«AMANAT» бастауыш партия тобының, «Жас ұлан» мектеп ұйымының бастамасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру және «Балалар жылы» шеңберінде «Сұңқар» сауықтыру орталығының базасында Көкшетау қаласының №2 мектеп-лицейінің үздіктері мен белсенділерінің дәстүрлі слеті өтті.
Мектеп элитасы форумының жұмысына 5-11 сыныптардан 60 делегат қатысты. Олар оқу озаттары, қалалық пәндік олимпиадалар мен білім турнирлерінің, республикалық, халықаралық, ғылыми-практикалық конференциялардың жүлдегерлері, түрлі шығармашылық байқаулар мен жарыстардың жеңімпаздары.
Слеттің ресми бөлімі барысында делегаттарды марапаттау рәсімі өтті. Олардың қатарында Елбасының қола медалінің иегері Сәния Төленова, Ернар Мұсылманбек, Дарья Верховод, Жанбота Кувашева, Айзия Әлжапарова, Максим Курило, Мадина Талап, Лаура Децель, Меруерт Әпеисова, Никита Колесник, Томирис Құсайын, Богдан Шепилов, Михаил Быков, Антон Григорьев, Сағит Жансұлу, Арина Осыко, Алтынханым Әділбекова, Карина Карпушина, Әлия Жиеналина және тағы басқалары бар. Жыл қорытындысы бойынша үш оқушы – Гаухар Жәкімова, Дарья Симахина және Аяжан Маман «Жыл оқушысы» сертификаттарына және хрусталь кубоктарға ие болды. Бұл жеткіншектер бір оқу жылы ішінде әртүрлі бағыттар бойынша көптеген жетістіктерге жетіп келеді. Солардың ішінде пәндік олимпиадалар, эссе конкурстары, ғылыми және вокалдық конкурстар, дебаттық қозғалыстағы табыстарын ерекше атауға болады. Слеттің ресми бөлімі мектептің ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындыққа жауапкершілігі тақырыбындағы дебаттық турнирмен аяқталды. Пікірталас парламенттік форматта өтіп, ойынға Гаухар Жәкімова, Әлижан Рахман, Анна Зырянова және Ульяна Осиненко қатысты.
Форумның екінші жартысы салауатты өмір салтына арналды. Барлық делегаттар үстел теннисі, волейбол бойынша жолдастық кездесулерге қатысты, бассейінде жүзіп, таза ауада қозғалмалы ойындарға ат салысты. Зеренді курортты аймағының сұлулығына сүйсінді, бұлаққа жорыққа шығып, жартасқа көтерілді, би флешмобына сапқа тұрды. Тоғызыншы сынып оқушысы Томирис Құсайын делегаттарға туған елі туралы ән сыйлады. Сөйтіп, Зеренді жерінде өткен слет оған қатысушыларға ұмытылмас көңіл-күй, жаңа жігер сыйлады.
Қамар Құрманова,
№2 мектеп-лицейінің мұғалімі.
Көкшетау қаласы.