілерін жарастыруы. Тағы да бір тарихи куәлік – Орыс патшасы Жолбарыс биді Қытайға елшілікке жұмсағанда – ол Алатауды көктеп өткендегі жолының «Жолбарыс Емелі» атануы («емел» асу, алынбас қамал деген мағынада. Бұл Суан Ақбай абыз дерегі).
Жас жайнақ Жолбарыс әкесінен «Еншімді неге бермейсің?» деп өтінгенде Жылқайдар: «Саған тиісті екі үйір жылқымды барымташылар алып кеткен, ержүрексің ғой, өзің бірдеңе қыл» дейді. Ол тәуекелге бел буып, барымташының еліне жетіп, дәулетті байдың үйіне ат басын тірейді. Бай сапарлап кеткен екен. Ақылды Жолбарыс қора-қопсысын ретке келтіріп, тап-тұйнақтай етіп, дөңнің басына барып ұйықтайды. Осы бір сәтте бай үйіне оралып, қорасының сәулетіне қайран қалып, күзетшісінен мұны істеген кім дейді. Сонда ол дөңнің төбесіндегі дию-періні және оның қасынан айбатты арыстанды көреді.
Бай дереу жас барысқа тай сойып, жөнін сұрайды. Сонан ол бас барымташыны алдырады. Ол кінәсін мойындайды. Себебі, ол Жолбарысқа жақындап келе жатқанда екі рет оңбай сүрінеді. Оның «Аттым!» деп үш мәрте қайталаса, жалғанмен қош айтысатынын біледі. «Бір атадан жалғыз қалған жалқы едім» деп жалынады. Қиянатқа қайырым жасайтын жампоз Жолбарыс кешіріпті. Бай болса оған тай тұяқ алтын сыйлапты. Сонан Жолбарыс қарияға 1 құлынды бие, 1 ат, 1 тайды немересіне атап, мынадай бата беріпті:
– Е, құдайым!
Елді-жұртты малды қыл,
Өсіп, өнген жанды қыл.
Адалдықты ұстанып,
Әділдікке құласа,
Алты алаштың алды қыл!
Жолбарыстың өжеттігіне тағы бір дәлел – қалмақтың жеті қарақшысы мен бір батырын түйесінің үстінен ілбістей атылып, бірін құлатады, бірін сұлатады, сөйтіп, өзіне бағындырады.
Ұры-қарының қорлығын көрген ел бір баукеспенің ісіне төзбей, Жолбарыс бидің алдына апарады. Антұрған:
– Айтқаным айтқан, ұры мен емес, Керала. Мен ұрласам, кеудемнен жаным шықсын. Жас жаным қиылсын! – деп, зарлайды. Сонда Жолбарыс алдындағы өсіп тұрған шеңгелдің шыбығын нұсқап:
– Кес мынаны! – дейді.
«Мұнда тұрған не бар дейсің» деп іштей ойлаған Сәти шыбықты кесіп кеп жібергенде, қан тәрізді қап-қара қоймалжың сұйық нәрсе бұрқ ете түседі.
– Сен қарау екенсің, – дейді Жолбарыс би. Онан соң нөкерлеріне бұрылып:
–Мынаны айтқан ұрысымен беттестіріңдер. Алла есебін сол жерде таптырар, – дейді сұстанып.
Жылқысы айдауда кеткен Жолымбет жолға шығады. Жанында Сәти. Жолымбет сұрастыра келіп, матай елінің әділ бір биінің үйіне келіп түседі. Төскейде малдары, төсекте бастары қосылып жатқан іргелес екі елдің телағасы, Керала деген ұрыны заматында алдына келтіреді. Беттестірсе, Сәтидің айтқандары шылғи өтірік.
Жолымбет Жолбарыс бидің шыбық қиғызғанын, одан қап-қара қоймалжың сұйық нәрсенің бұрқ ете қалғандығын, «мынаны ауылына тезірек жеткізіңдер. Алла есебін сол жерде таптырар» дегенін моншаққа тізгендей етіп әңгімелейді. Сол бір сәтте Сәтидің де жаны кеудесінен көк шыбын болып ұшып, отырған орнында қор ете түсіпті де жан тәсілім етеді. «Жолбарыстың шыбығын қию» дәстүрі бұдан соң, ел-елге жайылыпты.
Иә, Жолбарыстың шыбығын кесушілер, «жас жаныңа пышақ ұрайын демеп едім, жаладан жаным күйіп барады. Менде жазық жоқ, жалақордың жөнін тап!» деп мінәжат етеді екен кейінгілер.
Жолбарыс бидің мына бір ғибратнамасы қандай терең сырлы:
– Бұрынғы заманда бір мүсәпір ханға келіп, «Мен бір жақсы сөз білемін. Мың ділдә берсең, айтамын. Ол сөз не мұратыңызға жеткізеді» дейді. Хан «жарайды» деп, мың ділда береді. Ол: «Не қылсаң, істің түбін ойлап қыл!» деген сөз екен. Мүсәпір ол сөзді ханның үй ішіндегі әрбір көрінген нәрсесіне «Не қылсаң, істің түбін ойлап қыл!» деп жазып береді де, жақсы сөзім осы дейді. Күндерде бір күн хан сырқаттанып, елден бақсы-балгер іздетеді. Бір қаншы келіп, «Сіздің ауруыңыз қан екен» деп, қан алмақшы болады. Мұны естіген ханның бір дұшпаны қаншыға пұл беріп, «ханды осы жолы не қылсаң да тындыр» дейді. Қаншы көніп, қандауырынын уға суғарып алып ханға келеді. Хан қан алдыруға алдына шылапшын қойса, баяғы мүсәпірдің «Не қылсаң да, істің түбін ойлап қыл» деген сөзі қаншының көзіне түседі. Оқып, ойланады. «Мен ханды өлтіреді екенмін. Онда өзім де өлемін ғой. Одан маған не пайда? Түбін ойласам, өзіме зиян емес пе?». Сонан соң қаншы қан алайын деп даярлап тұрған улы қандауырынын қойып, басқа бір қандауырды ұстайды. Мұны көріп отырған хан:
– Ей, бәтшағар, мұның не, ана қандауырды басында неге алдың? Енді оны неге былай қойдың? – дейді. Қаншы:
– Тақсыр, жәй әншейін, – деп шынын айтпайды. Бірақ хан мөңкіп, тулайды. Қаншы сонда:
– Сіздің бір дұшпаныңыз сізге қастық ойлап, мына қандауырды улатып еді. Мына шылапшыныңыздағы жазуды оқып, ол бұзық ойдан кенет өзімді тоқтаттым, – деп, ағынан жарылады.
Сонда хан баяғы бейшараға берген мың ділдам аз екен-ау, жүз мың ділда берсем етті! – деп өкінген екен.
Жолбарыс әулие Райымбекке жан сырын былайша айтыпты:
– Тозбайтын темір жоқ, озбайтын өмір жоқ. Бұл күнде базардан қайтқан базаршымен бірдеймін. Шүкір, өмірдің көктемін де, жазын да өткеріп қалдым. Енді, міне, қоңырқай күзі жетіп, қысы мен сызы да таяп келе жатқандай. Талай нәрсені білгеніммен, маған екі түрлі нәрсе беймағұлым. Біріншісі – Алланың аманатын қашан тапсырып, бақиға қашан аттанамын. Екіншісі – топырақ маған қай жерден бұйырады?
«Асыл тастан, ақыл жастан» деуші еді бұрынғылар, бұған сен не айтасың? – депті.
Райымбек қамшысының өрімін шоқтай уыстап ұстап:
– Бірінші сауалыңызға бәлендей деп, күнәһар болар жайым жоқ, аға. Ол бір Аллаға ғана аян іс. Екінші сауалыңызға жауапты көрген түсіме қарап айтайын. Сүйегіңіз шөлге де, көлге де жетпей, дүрсілі тынбайтын дөңнің үстінде қала ма деймін. Жүрегіңіздің соғысындай, әйтеуір, бір дүрсіл құлағыма шалынады, – депті де, өз жайынан сауал тастапты.
Жолбарыс әулие де:
–Жеті мен жетпіс киелі сандар ғой, өмір – жасың жетпістен асатын болуы керек. Тек, жатар жерің әуелде жайлы болғанымен, уақыт өте келе гуілі мен ызыңы тыйылмайтын, шулы жерге айналатын тәрізді. Бұл менің жорамалым ғой, ақиқаты Аллаға аян! – деп, дұға қайырыпты.
Бірде «инеге өлеңсөзді сабақтаған» Қабан жырау, киесі қызыл шұбар жолбарыс Балпық би, от ауызды, орақ тілді Ескелді би мәслихат құрып отырғанда Үлпілдек батылдығынан жаңылмастан:
–Естуімше, күн мен түн, жарық пен қараңғы, жақсылық пен жамандық, сопы мен содыр (дінсіз), міне, осы төртеуі фәни дүниеде де, бақи дүниеде де ымыраға келмейтін көрінеді, – дейді даусын күмістей сыңғырлатып.
Жақсы басталған сұхбатты Балпық би жалғастырып:
– Ескелді өзінің түсін өзі жорып, «елімізге ардақты ана келгендей ме, қалай?» деп менен сұраған да, мен қапелімде ел сүйінген ардақты ана қандай болады? Қандай анаға еркектің шуағы түспек? – дейді.
Сонда Үлпілдек бұл сұрақтарға да асып-сасып, албыртпай:
– Ананың да, атаның да ардақты болулары – өздерінің пейіл, пиғыл, қарекеттері мен шын сөз, ақ ниет, адал тілеулерінен болса керек.
Құлынды биесі болса, ерттеп мінетін,
Боталы түйесі болса, жүгін артып жүретін,
Өрісі кең даласы болса,
Бауырына басар баласы болса,
Ондай ана ардақты болмай,
Қандай ана ардақты болушы еді?
Мейірімділігі екі көзінен,
Имандылығы жылы жүзінен төгіліп тұрса,
Еркектің шуағы ондай анаға түспегенде,
Кімге түсуші еді?
Тегінде, ана біткен бауыр еті – баласымен де,
Еліндегі есті данасымен де ардақты болар! –
деп, тапқырлық танытыпты.
– Оу, жарандар, ғаділін айтсам, қарындасына бүйірі бұрды демессіңдер, сендер Үлпілдек шырағымның сөзіне тұтылдыңдар. Тұтылғанда, мақтауларыңды ала отырып тұтылдыңдар.
Айналайын, Үлпілдек, Алла алдыңнан жарылқасын. Тіл мен көзден аман бол. Осы тұғырыңнан таймағайсың қашанда. Шырағым, қолыңды жай, «Шұбар– Атаң» батасын берсін шұбыртып, – дейді, Жолбарыс әулиеден бата тілеп.
Сонда Жолбарыс абыз:
– Айналайын, келінім,
Ұстағаның алтын болсын.
Ақ жүзің әр кез жарқын болсын.
Келген жеріңе көрік бол,
Абыройыңа берік бол!
Отағасың Құлжамен,
Қайындарың Ескелді мен Балпыққа,
Ақыл сұрай қалса, серік бол.
Алла бағыңды әуеден жаудырып,
Жерден өндірсін.
Мәслихаттарыңды қау етпей,
Айтқандарыңды дау етпей,
Ақ періште өзі келіп көндірсін.
Аллау – Әкбар! –
деп, меруерт-гауһардай лебізін айтыпты.
Жолбарыс би Абылайдың ұлы Әділ төреге қаратып:
– Алпыстан жасың асқанда,
Аруағың жақындасқанда,
Алланы алып аузына,
Сәждаға басты қосқанда.
Алжастың қалай жолыңнан,
Сені албасты басқан ба?
Ісіңді құдай төре менен датқаға түсірмесін,
Көзіңді құдай көнелеу затқа түсірмесін.
Төреден билік оң болмас,
Көнеден пішіп тон болмас.
Осыны білмеген ел мен ердің,
Сірә да, оңынан жолы болмас!
Жолбарыс бидің өмір жолындағы қорытынды, екшелген, жинақталған тәжірибесі, қазақы жақсы ортадан алған тәлім-тәрбиесі, естіп-көргенінен түйген әсерлері, елшілдік, мемлекетшілдік көзқарасы, ұлттық-жауынгерлік құндылықтары ғибрат-тәмсіл ретінде ел аузында сақталған.
Мәселен, сол бір аласапыран заманның көрінісі мынадай іс-әрекетінен-ақ байқалады 1) «Ақ найзасын үйдің ішінен сыртына қарай туырлықты тестіріп, шаншып қояды екен» – дегенінен атқа жеңіл, тайға шақ, ұйқыға сақ әрі елге айбарлы сесін көрсеткені.
Бұрынғы заманда соғысқа енгенде күн шыққан жақтан ақ боз атпен жорытса, күн сәулесінен ақ боз аттың түр-түсі көрінбейді екен. Әрі салтанат.
2) «Атқа қонып, ақ найзасын қолына алса, кесе көлденең ұстап, жортып отырады екен. «Онысы – жау іздеп келе жатқаным жоқ, төңірегіме тыныштық тілеп келемін» дегенінің ишарасы екен деседі. Иә, Әмір-Темір көреген оң қолына сұңқар ұстап, ақ бозбен шығады екен.
«Неге екенін кім білсін, жай уақыттарда жағасымен бетін көлегейлеп, адамдарға көз қырымен ғана қарайтын болыпты». Көзі от шашқан өткірліктен.
Жолбарыс би ел тарихы мен дәстүрлерінің білгірі, қоғамның тамыршысы ғана емес, табиғаттың да білімпазы. Себебі, «Жылдың төрт маусымындағы елдің көші-қонын өзі ғана белгілеп» жөн-жосығын көрсетіп отырған.
Халықтық даналық қағидаттарды жетік және ұлттық сөз өнерін терең білетін ол мән-мағынасы көркем теңемелерді «Дулат аттың түгіндей, жалайыр аттың төбеліндей» деп айтып отырады екен.
Жолбарыс бидің әулиелілігіне көшсек, Балпық пен Ескелді оның құдіретін сынамақшы болып келіседі. Бірде елдің жақсылары айтулы асқа жиналады. Қайткенде де сынау мейлінше жинақы, қас-қағым сәтте орындалу керек. Үйдің табалдырығынан аттай бергенде, Жолбарысты сөзге айналдырып, өздері алдымен кіргісі келеді. Жолбарыс екеуінің сөзін құлаққа ілмей, төрге озады. Екеуі бір ақжал арыстан Жолбарыс әулиенің ту сыртынан жайымен өтіп бара жатқанын көреді…
Жолбарыс бидің айтқыштық, тапқырлық, шешендік қабілетіне ауыссақ, оның Қожай төреге, Абылай ханның баласы Әділ сұлтанға айтқандары көркемдік мазмұнымен, отты-уытты мағыналық тереңдігімен, сыншылдық шеберлігімен ерекшеленеді.
Райымбек бабамен сұхбатында көрегендік-көсемдік, пәлсапалық көзқарас бар.
Жолбарыс бидің тәуіпшілдік, емшілік өнерін айтар болсақ, Әділ сұлтанды сырқатынан сауықтыруы. «Қыз – өрім» (жіп-жіңішке 4 өрім) қамшыға ту биенің қазысын шылайды да, өңеш арқылы асқазанға жүгіртіп, қанды ірің ағызады, сонан соң 3 рет жалбыз тұнбасымен шаяды, ең аяғында бір білем шикі қазыны асаттырады. Осы бір емнің әсерінен Әділ сұлтан сау-саламат болады.
Жинақтай айтқанда, ел тарихындағы өзі би, өзі батыр, өзі әулие әмбебап тұлға Жолбарыс Жылқайдарұлының даналық қағидаттары рухани кемелденуімізге белгілі бір бағыт-бағдар берері сөзсіз.

Серік НЕГИМОВ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар