Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, мамырдың 30-да Бұланды аудандық полиция бөліміне Нұр-Сұлтан қаласының 25 жастағы тұрғыны хабарласып, Бұланды ауданы Алакөл ауылының маңындағы «Нұр-Сұлтан-Петропавл» автожолының 138 шақырымында жол-көлік оқиғасы болғанын айтқан.
Белгілі болғандай, Нұр-Сұлтан қаласына бағыт алған «Volkswagen Polo» автокөлігінің 30 жастағы жүргізушісі рульді басқара алмай, қарсы бағытта жүріп келе жатқан «Mercedes Benz» жүк көлігімен соқтығысты. Жүк көлігінің рулінде елорданың 25 жастағы тұрғыны болды. Жол апатының салдарынан жеңіл көлік аударылып, көлік ішінде 67 жастағы ер адам мен 56 жастағы әйел жолаушылар көз жұмды. Ал, көлік жүргізуші мен 4 жасар бала түрлі дене жарақтымен Ақкөл аудандық ауруханасына жатқызылды.
Осыған байланысты ҚР ҚК 345 бабының 4-ші бөлігі «көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы» бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу шаралары жүргізілуде.