Кітапхана – руханияттың алтын ордасы. Біз өмір сүріп жатқан қазіргі кезең – адамзат үшін технологиялық жетістіктердің ғасыры. Баяғыдай емес, қазіргінің жастарында кітап оқуға деген құлшыныс төмен. Оған бір себеп, әрбіріміздің қолымыздан түспейтін смартфондар мен гаджеттер. Осы бір тәуелділіктен арылып, рухани біліміңізді шындап, тіліңізді байытқыңыз келсе, кітап оқуыңыз керек.
Оқырманды кітапханаға тарту және онымен кітапхана арасындағы тығыз байланысты сақтауда ең маңыздысы – көпшілік жұмыстар. Осы бір рухани байлықты тереңдете оқыту мен насихаттау кітапхана қызметкерлері үшін қашанда басты міндет болып табылады. Өскелең ұрпақтың талаптарын қанағаттандыру, рухани жан-дүниесін байытып, қабілетін дамыту ісіне кітапхананың қосар үлесі мол.
Сондықтан да, биыл Шағалалы жоғары агротехникалық колледжі кітапханасының оқырман залында өткізілген бірқатар ауқымды іс-шараларға тоқтала кетсем деп едім. Әсіресе, «Фариза – поэзия ханшайымы» мәнерлеп оқу сайысы, «Жыр алыбы – Жамбыл» атты әдеби-танымдық кеш, «Кітапхана – рухани қазына» атты оқырман сайысы осы біз айтқан мақсат-мұратқа қызмет етті деп ойлаймын. Бүгінгі кітапхананың алдына қойған мақсаты бар мүмкіндікті пайдалана отырып, әрбір іс-шараны түрлендіре өткізу. Заман ағымына лайық болуды мақсат еткен кітапхана қызметкерлері жұмыстың дәстүрлі әдістерін сақтай отырып, жаңа технологиялар мен заманауи бағыттарды да игеру үстінде. Оқырмандардың мүдделерін ескере отырып, кітапханашылар бұқаралық жұмыстың жаңа формаларын жүзеге асыруда.
Қазіргі қоғамда компьютердің бәсі бәрінен жоғары болғанымен, кітапханалар рухани-мәдени азық берудің бірегей мекені қызметін әлі де атқарып отыр. Көзі ашық, көкірегі ояу әрбір жанның табан тірер жері – кітапхана. Қазіргі білім беру ұйымдарының кітапханалары мұғалімдердің кәсіби өсуіне және оқушылардың білімінің артуына, сондай-ақ, ата-аналардың педагогикалық білігінің көтерілуіне тікелей әсер етіп отырған ақпараттық орталық. Сонымен бірге, мәдени-ағартушылық, ғылыми-зерттеушілік және әдістемелік-ақпараттық жүгінің де бар екенін ескеруіміз керек. Осыған байланысты келешекте қоғам қажеттілігін барынша қанағаттандыру үшін кітапхана саласында мынадай міндеттер шешілуі тиіс.
Біріншіден, компьютерлік техника, интернет пен телекоммуникациялық желілерді, мультимедиалық электрондық оқулықтар мен оқу құралдарын, көркем әдебиет кітаптар мен оқу-әдістемелік құжаттарды кітапханашылар тиімді пайдаланулары керек. Екіншіден, кітапханашының шығармашылық әлеуетін дамытуына, оның шығармашылық әрекет арқылы кітапханалық білім берудің сан түрлі әдістерін игере білуіне қол жеткізген жөн. Үшіншіден, тұлғалық және интеллектуалдық дамуға жол ашу, осыған сәйкес, кітапханашы өзінің кітапханалық қызмет көрсету әрекетіне баға беруін ойда ұстауымыз қажет. Жалпы, кітапханашы дегеніміз білім жолындағы білім мен тәрбие үрдісінің концепциясын жауапкершілікпен қадағалап дәріптеуші, жаңалықтың жаршысы, елімізде болып жатқан оқиғалардың насихатшысы. Сондықтан да, кез-келген кітапхана ұжымы оқырмандарға қалтқысыз қызмет көрсету аясын кеңейту жолдарын іздестіріп, әрбір қазақстандық азаматтың рухани өсуіне тиісті үлес қосқаны абзал.
Гүлхан ЛҰҚПАНҚЫЗЫ,
Шағалалы жоғары агротехникалық
колледжінің кітапханашысы.
Зеренді ауданы.