Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
  Бас жүлде  – «Сәкен ауылында»! - АРҚА АЖАРЫ

  Бас жүлде  – «Сәкен ауылында»!

Наурыз мерекесі қарсаңында халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын насихаттау мақсатында Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы тұңғыш рет  өзіне қарасты төрт мекеме – Ақмола облыстық тілдерді оқыту орталығы, облыстық «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесі,  жастар ресурстық орталығы және «Ақмола-Тіршілік» серіктестігінің ұжымдары арасында «Ұлыстың ұлы күні – наурыз!» атты  байқау өткізді.

Байқауға қатысқан ұжымдар да іс-шараға аса жауапкершілікпен, зор ыждаһаттылықпен дайындалғандықтарын аңғартты. Төрт мекеменің ұжымы ата-баба дәстүрімен  ақ дастархан жайып, ән мен жырдан шашу шашты. Абыз ақсақалдар бата беріп, қазақтың әуелеген ән-күйі шарықтап, көңілдерді көркем етті. Ата-бабаның салып кеткен сара жолы, әжелердің сарқылмас өнегесі, бір сөзбен айтқанда ұлттық құндылықтың ұлылығы паш етілді.  «Өнерді елдің өресі биік» деген сөз осындайда айтылса керек.

Бүрмелі көйлек, үкілі кәмшат киген қыздар, асыр салып асық ойнаған балдырғандар, домбыра шертіп, ән айтқан сері жігіттер, қымыз сапырып, «Наурыз көже» дайындаған ақ желең жеңгелер, төрт ұжымның емес, бір ауылдың баласындай бір шаңырақтың астында бір-біріне ақжарма тілегін, ыстық ықыласын, ізгі ниетін білдіріп, өз өнерлерін бірінен соң бірі ортаға салды.

Байқауда Ақмола облыстық тілдерді оқыту орталығының ұжымы «Қамшы ілу», «Шеге шапан», «Сәукеле», «Қарғы бау тағу»  сияқты ұлттық көне дәстүрлерді жаңғыртып жиналған қауымды тәнті етті.

Байқауда «Сәкен ауылы» айшықты атауымен келген «Ақмола-Тіршілік» серіктестігінің ұжымы «Қазан шегелеу» атты көне дәстүрді ортаға салды. Тарқатып айтар болсақ, «Қазан шегелеу» дәстүрі өздері жақсы танитын, әзіл-қалжыңы жарасқан адамдар бір-бірінің үйіне  бас қосып, «осы үйдің қазанын шегелей келдік» дейді екен. Үй иесі әзілмен «жақсы болды ғой, қазан шегелейтін шебер іздеп отыр едік», деп қонақжайлылық танытып, оларға қазан көтереді. Яғни, қазан шегелеу– қонақ бола келдік деген ұымды білдіреді. Қазан шегелеумен басталған «Сәкен ауылындағы» той-думан Қыдыр бабаның ақжарма тілек-батасымен жалғасты. Сонымен қатар, «Наурыз көже» дайындау тәсілі таныстырылып, ауылдағы жеңгелер «қоржын-қалта» таратты. Ауыл балалары асық атып, бір жадырап қалды. «Сәкен ауылында» ақ дастархан басына жиналғандар қазақтың әуелеген әндерін шырқата айтып, отырыстың ажарын аша түсті. Бұл ауылда ұлттық тағылымға толы көркем көріністердің орын алуы да заңдылық. Себебі,  мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы-драматург Жабал Ерғалиұлы бастаған серіктестік ұжымында  ақын-жазушы,  журналистер еңбек етеді.

Бұл байқауда өнер көрсеткен Ақмола облыстық «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық  кеңсесінің  ұжымы да ұлттық дәстүрге уызынан жарыған, атадан – өсиет, анадан – ұлағат көрген өнегелі ұжым екендіктерін аңғартты. Олардың жақсы үрдісін жастар ресурстық орталығының ұжымы жалғастырып әкетті.  Дәулеткерейдің «Көреғұлы» күйін төгілтіп ойнаған Ақкербез Иқатайқызы көремендер көзайымына айналды.

Байқау қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімімен байқауда жүлделі үшінші орынға «Рухани жаңғыру» кеңсесі ие болса, жүлделі екінші орынмен Ақмола облыстық тілдерді оқыту орталығының   марапатталды. Ал, бас жүлде «Ақмола-«Тіршілік» серіктестігінің еншісіне бұйырды. Ақмола облыстық жастар ресурстық орталығының ұжымы ынталандыру сыйлығымен марапатталды. Қазылар алқасының ұйғарымымен байқауда үздік өнер көрсеткен «Ақмола-«Тіршілік» серіктестігіне қарасты «Арқа ажары» газетінің бас редакторы, ақын Қайырбай Төреғожа мен Ақмола облыстық жастар ресурстық орталығының маманы Ақкербез Иқатайқызына «Көрермен көзайымы» аталымы табыс етілді.

Байқау соңында «Ақмола-«Тіршілік» серіктестігінің директоры, жазушы-драматург Жабал Ерғалиұлы осындай тағылымға толы танымды байқау өткізген ұйымдастырушыларға барлық қатысушылардың атынан ақжарма тілек, ақ алғысын айтып, жылы лебізін білдірді. Байқауға қатысушы ұжымдардың барлығы ұйымдастыру алқасының дипломдарымен және ақшалай сыйлықтарымен марапатталды.

                                                               Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,                                      

                              «Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар