«Адам баласы еліктейді, қызығады, ұқсағысы келеді. Соған талпынады. Біз соғыстан кейінгі ұрпақпыз. Сол сұрапыл жылдарды көзбен көрмесек те, оның әсерін, сарқыншақтарын, салған өшпес жарасын сезіп өстік. Неге десеңіз, соғыстан аман- есен келгендердің тән жарасын да жан жарасын да өзім бала кезімде көп көрдім. Он екі мүшесінен сау жері жоқтары да, аяқ-қолдарынан айырылғандары да, бейбіт өмірге бейімделе алмай қиналғандары да баршылық еді ол кезеңде. Бізге, ойын балаларына қызық, медаль-ордендерін тамашалаймыз, балдақтарын қызықтаймыз, әңгімелерін тыңдаймыз.
Бала күнімде арманымда шек болмаушы еді. Көрген де, көрмеген де нәрсемді армандай алушы едім. Өсе келе, адамның ақыл-ойы толысып, өмірді шынайы бейнесінде қабылдай бастайтындықтан, арманыңның бағыты да өзгеруі мүмкін. Арман – сәттілікке бастар жолдың алғашқы баспалдағы. Менің де арманым болды. Армандар орындалады деп сенетінмін. Үкілеген үміттің рахатына бөленіп, өмірдің тәттілігін сезіндіретінін “арман” атты құндылықтың нарқын біліп, аппақ арманның иесіне айналудан қорықпадым. Мені өскенде кім боламын, қандай мамандықты таңдаймын деп көп ойланған жоқпын. Осы бір соғыстың қасіретіне ұшырағандарды емдегім келді, «дәрігер болсам осы батыр аталарымның бәрін емдеуші едім, бәрі де жазылып кетер еді» деген бала қиял ойымнан кетпейтін. Ол кездегі балалар бәрі танкист, ұшқыш болғысы келеді. Геройлары Чкалов, Чапаевтар. Маған дәрігер болам десем ешкім сенбейтін. Дәрігер дегеніміз елде тапшы. Жұрт көбінесе емші, тәуіп, сынықшы, құмалақшыларға жүгінеді. Мамандық таңдау өміріңнің бір кірпішін дұрыс қалау деп түсінемін. Өзің айналысқың келетін жұмысты таңдау ғана емес, өзің араласқың келетін ортаны да таңдау деген сөз. Өмірде адам екі нәрседен қателеспеу керек. Біріншісі жар таңдағанда, екіншісі мамандық таңдағанда. Өмірден өз орнымызды тауып, адал еңбек ету әр адамның арманы деп ойлаймын. Әрине, әр адамның да таңдауы әр түрлі. Мамандық таңдауда қателесуге болмайды, өйткені, әрбір адамның болашағы таңдаған мамандығына байланысты болмақ. Болашағымды таңдаған мамандығыммен байланыстырамын. Ол үшін мен ең алдымен, сабағымды жақсы оқып, медициналық институтқа түсуім қажет деп мақсат қойдым».
Міне осы сөздерден-ақ Серік ағамыздың бүкіл болмысы, өмірлік ұстанымы, өз ісіне деген ұмтылысы тайға таңба басқандай анық көрініп тұрған жоқ па?! Ағамыз сонау 1952 жылы Еңбекшілдер, қазіргі Біржан сал ауданында дүниеге келген. Бұл ел небір асыл адамдар шыққан, талай тұлғаларға бесік болған киелі де қасиетті өлке. Біржан сал, әйгілі «Жас қазақ» әнінің авторы Рамазан Елебаев, алаш қозғалысының белді мүшесі Шарафи Әлжановтың елі. Қазақ еліне Шәйкен молла деген есіммен белгілі, Ресей мемлекеттік Думасына екі рет депутат болып сайланып, мұсылман фракциясында белсенділік танытқан Шәймерден Қосшығұлов Секеңнің тікелей атасы. Ана жылы Парламент делегациясының құрамында Санкт-Петербург қаласындағы Думаның ғимаратында болып, атасының отырған креслосына жайғасқаны бар. Ал, енді аздап шегініс жасайық.
Қарағанды медицина институты еліміздегі іргелі де байырғы оқу орындарының бірі. Тарихын сонау өткен ғасырдың 50 жылдарынан алады, ал, 1970-інші жылдары бүкіл Кеңес Одағына аты шыққан білім шаңырақтарының бірі болған-ды. Міне, Серік ағамыздың таңдауы осы оқу орнына түсті. Ағамыздың өмірбаянында мынадай жолдар кездеседі. «1975 жылы Қарағанды медицина институтының емдеу факультетін, 2006 жылы Көкшетау экономика және менеджмент институтын (КИЭМ) экономист-менеджмент мамандығы бойынша бітірген. Қарағанды қаласында бір жылдық интернатураны бітіріп, Ленин аудандық ауруханасына хирург болып жіберіліп, 1981-1987 жылдары осы ауданның бас дәрігері, 1987 жылы облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас хирургы болып ауыстырылды.
1992 жылы Көкшетау облыстық ауруханасының бас дәрігері болып тағайындалды. Осы жылдар ішінде облыстық ауруханада жаңа экономикалық механизмнің элементтері, ерікті және міндетті медициналық сақтандырудың кезеңдері, экономикалық қажеттілікке байланысты денсаулық сақтау саласын реформалау үдерістері белсенді түрде енгізілді. Соның арқасында аурухана ұжымы бүгінгі күні нарық жағдайында табысты еңбек етуде. Қарап отырсақ қатардағы дәрігерден жаңашыл, жоғары санаттағы маманға дейін, ғылыми, дәрежесі профессорлыққа дейін көтерілген екен.
Дәрігер – ол өзінің адамдарға берген шипасы, адамды сауықтырып, адамдарды өмір сүруге күш салатын жандар деген абзал атқа ие мамандық. Сондықтан, ақ халатты абзал жандар деп халқымыз жәй айтпаған. Адам өміріне деген жауапкершілік, адалдық және үлкен жүрек керектігі сөзсіз. «Адамдарға менің көмегім тисе, мен өзімді бақытты жанмын деп бағалар едім» деген бала кезгі арманы өмірлік қағидаты болып келеді. Ең бастысы, адам еңбекке қабілетті, зейінді болуы қажет және оның мамандығы өзін қоршаған ортаға маңызды, бағалы үлес қосатындай болуы шарт. Өз ісіне сенімді, мамандығын сүйіп таңдаған адам ғана жетістікке жетеді. Адам еңбегінен қуаныш таба білсе ғана, шабыты арта түседі. Зор ықылас, шабытпен істелген іс биігіне жеткізетін қанат. Осынау ғибрат сөздер Серік Әкпенұлы туралы айтылғандай.
Өмір жолын әрі қарай өрбітсек, кейіпкерімізді терең танитындай боласың. Серік Әкпенұлының жетекшілігімен 1996 жылы Қазақстанның солтүстік өңірінде алғаш рет хирургиялық тәжірибеге бауыр ауруларына арналған лапароскопиялық хирургияның бірегей әдісі енгізілді, қазіргі уақытта ол кеңінен қолданылады. Осы кезеңде барлығы 650 лапароскопиялық операция жасалды және ол ұзақ мерзімді нәтиже берді. 1995 жылы ауысымына 150 келушіге арналған консультативтік-диагностикалық емхананы пайдалануға берді, оны ең заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықтады. 1999 жылы облыстық аурухананың материалдары негізінде Санкт-Петербург қаласында медицина ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады. 2003 жылы медицина ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін иеленді. Бірінші басшы ретінде облыстық аурухананың материалдық-техникалық базасын айтарлықтай нығайтты. 2001 жылы офтальмологиялық бөлімшенің базасында көз микрохирургиясы орталығын ашты, гемодиализ бөлімін қайта құрды.
2005 жылы С.Ә.Аяғанов Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып сайланды. Парламент депутаты кезеңінде С.Ә.Аяғанов облыстың бірқатар әлеуметтік-экономикалық мәселелерін, атап айтқанда, ауылдық елді мекендерді, Көкшетау, Степногорск қалаларын сумен қамтамасыз ету мәселелерін шешті. С.Ә.Аяғановтың бастамасымен Ақмола облыстық ауруханасында МРТ, ангиограф сатып алынды, оңалту орталығы салынды. 2011 жылы депутаттық қызмет мерзімі аяқталған соң Ақмола облыстық ауруханасының бас дәрігері болып қайтадан тағайындалды. 2012 жылы ауруханада төсек қорын тиімді пайдалану және кардиологиялық науқастарға кешенді жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсету мақсатында бүкіл кардиологиялық қызметті «Жүрек орталығы» оңалту корпусына шоғырландырды. Озық істер мен жаңашылдық тәжірибесі республиканың көп мекемелеріне үлгі де болды. Ә.Аяғанов – жас мамандардың тәлімгері, қала мен облыстың қоғамдық өмірінде өте белсенді және әріптестері мен облыс тұрғындары арасында лайықты беделге ие. Өмір жолының барлық басты кезеңдері көз алдымызда. Ағамыздан «нағыз дәрігер болу үшін не қажет?» деген сұраққа мынадай жауап алдық. Кез келген еңбек сияқты, дәрігерлік мамандықтың да қыр-сырлары, ерекшеліктері баршылық. Ең бастысы, өз ісіңді сүю керек. Бірақ, біз адам өмірі үшін күресеміз. Қазір елімізде маман тапшылығы байқалады. Медициналық білім алған жастар жетерлік, бірақ, олардың барлығы мамандығы бойынша жұмыс істемейді екен. Білім, біліктілік, мейірім, еңбек, адалдық. Бұл дәрігер бойында болатын қасиеттер. Бірақ, бұның бәрінен дәрігерге қажет ең негізгі қасиет –шыдамдылық. Әсіресе, жас мамандарға шыдам мен сабыр бастапқы уақытта тіптен қажет.
Ал, «дәрігерге ең басты қандай қасиеттер керек?» деген сауалымызға, осы саланың қырық жылдан астам жілік майын шағып жүрген ағамыз былай деп жауап берді:
–Ең бастысы науқасқа сенім мен үміт ұялату қасиеті бойыңда болуы қажет. Одан кейін дәрігер адалдығы мен ибалығын, ұятын сақтауы керек. Бұл – әр дәрігердің міндеті. Яғни, дәрігер науқасты қарағанда шектен шықпауы тиіс.
Дәрігер асқан мейірімнің әрі көркем мінез-құлықтың иесі болуы керек. Көркем мінез-құлық – кез келген адамның көркі. Ал, бұл қасиет дәрігерге тән болса, тіпті керемет. Дәрігер науқасқа мейірімділік, жұмсақтық танытып, жылы сөздермен жұбатып, жағдайын сұрап тұруы керек. Дәрігер құпияны сақтау керек. Адам дәрігерге барар жер, басар тауы қалмағанда, тығырықтан жол іздеп барады. Бір адамның ауруы күнәлі істер істегеннен туындауы мүмкін. Сондай жағдайда дәрігерге науқастың күнәларын өзгеге жаюына болмайды. Бұлай жасау – арсыздың ісі. Халал мен харамды, тиым салынған дүниелерді білу – дәрігердің парызы. Ол өз науқасына рұқсат етілген дәрілерді ғана жазып беруі керек. Менің ойымша, дәрігердің жұмысы ғибадат болғандықтан, шын жүректен жасалған ниет керек. Келесі әдеп – оқу, білімін жетілдіріп отыру. Технология да, медицина да күннен күнге дамып жатқандықтан дәрігер үнемі ізденіп, жаңа дүниелерді меңгеріп отыруы керек. Тек өз ісімен айналысу. Егер сен дәрігер болсаң, тек медицинамен айналыс, ғылымдағы танымыңды арттыр. Міне, менің осы ғұмырымда түйгендерім, көргенім, үйреніп, өзіме тағылым алған тәжірибеме сүйеніп білгенім осы.Мен өмір бойы оқумен, ізденумен келемін, әлі де білгенімнен білмегенім көп деп ойлаймын. Оған адам арланбау керек». Бұл жауапқа мен де ойланып қалдым.Қандай қарапайымдылық. Қарапайым сөздер. Ұлылықтың, мансап- атақтың, тоқмейілсудің ізі де жоқ.
Мыңдаған науқастарды кеселінен айықтыруға өзіндік үлес қосып, жүздеген, мыңдаған адамдарды емдеген дәрігер ағамыз алдына көмек сұрап барғандардың бетін қайтарып көрмепті. Өзінің қоғамға қызмет етуде ең әуелі қарапайым адамгершілік ұстанымдарын жоғары қоятындығынан да ақ халатты дәрігеріміздің қандай қызметкер екенін байқауға болады.
Өзінің көп жылғы еңбегінің нәтижесінде Серік Әкпенұлы көптеген марапаттауларға ие болып келеді. Тағы да өмірбаяндық бетке жүгінейік. «Парасат» (2009 ж.), «Құрмет» (2002 ж.) ордендерімен марапатталған. «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001 ж.), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005 ж.), «Қазақстан Республикаларының Парламентіне 10 жыл» (2006 ж.), «Астананың 10 жылдығы» (2008 ж.), «Денсаулық» (2008 ж.), «Кәсіподақ қозғалысының үздігі» (2002 ж.) төсбелгілерімен, «Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл» (2014 ж.) мерекелік медалдарымен марапатталған. «Көкшетау қаласының Құрметті азаматы» (2013 ж.)
2021 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетіне «хирургиялық пәндер» кафедрасының меңгерушісі қызметіне шақырылды.
Адам денсаулығының сақшысы Серік Аяғанов өзінің ақ адал еңбегімен көпшіліктің қошеметіне бөленіп жүр. Қаншама жанның өміріне арашашы, дертіне дауа табушы маман иесіне әрқашан сенім артамыз. Ақ жүрек пен аялы алақан иесінің жетпіс жылдық мерейтойы құтты болсын демекпіз.
Марат СЫРЛЫБАЕВ,
Шоқан Уәлиханов атындағы
Көкшетау университетінің ректоры.