Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Шортанды кентінде газ жарылысынан зардап шеккен және қаза тапқандардың отбасыларына барынша көмек көрсетуді тапсырды.
Ақмола облысының Шортанды кентінде газ жарылысы орын алған жерге аймақ басшысы Ермек Маржықпаев барып, қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына барынша көмек көрсету жөнінде тапсырма берді.
«Менің тапсырмам бойынша Төтенше жағдай салдарын жою бойынша жедел штаб құрылды. Оқиға орнында қаза тапқандардың отбасыларына психологиялық және материалдық көмек көрсетіледі. Жерлеуді ұйымдастыруға байланысты көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, бұл мәселе түпкілікті шешілгенге дейін уақытша тұрғын үй беріледі. Ешкім де назардан тыс қалмайды», — деп атап өтті Ермек Маржықпаев.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, облыс басшысы алдымен Шортанды аудандық ауруханасына барып, Нұр-Сұлтан қаласының күйік орталығына алты зардап шегушіні жедел түрде ауруханаға жатқызуды ұйымдастырды. Тағы үш зардап шегушінің жағдайы тұрақты болды, олар Шортанды аудандық ауруханасының хирургия бөлімінде қалды. Сондай-ақ, Е.Маржықпаев орын алған өрттің себептерін мұқият зерттеуге тапсырма берді. Осыған байланысты мән-жайлар мен себептерді анықтау үшін тергеу-жедел тобы және зерттеу-өрт зертханасы жұмысын бастады.
Сонымен бірге, Ақмола облысы әкімінің төрағалығымен уәкілетті органдармен жедел штаб отырысы өтті. Штаб жұмысы аясында зардап шеккендерге көмек көрсетілді. Қазіргі уақытта зардап шеккендердің отбасылары туыстарына орналастырылды, өрт сөндірушілерді уақытша орналастыру үшін екі пәтер бөлінді, сондай-ақ қаза тапқандарды жерлеуді ұйымдастыру бойынша Отбасыларға көмек көрсетілетін болады.
Сонымен қатар, облыстық мешіттің жанындағы қайырымдылық қоры қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсету үшін қаражат жинауды бастады. Шортанды кентінің әкімдігі қазір зардап шеккен отбасыларға қажет заттарды қабылдайды.
Еске сала кетсек, биылғы жылғы қарашаның 16-да Шортанды кентінде бір қабатты 3 пәтерлі тұрғын үйде газ баллонының жарылысы орын алып, одан кейін өрт шығып, шатыры құлады. Оқиға орнында үш адамның денесі табылды. Түрлі жарақаттармен 10 адам ауруханаға жатқызылды. Зардап шеккен он адамның алтауы Нұр-Сұлтанға жатқызылды, олардың ішінде төрт бала және екі ересек адам бар.