Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мәслихаттар – жергілікті өзін-өзі басқарудың негізі - АРҚА АЖАРЫ

Мәслихаттар – жергілікті өзін-өзі басқарудың негізі

Cоңғы жылдары қоғамымыздағы атқарар рөлі жаңаша айқындалған мәслихаттардың өкілеттілігі әжептәуір кеңейтілді. Ата Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар өзекжарды істерге араласудың демократиялық бастамасы бола отырып, мәслихаттар жергілікті міндеттерді шешу үшін құрылған, жергілікті халық сайлаған орган ретінде жергілікті өзін-өзі басқарудың негізі болып отыр. Елде жүзеге асқан саяси реформалардың нәтижесінде мәслихаттардың рөлі, жауапкершілігі елді мекендердегі, өңірлердегі тұрғындардың ең көкейкесті проблемаларын шешуге жетерлік деңгейде күшейе түсті. Биліктің атқарушы және өкілетті тармақтары арасында нақтылы байланыс орнатылып, әкімдердің депутаттармен кездесуі тұрақты жағдайға айналып отыр. Бұл кездесулерде қоғамдық саяси және әлеуметтік мәселелер талқыланып, ол басқарудың бір жүйесіне айналып келеді.

Облыстың депутаттық корпусы жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру мәселесінде белсенділік танытып, әлеуметтік сала саясатының дұрыс қалыптасуына ықпал ете білуде. Аймақтағы өмірге әрбір депутат өздерін жауапты сезінеді.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Халық бірлігі мен жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Жолдауының біздің халық үшін аса маңыздылығын депутаттық корпус ерекше атай отырып, оны экономикасы дамыған, әлеуметтік бағытталған, әлемдік қауымдастықта бәсекеге қабілетті елдер қатарына іліккен демократиялық мемлекет құруға арналған стратегиялық бағытты жүзеге асырудың нақты, ғылыми негізделген бағдарламасы ретінде және мемлекетімізді, оның тәуелсіздігін нығайтуды, халқымыздың хал-жағдайын жақсартуды көздейтін бірден-бір құжат ретінде қарастырып, сайлау округтерінде түсіндіру, онда айқындалған идеялар мен міндеттерді әр сайлаушыға жеткізу жұмысын кеңінен жүргізген болатын.

Осынау тарихи құжат болып табылатын Президент Жолдауының реформашыл қағидаларын толығынан қуаттай отырып, облыстық мәслихаттың депутаттары алда да өз жұмысын тиімді ұйымдастыруға күш жұмсайтыны сөзсіз.
Өз басым депутат болып келгеніме 10 айдың шамасы болды, осы уақыт ішінде қалалар мен аудандарды аралап, мектептер мен жоғары және орта арнаулы оқу орындарының материалдық-техникалық базаларымен танысып, оқушылар мен студенттердің оқу деңгейіне, биылғы ұлттық тестілеуге дайындықтарына зер салдым. Аудандарда мектепке дайындық, жол мен су мәселесі, егін науқанының жетістіктері сияқты өзекті мәселелер алға тартылды. Сонымен қатар, жергілікті жерлердегі депутаттармен, мәслихаттардың жағдайы, күнделікті жұмыс тынысымен таныстым. Осыған орай айтатыным, Елбасы Жолдауында атап көрсетілгеніндей, бізде еңбек ету үшін барлық мүмкіншіліктің бар екендігі.

Жергілікті жерлерде мәслихаттардың хатшылары бастаған депутаттардың жұмыс аясы кең, бұл орайда, күнделікті тұрғын үй мәселесін шешу, селолық округтерді, білім беру, денсаулық сақтау салаларын, өнеркәсіпті, жергілікті автокөлік жолдарын дамыту және басқа да бағдарламалар бар. Ал, ең маңызды деген мәселелер облыстық мәслихаттың мәслихаттар жұмысының тиімділігін арттыру мен жұмыстарын жетілдіру үшін құрылған Үйлестіру кеңесіне шығарылады, кеңестің құрамына барлық деңгейдегі мәслихаттардың хатшылары енгізілген және бұл қоғамдық орган өкілетті органдардың өзара шынайы тығыз байланыста болуына мүмкіндік беріп, осы кеңес арқылы бір-біріне практикалық көмек көрсете алады.

Мемлекет басшысының Жолдауында «Орталық бағыныстағы қалалар мен облыс орталықтарында «халықтың қатысу бюджеті» сәтті енгізілді. Азаматтардың нақты қажеттіліктеріне сәйкес абаттандыру бойынша ондаған жобалар іске асырылды. Бұл – табысты тәжірибе. Енді абаттандыру және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бюджетіне «халықтың қатысу» үлесін 10 есеге арттыру қажет» деп атап көрсетілді. Осы мәселе, яғни, аумақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын облыстық бюджеттің қалыптасуы мен орындалуы күн тәртібінен түспейтін мәселеге айналды. Бұлардың орындалуы біздің аймақтың экономикалық жағынан күрт өсіп-өркендеуіне зор ықпалын тигізері сөзсіз.

Облыс бюджетін қалыптастыруға депутаттар айрықша жауапкершілікпен қарайды. Тұрақты комиссиялардың отырыстарында, депутат сағаттарында сайлаушылардың пікірлері ескеріле отырып, қаржыландырудың нақтылы көлемі талқыланып, ұсыныстар енгізіледі. Мәселен, жыл сайын үш жылға арналған бюджетті бекіту алдында облыстың барлық депутаттары ат салысып, өз аймағындағы проблемаларды көтеріп, аудан әкімдерімен әрбір жобаны қорғауға тырысады. Атап айтсақ, ағымдағы жылы облыс депутаттарынан барлығы 760 ұсыныс түсіп, 56 миллиард теңгенің 485 ұсынысы бюджетке енгізіліп, оларды іске асыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл барлық ұсыныстардың 64 пайызын құрайды. Ал, келесі 2022-2024 жылдарға арналған бюджетке енгізу үшін бүгінгі күні депутаттардан 594 ұсыныс түсіп отыр. Ең бастысы, облыстық бюджет әрқашан әлеуметтік бағдарда қабылданады. Бұл тек әлеуметтік бағдарламаларды қолдау ғана емес, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған тұтас бір саясат деуге болар еді.

Осыған орай, негізгі көрсеткіштердің бірі және Президенттің Жолдауында айқындалған негізгі бағыттар да әлеуметтік саланы дамыту болып табылады. Егер өткен жылы мұғалімдердің жалақысы мен студенттердің стипендиясы артса, 2022 жылдан бастап 2025 жылға дейін ең алдымен, әлеуметтік бағытта еңбек ететін қызметкерлердің жалақысы 20 пайызға көтерілмекші, бұлар – мәдениет қызметкерлері, мұрағатшылар, кітапханашылар, техникалық қызметкерлер, қорықшылар, көлік жүргізушілер және басқалары.

Біз әрқашан халықтың мүдделерін қорғауда табанды болуымыз керек. Бұл – аманат, оны азаматтардың өтінішінің сипатына, олардың бастамаларына, депутаттар бастаған түрлі бастамаларға қатысу дәрежесіне қарай негіздеу керек. Бұл барлық өкілетті билікке қатысты. Жергілікті жерлерде депутаттардың атқарар жұмыстары жеткілікті. Ең бастысы, қабылданған шешімдер мен қаулылардың орындалуына бақылауды күшейтуіміз қажет. Халықтан түсетін өтініштер жекелеген депутаттардың назарынан басқа, сипатына қарай мәслихаттың комиссияларында қаралады.

Облыстық мәслихаттың бірінші ұйымдастыру сессиясында төрт тұрақты комиссия құрылған. Комиссиялар өз жұмысын облыстық мәслихаттың регламенті және басымдықтар мен болашаққа арналған жоспары тұрғысында құрады. Тұрақты комиссиялардың отырыстарында қарауға енгізілетін мәселелердің ауқымы әралуан. Осы зор да жауапты міндеттерге депутаттардың сапалық құрамы сай келеді. Комиссия мүшелерінің жеткілікті жұмыс тәжірибесі бар, бәрі де комиссия қызметінің бар бағыты бойынша біліктіліктері олқы соқпайтын азаматтар.

Мәселен, денсаулық сақтау саласын реформалау мен дамыту бағдарламасы халықтың денсаулығын одан әрі жақсартуды көздейді. Оны жүзеге асырған жағдайда медицина мекемелерін медициналық құрал-жабдықтармен, санитарлық көлік, кадрлармен толықтыру міндеті орындалады. Осы мәселелерді шешуде мәслихаттарда құрылған тұрақты комиссиялардың көмегі көп. Күні бүгін әсіресе, ауылдарда дәрігер кадрлардың жетіспеуі үлкен қиыншылық туғызып отыр, созылмалы аурулар көбейіп, балалар мен сәбилер өлімі азаймай келеді. Осындай өзекті мәселелер көтерілген кезде депутаттар аудандарға шығып, өз көздерімен жағдайдың мән-жайымен танысып қайтады. Көшпелі отырыстар да ұйымдастырылып тұрады.

Сонымен бірге, жеке азаматтар, сайлаушылардан да түскен өтініштер сырт қалмайды. Мысал үшін айта кетсек, Ақмола облысында тегін негізде дәрілік заттарды қосымша ұсынуды қажет ететін ауыр сырқаттармен ауыратын науқастар да тұрады. Тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің бұйрығы негізінде жүзеге асырылады, онда аурулар мен дәрілік заттардың нақты тізбесі айқындалған. Алайда, осы тегін тізбеге енбеген немесе бірыңғай дистрибьютордың тізімінде жоқ жекелеген адамдардан жыл сайын қымбат дәрілік препараттармен қамтамасыз ету бойынша өтініштер түседі.

Осындай проблема бойынша Атбасар ауданынан өте сирек аурумен ауыратын науқас баланың анасынан биыл облыстық мәслихатқа өтініш түсті. Бұл өтініш мәслихаттың әлеуметтік сұрақтар жөніндегі комиссиясының отырысында, депутат сағатында қаралып, депутаттар бірауыздан қолдағаннан кейін жедел түрде кезектен тыс сессия өткізуге тура келді және бұл мәселе оң шешімін тапты. Осылайша науқас баланың өмірін сақтап қалу үшін 27 миллион теңгеден аса қажетті қаражат бөлінді. Бұл мәслихат жұмысындағы ең бір есте қаларлық игі іс болды.

Тағы бір мәселеге тоқталып өтсек, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шеңберінде Көкшетау қаласының мектептерінде аз қамтылған және жетім балаларды тамақтандыру мәселесі бойынша жеке кәсіпкерлерден өтініш түсіп, ол комиссия отырысында қаралып, депутаттардың қолдауы арқылы оң шешімін тапты. Сөйтіп, бір балаға бөлінетін қаражат өткен оқу жылына бекітілген 380 теңгеден 616 теңгеге артты. Осындай жұмыстар барысында халық қалаулылары шынайы өмір мектебінен өтіп, өзекті мәселелерді шешуге шығармашылық тұрғыдан қарауды үйренеді. Олардың бұл жұмысы алдағы уақытта да нәтижелі де жемісті болатынына сенімдімін.

Ұлт жоспарын іске асыру шеңберінде мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасындағы диалогтың жаңа форматы ретінде мәслихаттарда құрылған Қоғамдық кеңестер өз қызметінде үлкен белсендік көрсетіп келеді. Бүгінгі барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың шешімдері осы Қоғамдық кеңестерде талқыланып, әкімдіктер мен мәслихаттардың қабылдайтын барлық нормативтік-құқықтық актілерінің жобалары осы кеңес арқылы келісім табуда. Бақылау арқылы кеңес мүшелері өз ұсыныстарын молынан енгізіп келеді. Биылдың өзінде біздің облыстық Қоғамдық кеңестің бірнеше отырысы өтіп, онда аса өзекті деген көптеген мәселелер қаралды. Айта кететін бір жай, жаңа жылдан кейін заңнамаға сәйкес барлық деңгейдегі Кеңестердің жаңа құрамдары сайланады, мұнда «Қоғамдық кеңестер туралы» Қазақстан Республикасы Заңына енгізілген барлық өзгерістер қатаң сақталуы керек.

Осы орайда, «Әрбір шешімді қоғамның сұраныстарын ғана емес, мемлекеттің мүмкіндіктерін де ескере отырып қабылдау қажет», – деп атап өтті Ел Президенті өзінің халыққа Жолдауында. Біз, депутаттар адам игілігі үшін жұмыс істеуге міндеттіміз. Тұрмыс деңгейін көтеру, жаңа жұмыс орындарын ашу біз үшін негізгі әрі өзекті мәселе болып саналады. Әсіресе, ауыл мен қала халқының қарым-қатынасының негізі болып саналатын жолдардың, мектептер мен ауруханалардың құрылысы мен жөнделуіне айрықша көңіл бөлу, әр отбасының жақсы тұрмысын қамтамасыз ету арқылы жалпы еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға ат салысатынымыз сөзсіз.

Осыған орай тағы бір мысал, Егіндікөл ауданының Егіндікөл ауылының су құбырлары 90 пайызға ескіргені, жеке учаскелерде судың 50 пайызға дейін жай ағып кету проблемасы көп жылдан бері тұрғындарды қатты алаңдатып келген-ді. Су таратқыштың республикалық маңызы болғандықтан, біз Парламент пен атқарушы органдарға депутаттық сауал жолдап, бұл мәселенің де оң шешілуіне қол жеткіздік. Осылайша 2022 жылы ұзындығы 95 шақырым су таратқышты күрделі жөндеуден өткізу үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлінетін болды. Айта берсек мұндай мысалдар өте көп. Ең алдымен, мәслихат жұмысында жедел шешімін қажет ететін мәселелер алға қойылады. Одан басқа, депутаттар өтінішпен келген әр сайлаушыны қабылдап, өз көмектерін аямайды.

Ауылдарда Қарттар айлығы, жай күндері болсын, осы санаттағы кісілерге шамалары келгенше отын, шөп түсіруге, азық-түлік әперуге үнемі көңіл бөледі. Әр мереке де өзінше аталып өтіп, «Мектепке жол», Ұлы Жеңіс мерекесі секілді атаулы күндері сый-сыяпаттар ұйымдастырылады.

Биылғы 2021 жыл – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы біздің еліміз, Ақмола, Көкше өңірлері үшін тағы бір жасампаз еңбек пен жетістіктер жылы болды. Осы уақыт аралығында біздің мәслихаттар, бүкіл депутаттар корпусы да атқарушы органдармен қоян-қолтық жұмыс істеу арқылы қуатты, бәсекеге қабілетті, демократиялық Қазақстанның дамуын жеделдете түсу жолында аянбастан іргелі істер атқарды. Бәрімізге күш-жігер берген Мемлекет басшысының Жолдауында алға қойылған тың міндеттер осы істердің өрісі тіпті кең болуына одан сайын серпін бере түсеріне сенім мол.

Мұрат БАЛПАН,
Ақмола облыстық мәслихатының хатшысы

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар