Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ізгілік пен игіліктің негізі – көркем мінез таныту - АРҚА АЖАРЫ

Ізгілік пен игіліктің негізі – көркем мінез таныту

Мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айы аяқталды. Отыз күн оразада өзін ішіп-жеуден, ғайбат сөзден, теріс қылықтардан тыйған жандарға Рамазаннан кейінгі айларда да иманды сақтау маңызды екені айтпаса да түсінікті. Осы орайда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілі Ағабек Қонарбайұлы оразадан кейінгі уақытта да сауапқа кенелуді тоқтатпау үшін мұсылман адамның қажетіне жарар он кеңесін ұсынады.

Нәпіл (ерікті) ораза

Оразаны тек Рамазанмен байланыстыру әбестік. Пендені шектен тыс қалауы сәт сайын түрткілеп тұрады. Ендеше, оған қарсы күш – тек ораза. Рамазаннан өзге де кезеңдерде ораза ұстаудың өзіндік мәні зор.

Ұдайы Құран оқып тұру. Оның өзімізге, өзгеге, отбасына, қоғамға пайдасы мол. Әр әрпіне сауап жазылып, Алланың берекеті жауады.

Мешітке бас сұғып тұру. Алланың үйіне кірген жан өзін құрғақ жерден суға түскен балықтай сезінеді. Мешітте оқылған намаздың сауабын санап жатпай-ақ қоялық.

Туысқандармен байланысты үзбеу. Рамазан – ағайынның арасын жақындата түсіп, қарым-қатынасын күшейтетін, тума-туысты, көрші-қолаңды біріктіретін ай. Ауызашар дастарқанында бұған көзіміз жетті. Туысқандармен байланысты үзбеуді тек Рамазанмен шектемеу керек. Ағайын әркез керек. Қуанышы мен қайғысында бірге болу – мұсылманның міндеті.

Қамкөңіл жандармен жиі жүздесу. Рамазан келісімен жетім балалар мен қарттар үйін іздеп кететін әдетіміз бар. Құдды олар бізге 11 ай бойы жайнап, шат-шадыман, бақыттан басы айналып, шаттықта шалқып өмір сүретіндей сезіледі. Басқа кезде уақытымыз жоқ. Әрине, бұл – біздің үлкен сылтауымыз. Рамазанда қамкөңіл жандарды жағалап, қайырлы іс бітіргендей өзімізді ақтағымыз келеді. Қамкөңіл жандармен жиі жүздесу – өз өмірімізге шүкірлік сезімді нығайтпақ. Олардың хәлін білу, мүмкіндігінше көмектесу, садақа, ауызашар беру үшін отыз күн оразаны күту шарт емес.

Рамазаннан кейін де көркем мінез таныту керек. Оразада онша ашуланбаймыз, сабыр сақтаймыз. Санада бір ғана ой қатып қалған: бастысы, оразам бұзылып кетпесінші. Құлшылығымыз қабыл болу үшін айналадағы адамдардың ұсақ-түйек сөзі мен ерсі әрекеттерін елемейміз. Шіліңгір шілденің бір күнін шөлдеп, аш өткізгеннен өзге түк пайда таппағанның сипатынан болып қалмайық деп қорқамыз. Басқа уақытта ашулануға, кек сақтауға, ғайбаттауға болады деген Алладан «рұқсат қағаз» алып қойғандай күй кешеміз. Рамазаннан кейін де көркем мінез таныту – ізгілік пен игілікке жол ашады.

Нәпіл намаз. Өмірден өткен ізгілер «пенде қосымша құлшылығымен, нәпіл ораза, намазымен жаратушыға жақындап, оның рақымына бөленетінін» айтыпты.

Рухани іздену. Рухани ізденіп, діни ілім алсақ, көкейдегі күмән сейіледі, ілім артады, иман күшейеді. «Мұсылманның бір күні екінші күніне ұқсаса – ұтылыста», – депті ғұламалар. Мұны атам қазақ: «Көп тұрған су сасиды», – деп бір ауыз сөзбен түсіндірген.

Әрдайым дұғада болу. Ораза бойы Аллаға дұға-тілекті көбірек айтып, мұң-мұқтажымызбен бөлістік, қажетімізді сұрадық. Рамазанда мейірімді, дұғаны қабыл етуші Алла Тағала басқа айларда да осынау теңдессіз сипатынан айырылған емес, айырылмайды да. Дұға – мұсылманның қорғаны, қаруы, таянышы, сүйеніші. Адамзаттың асылы болған пайғамбарлар да әр ісінде, әр сөзінде дұғаны тастамаған. Мұны қазақ: «Батамен ел көгерер, жаңбырмен жер көгерер», – деп әспеттеген.

Әрдайым Алланы еске алу. Ораза – Алланы көбірек еске алуға жетелейтін құлшылық. Алланы көбірек еске алу адамның бес күндік өмірге келудегі мақсатын айқындап беруге серпін береді.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар