Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Президент Жолдауында орынды мәселелерді көтерді - қоғам қайраткері - АРҚА АЖАРЫ

Президент Жолдауында орынды мәселелерді көтерді – қоғам қайраткері

Президент өз Жолдауында болашақтың жаңа көзқарасты бағдарын анықтап берді. Бұл туралы қоғам және мемлекет қайраткері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі Жабал Ерғалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Заманның сәт сайын өзгеруі кез келген қоғамның алдына тың әрі жаңа міндеттерді алға тартары бар. Әлемнің қазіргі дамуының барысында құбылмалы және жаңа сын-қатерлері көп жағдайдың бар екендігін Президентіміз орынды айтты. Қазіргі Ауғанстандағы жағдай аяқ астынан осылай өзгеріп кетеді деп кім ойлаған? Енді міне, ол жағдай әлемді алаңдатып отыр. Орта Азия мемлекеттерінің геосаяси жағдайына да кері әсерін тигізуі мүмкін. Жолдауда сақ болу мәселесі тектен текке айтылмаса керек. Бұл орайда Президентіміздің «Келесі мәселе. Ауғанстандағы ахуал және жаһандық шиеленістің күшеюі бізге қорғаныс өнеркәсібі кешенін және Әскери доктринамызды толығымен қайта қарауға міндеттейді. Қорғаныс қабілетімізді нығайтып, қауіп-қатерлерге жедел үн қату мемлекеттік маңызы бар басымдыққа айналуға тиіс. Біз сыртқы қатерге және оқиғаның қалай өрбуіне де дайын болуымыз керек»,-дегені баршамызға ой салса етті. Атам қазақ «жау жоқ деме жар астында» дегенді білмей айтпаған шығар», – дейді Ж.Ерғалиев.

Оның айтуынша, Жолдауда соңғы кездері қалың елді алаңдатып отырған біраз мәселелердің сөз болуы, оларды шешудің жолдарының нақтылы айтылуы елді қуантып тастады. Болашаққа деген сенімді нығайта түсті.

«Жем-шөп дайындауға қажетті жер көлемін кеңейту мәселесі айтылды. Президентіміз ауыл адамдарын біраздан бері толғандырып, тіпті қинап жүрген жайды дөп басты. Ендігі арада ауыл шаруашылығын осы заманғы білім мен ғылым жетістіктеріне сай өркендету қажет. Бұл талас тудырмайтын мәселе. Сол үшін егіс алқаптарына қатысты ғарыштық мониторинг және қашықтан зондтау мүмкіндігін кеңінен пайдалану керектігін Мемлекет басшысы дұрыс көтерді. Біз ғарыш саласын дамытудан ілгері басып келе жатқан елміз. Сондықтан да егістіктерімізді ғарыштан зерттеу жұмыстарын атқаруға толық мүмкіндігіміз бар», – деп қосты Ж.Ерғалиев.

Сонымен бірге, ол кейінгі кездері Қазақстанның тәуелсіздігіне қауіп төндіретіндей іріткі салушылық ішімізден де, сыртымыздан да көрініс бере бастағанын, Президент Жолдауында сондай жайларды алдын алуда Қазақстанның біртұтас және бөлінбейтін мемлекет екендігін баса айтқанына тоқталды.

«Президентіміздің Жолдауы тақырыбының «халық бірлігі» деген сөзбен басталып отырғандығы да тегін емес деп ойлаймын. Өйткені соңғы кездері қазақ елін ішімізден де, сырттан да ғайбаттау, барды жоққа шығару, болмағанды болды деу сияқты жат пиғылды пікірлер айтылып жатыр. Бұл ел ішіне іріткі салу. Көбінесе мемлекеттік тілге қатысты түрлі көзқарастар төңірегінде сан қилы пікірлер бар. Президентіміз осы мәселеде аталы сөз айтты. «Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясттың басым бағытының бірі болып қала береді. Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар. Қазақ тілі шын мәнінде білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда. Жалпы, мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл – заңды құбылыс, өмірдің басты үрдісі. Сондықтан қазақ тілінің өрісі тым шектеліп бара жатыр деуге негіз жоқ. Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі», – деді Мемлекет басшысы. Енді қазақ тілі мемлекеттік тіл ме, тіл емес пе деп екі ойлы болып жүргендерге таяқты қолға ұстатқандай болып тұрған жоқ па? Енді сол бір ғана мемлекеттік тіл- қазақша сөйлейік, жазайық, тіл білмесек үйренейік, тіл білмейтіндерге кінә қоймайық, тілді меңгеруге қол ұшын берейік! Ең әуелі қазақтың тілінің бағын әр қазақтың баласы жандыруға міндетті!», – деп түйіндеді Ж.Ерғалиев.

Еске салсақ, 1 қыркүйек күні ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа Жолдауын жариялады. Жолдаудың толық мәтіні мына жерде.

Дереккөз: ҚазАқпарат

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар